Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

МАҢҒЫСТАУДА ГАЗ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасы бірден 75 теңгеге қымбаттағанына халық наразы. Осылайша өңірде газға қатысты мәселе күрделеніп барады. Энергетика министрлігі газ бағасына электронды сауда алаңындағы бәсекелестік әсер ететінін айтып отыр. Сұйық отынның 25% электронды сауда алаңында сатыла бастаған. Бұған дейін 50-55 тг саудаланған газ құны осылайша бір күнде шарықтап кетті.
“Бағалары қатты көтеріліп барады. Біз мұнайдың үстінде, газлдың ортасында отырған өңірміз. Қалай түсінуге болады? Маңғыстаудың өзіне жетпей жатыр. Кезекте сағаттап тұрамыз. Мынаның шешімі бар ма?”-дейді көлік жүргізушісі Нұрбек Қуанышбекұлы.
Елімізде сұйытылған мұнай газын өндіретін он екі зауыт жұмыс істейді. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, өткен жылда сол зауыттар 3 млн 180 мың тонна өнім өндірген. Ал, электронды сауда алаңында бәсекелестік негізіндегі сауда газ бағасын қалыптастырады деді мамандар. Газ сатушы кәсіпкерлердің электронды сауда заңына өзгеріс енгізу туралы талабы бойынша жергілікті әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және бәсекелестікті қорғау агенттігінен жұмыс тобын құру жоспарланған.
Дәурен Әбілқайыров ҚР Энергетика министрлігінің газ және мұнай-газ департаменті директорының орынбасары:
-Маңғыстау облысының әкімдігіне сұйытылған мұнай газының айналымын бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігі бойынша ұсынымдар берілді. Өйткені, заңнама талаптарына сәйкес, бұл функция жергілікті атқарушы органға бекітілген.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий