Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Ерлі-зайыптылардың меншік құқығын реттеу мәселелері

Отбасылық құқықпен реттелетін мүліктік және жеке  мүліктік емес құқықтар мен міндеттер арасындағы арақатынас егжей-тегжейлі Қазақстан Республикасының Азаматтық және отбасылық кодекстерінде қарастырылады.

Ерлі-зайыптылар арасындағы жеке қарым-қатынастар, әрине,үлкен орын алады және өмірлерінде мүліктік қатынастармен салыстырғанда маңызды рөл атқарады.

Дос үшін достық, махаббат, құрмет, қарым-қатынасы құқықтық реттеуге жатпайды. Ерлі-зайыптылардың күнделікті өмірінің мәнін құрайтын көптеген құқықтан тыс қатынастар жатыр. Сондықтан, құқықпен реттелетін ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы арасында жеке қатынастарға мүліктік қатынастарға қарағанда орын едәуір аз бөлінеді.

Ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарының маңызды бөлігі ортақ ерлі-зайыптылық меншікті, ерлі-зайыптылардың меншігін, отбасының басқа мүшелерінің, балалардың, ата-аналардың меншігін қамтитын отбасылық меншік қатынастарын құрайды.

«Адам, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылық болып табылады. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тану, сақтау және қорғау- мемлекеттің міндеті» [1]. 2012 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының Неке (Ерлі зайыптылық) және Отбасы кодексі көптеген отбасылық-құқықтық институттардың мазмұнында өзгеріс енгізді [2].  Отбасылық қатынастарды реттеудің ең керемет әдісінің өзінде: императивтік нормалар отбасылық құқықтық   қатынастарға қатысушы  азаматтардың заңдық маңызы бар мінез-құлқының әртүрлі нұсқаларына жол беретін диспозитивті нормалармен үйлесе бастады.

Қазақстан Республикасының отбасы заңнамаларының мазмұны жалпы бұрынғы Кеңестер Одағының заңнамасымен отбасылық-неке қатынастарын реттеудегі тарихи сабақтастықты сақтап қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан   заңнамасы үшін жаңа институттар мен нормаларды бекітіп алды. Олар неке шарты, алимент төлеу туралы келісім, отбасындағы балалардың құқықтары, отбасына қабылдау, отбасы және т.б. Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасы кейінірек қабылданған ерлі-зайыптылардың және бұрынғы отбасы мүшелерінің тұрғын үй саласындағы мүліктік қатынастарды реттеуге жаңашылдықтар енгізді [3].

Ерлі-зайыптылардың  меншік құқықтары туралы тақырыптың өзектілігі ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарын реттеудің қазіргі проблемаларымен анықталады, мысалы, екі салалық құқықтық жүйенің-отбасылық және азаматтық құқықтық әсерін атап өту қажет. Олардың арасындағы арақатынас туралы мәселе – бұл ерлі-зайыпты меншік институтының да, онымен аралас Азаматтық құқық институттарының да тиімділігін анықтайтын маңызды практикалық тәжірибелік мәселе.

Отбасылық құқықтың қатынастарға байланысты құқықтық проблемалар бұрынғы ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлу; балалардың, ерлі-зайыптылардың, бұрынғы ерлі-зайыптылардың немесе қарт ата-аналардың пайдасына алимент өндіріп алу; бұрынғы жұбайын (зайыбын) және т.б. тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу заң практикасында елеулі орын алады.

Отбасы жанжалдарын шешудің қиындығы бір жағынан, отбасы жанжалдарын шешуге маманданған заңгерлерге деген қажеттілік, әдетте, отбасы тек заңды мағынада ғана болған.  Ал сенім, құрметпен және махаббат қатынастары біржола жоғалған, яғни жағдай айтарлықтай күрделі болған кезде туындайды. Екінші жағынан – мұндай қақтығыстарды шешу заңгерден шын мәнінде энциклопедиялық білімді талап етеді. Осылайша, ерлі-зайыптылық меншіктің барлық мәселесін теориялық және практикалық тұрғыдан шешкен жөн.

