Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырар кез келді    

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі құқықтық негізі 1995 жылы қабылданған  Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Ата Заңның 7-бабының 1-тармағында: “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп көрсетілген. 1997 жылдың 11 шілдесінде “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” заңы қабылданды. Осыған орай, республика аумағында тілдердің қолданылуының  құқықтық негіздері, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттері белгіленді. Аталған заң республика аумағында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін белгілеп берді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ тілінің мәртебесін арттырудың маңыздылығы көрсетіліп, 2020 жылы ел тұрғындарының 95 пайызы мемлекеттік тілді игеру қажеттігі тапсырылды. Өкінішке қарай, осы тапсырма бүгінге дейін өз деңгейінде орындалмауда.

Халқымыздың батыр ұлы  Бауыржан Момышұлы “Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту” дегенді бекер айтқан жоқ. Осы даналыққа сүйенсек,  туған тілімізді білу, оны біліп қана қоймай, ұрпақ санасына сіңіру, дамыту, мемлекеттік деңгейде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету әрбір азаматтың қасиетті міндеттерінің бірі.

Қазақ тілі – барлық мемлекеттік органдардың іс жүргізу саласындағы негізгі тілге айналды. Оған негіз “Тіл туралы” заң талаптары орындалып, осы міндеттерді жүзеге асыру барысында көптеген шаралар  қолданылып, жүзеге асырылуда. Іс қағаздарымен қатар, іскерлік байланыс құжаттарын да мемлекеттік тілге көшіру қазақ тілінің дамуына үлкен ықпал етеді. Айта кетерлігі,   мемлекеттік тілді қолдану аясының тарлығы сот беделінің төмендеуіне елеулі әсері бар.  Сот талқылауында іске қатысатын азаматтарға ана тілінде немесе өзі білетін тілде мәлімдеме жасау құқықтары түсіндіріліп, аудармашы көмегінің қажет немесе қажет еместігі нақтыланады. Қажет болған жағдайда процеске іс аяқталғанға дейін аудармашы тартылады. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің талабына сай, істі сот талқылауына дайындау кезінде  тараптар жазбаша өтінішхат негізінде сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгерте алады.

Соттарда кеңсе құжаттары мен іс, қатынас қағаздары, т.б.  мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бірақ, сот өндірісіне қабылданған азаматтық істер бойынша іс жүргізу тілі талап арыздың жүгіну тілімен анықталады. Бұл заңдылықты көпшілік біле бермейді. Соның салдарынан судьялар істі мемлекеттік тілде қарамайды деген пікірлер туындайды. Жоғарыда айтқанымызды нақтылай түссек, заң талабына сай, алдын-ала тергеу қай тілде  жүргізілсе немесе сотқа талап арыз қай тілде түссе, сот ісі сол тілде жүргізіледі. Бұл заңдылықтар Азаматтық процестік кодексте «Сот ісін жүргізу тілі», Қылмыстық процестік кодексте «Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі» және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «Іс жүргізу тілі» бөліктерімен айқындалған. Өтініштерді қабылдау, тергеу амалдарын жүргізу, хаттамаларды толтыру кезінде бірінші мемлекеттік тіл қолданылуы керек, алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді білмеуіне байланысты ресми тілге басымдық беруде.

Азаматтық процестік кодекс талабына орай азаматтық істер жүргізілетін сот тілі судьяның ұйғарымымен анықталады. Яғни, сот талқылауында іске қатысатын азаматтарға ана тілінде немесе өзі білетін тілде мәлімдеме жасау құқықтары түсіндіріліп, аудармашы көмегінің қажет немесе қажет еместігі нақтыланады. Қажет болған жағдайда процеске іс аяқталғанға дейін аудармашы тартылады. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің талабына сай, істі сот талқылауына дайындау кезінде  тараптар жазбаша өтінішхат негізінде сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгерте алады.

Мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту еліміздің әрбір азаматына байланысты. Қынжыларлығы, сотқа келіп түсетін шағымдардың басым көпшілігі негізінен ресми тілде жазылады. Шағымданушылар арасында ресми тілді білмек тұрмақ, түсінбейтіндері де кездеседі. Тіпті, кейде процесс кезінде екі жаққа бірдей аудармашы керек болып жатады. Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы.

Қазіргі таңда сот саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл тұрғыда Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов  «Мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз, екіншіден, жаза білуіміз керек» деуімен қатар, сот шешімдерінің астарына әркім терең бойлап, логикалық қисынын түсіне алатындай болуы қажеттігін айтқан болатын. Сот шешімін  түсінікті әрі қарапайым тілмен  жеткізе білудің маңызды екеніне назар  аударып, судьяларды бос уақыттарында шешендік өнерді меңгеруге шақырды. Соған орай, Жоғарғы Сот сот шешімі мен үкіміне қойылатын тілдік талаптарды күшейтіп, нормативтік қаулылар қабылдады. Мемлекеттік тілдегі сот актілеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Бұл шаралар нәтижелі жүзеге асуда.

Әрине, әр істі қарау барысында тілге қатысты өзекті мәселелер жоқ емес. Мысалы, іс жүргізу заңнамасына сәйкес, сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін іс материалдарын зерттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Яғни, ерекше көңіл аударатын мәселе – ол қылмыстық, азаматтық істер бойынша сарапшы сараптамалық қорытындылар дайындайды, бірақ, кейбір мемлекеттік тілде жүргізілген істерге сараптаманың қорытындысын мемлекеттік тілде бермейді. Бұндай мәселелер, тек қана қылмыстық емес азаматтық істердеде жиі кездесетін жәйт. Сондықтан да, егерде іс мемлекеттік тілде жүргізілсе, ондай кезде сарапшының сараптама қорытындысы да мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс. Егер ол сарапшы мемлекеттік тілді білмейтін болса, сараптама қорытындысын дайындау барысында іске тілмашты қатыстыруы керек және ол тілмаш, тек қана мемлекеттік тілді меңгермей немесе мемлекеттік тілге аудара салмай қорытынды берілген саланы жақсы білуі керек және дұрыс емес аударған жағдайда жауапкершілікке тартылатындығы туралы  ескерту қажет, сонымен қоса, оның жоғары арнайы білімі бар және сол іске оның ешқандай қызығушылығы жоқ, тұлға болуы қажет.

Біз болашақта сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді шындап ойлайтын болсақ, онда құқық қорғау органдары өз жұмыстарының қорытындысында мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы есеп беруі міндет. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша  ведомстволық жоспарлар құрылған, ал, әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты тек қана заң нормаларын сақтау, азаматтардың тіл таңдауға деген құқығын бұзбай оны дұрыс қолдану.

Мемлекеттік тілді үйрену, оны дамыту, қолдану аясын кеңейтуге атсалысу әр адамның азаматтық борышы. Болашақта мемлекеттік тілді, тек қазақтар ғана емес, республикасымыздағы әрбір азамат меңгеруге тиіс, оны оқып үйренуге осы бастан талпыныс жасауы қажет. Бұл туралы Қазақстанның 2030 жылға арналған даму стратегиясында бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі замаңғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болатыны, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей меңгеріп, бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі  әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатыны жөнінде үлкен сеніммен айтты. Бұл үддеден шығуға біз бүгіннен дайын болуымыз керек. Сот тіл заңдылықтарының сақталуына кепілдік беріп қана қоймай, мемлекеттік іс жүргізуді сапалық белеске көтеруге бағыт алып отыр. Оған барша сот қызметкерлері белсенді атсалысады деген сенімдеміз.

Қай салада болмасын мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өрісінің кеңуіне ең алдымен қарапайым азаматтардың өздері мүдделі болуға тиіс. Әсіресе, Елбасы айтқандай, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» біраз мәселе оң шешімін табар еді. Ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтқан сөзімен түйіндесек, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді».

Ғалия Оңланбекова,
Бостандық аудандық сотының судьясы,
 заң ғылымының докторы

Комментарий