Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Ақтөбелік дәрігер 2,5 жылға сотталуы мүмкін

Ақтөбеде жеке клиникада қайтыс болған келіншектің өліміне қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыпталушы акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетерді 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сәбилі болуды армандаған 20 жастағы келіншек гинекологиялық ауруларына байланысты бірнеше ай бойы жеке клиникада емделген. Алайда ем кезінде ол дәріні ауырсынып, ота үстелінде көз жұмды. Сотта белгілі болғандай, 2019 жылдың қазан айында Гүлдана Нұрмағамбетованың жатыр түтікшесінің өткізу қабілеті тексерілген. Дәрігер пациенттің препаратқа аллергиясы бар-жоғын тексерместен, “Метрогил” (Метронидазол) екпесін еккен. Әрі әдетте көктамырға салатын дәріні жатыр ішіне салған. Соның салдарынан марқұм анафилактикалық шок алып,қайтыс болған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, келіншекке алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген. Жедел жәрдем қызметі оған жасанды тыныс алдырып, жүрегіне жанама массаж жасаған. Алайда ол көп ұзамай, бақилық болған. Қайғылы оқиғадан кейін акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетердің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2 наурыз күні өткен сот жарыссөзі кезінде прокурор оны кінәлі деп тауып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
— Сотталушы Ольга Ли-Ко-Шин-Фетердің жасаған әрекеті онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Оны ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ оны 3 жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраймын,-деді мемлекеттік айыптаушы.
Дәрігер өзіне тағылған кінәні мойындамайды. Сот жарыссөзінде ол өзін ақтауды сұрады. Оның адвокаттары да акушер-гинекологтың келіншектің өліміне себепкер болмағанына сенімді. Марқұмның күйеуі де оны кешіретіндігін айтты. Сот жарыссөзі 4 наурыз күні қайта жалғасады.

Комментарий