ҚР Азаматтық кодексіндегі нормалар қолданысқа енгізілген сәттен бастап көп уақыт өтті, енді нотариаттық тәжірибеде ерлі-зайыптылардың меншік құқығын ресімдеуді регламенттеу үшін олардың жеткіліксіздігі білінуде. Ал, аталған Кодекстің үшінші бөлігін қолданысқа енгізу тек сұрақтар мен мәселелерді шешу үшін қажет еді. Бұрын нотариустар бірқатар проблемаларға тап болған, оларды шешу жолдары заңды жеткіліксіз көрсетілген, тіпті, көрсетілмеген деуге де болады. Қазақстан Республикасының отбасылық кодексінің әрекет етуінен бастап ерлі-зайыптылардың меншік құқықтарын реттеу және мүліктік дауларды шешу саласында айтарлықтай үлкен сот тәжірибесі жинақталды. Сондай-ақ, нотариаттық практика қалыптасты.

Қазақстан Республикасының  отбасылық кодексі отбасы заңнамасымен реттелмеген отбасы мүшелері  арасындағы мүліктік қатынастарға азаматтық заңнама қолданылады, өйткені, бұл отбасылық қатынастардың мәніне қайшы келмейді.

Некеге  қарым-қатынас жасау ерлі-зайыптылардың бірлесіп  мүліктік қатынастарға түсуі олардың заңды некеге отырған кезінен туындайды. Некені бұзуды рәсімдеу, ажырасу, кезінде мүліктерді бөлуге болжамайды және тіпті, бәлкім, жол бермейді деген ой барлығында болуы мүмкін. Және бұл жағдайда әрдайым бейбіт жолмен бөлісе алмайды. ҚР  Отбасылық кодексі некеге тұратын және некеде тұрған ерлі-зайыптыларға отбасылық меншік режимін таңдау құқығын береді –заңды немесе шарттық, неке шарты бойынша. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар мүлкінің пайда болуының бастапқы сәті заңды факт, атап айтқанда неке қиюды тиісті органдарында тіркеу болып табылады.

Заң белгіленген заңды тәртіппен тіркелген қатынастарды ескере отырып, ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігін неке кезінде тапқан мүлік ретінде айқындайды. Белгіленген тәртіпте тіркеусіз нақты отбасылық өмір ерлі-зайыптылардың ортақ меншігін құрамайды, заңға   сәйкес мұндай қатынастар ҚР АК-мен регламенттелмейді.

Ерлі-зайыптылардың меншік құқығы – бұл екі ерлі-зайыптылардың бірлесіп жинаған мүліктерін, сондай-ақ некеге дейін сатып алынған жеке мүліктерін иелену және билік ету құқығы [4,65 б]. ҚР Азаматтық кодексіне сай ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне:

  1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
  2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.

Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киiм-кешек, аяқ киiм және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.

Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.

  1. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгiндегi мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкiндегi өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
  2. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi [5].

Қазақстан Республикасының заңнамасында келтірілген ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің тізбесі толық сипатқа ие емес. Алайда, ол ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің үлгі құрамы туралы ұсыныс береді және бұл тұрғыда ерлі-зайыптылардың арасында туындаған осы мәселе бойынша дауды шешуге көмектесе алады.

ҚР Азаматтық кодексінің   219-бабының 1-тармағында некеде тұрған мүлік бірлескен меншікке жатады деп белгіленген. Некеде отырған кезде сатып алынған, ерлі-зайыптылардың ортақ кірістері есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын заттар ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігі деп танылады. Бұл заттар оларға меншік құқығы бір жұбайға ауысқан кезден бастап бірлескен меншікке айналады. Бұл заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәмілені оның  нотариаттық куәлендіруді, мемлекеттік тіркеуді рәсімдеуді көздейді. Демек, бір жұбайы үшінші тұлғадан мүлікті сатып алған кезде екінші жұбайы да осы затқа меншік құқығына ие болады. Бірінші жұбайда меншік құқығының пайда болуына оның үшінші тұлғамен жасасқан сатып алу-сату, айырбастау және т.б. шарты негіз болып табылады. Ал, екінші жұбайда осы затқа меншік құқығы ерлі-зайыптылардың неке кезеңінде сатып алынған мүлікке бірлескен меншік туралы заңның тікелей көрсетілуінен туындайды [6 , 313 б].

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі басқа да ықтимал обьектілердің қатарында бағалы қағаздарды, пайларды, салымдарды кіргізуге болады. Кредиттік мекемелерге немесе басқа да коммерциялық ұйымдарға енгізілген капиталдағы үлестерді атайды. Ерлі-зайыптылардың қайсысының немесе кімнің атына ақша қаражатын енгізген немесе бағалы қағаздарды сатып алған құқықтық  маңызы жоқ.

Іс жүзінде мынадай сұрақ туындайды: бір жұбайы сатып алған акцияларды, оның ішінде жеңілдетілген жазылу бойынша кәсіпорынды жекешелендіру кезінде бірлескен меншік құрамына қосу қажет пе? Егер бұл бағалы қағаздарды ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезеңде жекешелендірілген кәсіпорынға оның еңбекте қатысуы нәтижесінде алады. Онда олар ерлі-зайыптылар некеде тұрган кезенде жекешелендірілген кәсіпорынға оның еңбекте қатысуы нәтижесінде алса, онда олар ерлі-зайыптылардың бірлескен мүлкі болып табылады  деп пайымдауымыз керек. Егер олар некеге тұрған кезінде сатып алынса, бірақ жұбайының жеке қаражатына сатып алынса немесе некеге турғанға дейін кәсіпорынның жұмысына еңбек еткені үшін тиесілі болса, олар ерлі-зайыптылардын ортақ мүлкіне енгізілуге тиіс емес, өйткені олар неке кезеңінде жинаған жоқ.

Дау болған жағдайда мұндай мүлікті бірлескен меншік деп тану туралы сот шешімі қажет. Егер ортақ ортақ мүлік акциялар, облигациялар, лотерея билеттері және т.б. болып табылса, онда олар бойынша дивидендтер мен ұтыстар да ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігіне жатады. Алайда, егер ерлі-зайыптылар бірлескен меншікті бөлу кезінде бағалы қағаздарды бөлсе, онда ортақ меншік құқығы бөлінгенге дейін жарияланған табыстарға ғана қолданылады.

Заңнамада азаматтық құқық нормаларын отбасылық мүліктік қатынастарға қолдану саласын, оның ішінде неке шартымен реттейтін нақты ажырату жоқ. Осылайша, ҚР Неке (ерлі зайыптылық) және отбасы кодексіне сәйкес мүліктік қатынастарға азаматтық заңнаманың нормалары тек отбасылық қатынастардың мәніне қайшы келмейтін шамада қолданылады. Заң шығарушылардың құқықтық реттеу салаларын айқын ажыратудың орнына шашыраңқы тұжырымдаманы пайдалануы салдарынан іс жүзінде заңгерлер неке шартының қандай да бір ережелерін отбасылық құқықтың жалпы ұстанымдары мен қағидаттарын, өзінің жеке түсінуіне сүйене отырып, түсіндіруге мәжбүр.

Заңмен белгіленген режим негізінде ерлі-зайыптылардың меншік құқықтарын реттеуді талдай отырып, олардың ортақ және бірлескен меншігін ажырату негіздерін нақтылау қажеттілігі туралы қорытынды жасауға болады. Заңда ерді-зайыптылардың бөлек мүлкін пайдаланудан түскен табыстарды бірлескен меншікке жатқызуды білу керек. Ал, кәсіптік қызмет заттарына оларды кәсіби xобби және ерлі-зайыптылардың біреуінің әуестігін ажыратып, мақсатты пайдалану критерийлерін тарату қажет екендігі туралы ережені бекіту қажет. Мүліктің заңды режимі кезінде соңғылары ерлі-зайыптылардың маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін олардың қажеттілігінің критерийіне сүйене отырып, айқындау ұсынылатын сән-салтанат заттары сияқты ортақ бірлескен меншікке жатқызылуы тиіс.

Г.Мейірбекова,

Абай атындағы ҚазҰПУ, «Құқықтану»

кафедрасының қауымдастырылған профессоры

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыздағы. – Алматы: Жеті Жарғы, 2019.-56 б.
  2. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы 2011 жылғ .6 желтоқсандағы Кодексі. – Алматы: ЮРИСТ, 2017. – 168 б.
  3. Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы 2007 жылғы 24 желтоқсандағы Заңы. – Алматы: ЮРИСТ, 2017. – 168 б.
  4. Антокольская М.В. Семейное право. Учебник. – Москва:.Юрист, 2009.- С. – 256.
  5. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы және Ерекше бөлімдері). – Алматы: ЮРИСТ, 2017. – 276 б.
  6. Орынтаев Ж.К., Меирбекова Г.Б. Қазақстан Республикасындағы Отбасы құқығы. –Алматы: Акшағыл баспасы, 2013-256 б.

 

Комментарий