Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Медиацияның шетелдерде жүзеге асу жолдары

Дауларды баламалы реттеу тәсілдеріне көп көңіл бөлінсе, солардың бастысы – медиация. Медиация тәсілінде тараптар өзара келіспеушіліктерін медиатордың, яғни, іске  мүдделі емес, бейтарап тұлғаның көмегімен шеше алады.  Біздің елімізде медиация мәселелеріне арналған Медиация туралы  жеке заң 2011 жылджұмыс істейді. Осы Заңда медиацияның негізгі қағидаттары мен рәсімдері, сондай-ақ, мақсаттары реттелген. Әрі мұнда  медиация және медиатор ұғымдарына жан-жақты анықтама берілген. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің тұтас бір тарауы медиация мәселелеріне арналған.

Алдымен медиатор кім бола алады деген сұраққа келсек, “Медиация туралы” заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, тараптард келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатор функциясын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиация Қазақстанға ғана емес, басқа да көптеген құқықтық жүйелерге тән әлемдік құбылыс. Мысалы,  батыс тәжірибесінде ADR (Alternative Dispute Resolution) термині қолданылады. Бұл термин сот талқылауына жүгінбей-ақ тараптар арасында келісімге қол жеткізуді мақсат ететін дауларды шешу бойынша рәсімдер мен техникалардың кең спектрін білдіреді. Атап айтарлығы, бұл тәсіл ұжымдық тұрғыда дауды үшінші тараптың қатысуымен шешуді қарастырады.

АҚШ-та медиация коммерциялық дауларды шешуде жиі қолданылады. Медиация тәсілінде құпиялылық сақталатындықтан, оны пайдалану туралы нақты статистика жүргізу қиын. АҚШ-та медиация федералды деңгейде реттелмеген. Сондықтан, мемлекеттер мен жергілікті юрисдикциялардың әрқайсысы өздерінің Медиация туралы ережелерін жасай алады. Медиация рәсімін жүргізу кезінде құпиялылыққа және медиаторды кез келген сот дауларына тартуға тыйым салуға кепілдік беріледі. Егер тараптар Шартта медиативтік рәсімді жүргізу қажеттігі туралы көрсетпесе, медиация тек қана ерікті процесс болып табылады. Алайда, Кейбір юрисдикциялар кейбір отбасылық дауларды шешу кезінде медиацияны талап етеді.

АҚШ – та “телефон” немесе онлайн медиация өте танымал. Бұлар жол жүру шығындары дау сомасымен салыстырғанда тым үлкен болған жағдайларда ұсақ жанжалдарға қатысты қолданылады. Медиаторлардың көпшілігі даулардың осы түрін шешу мақсатында арнайы дайындықтан өтеді. Әрбір адам медиатор бола алады, өйткені, медиаторларға қойылар кәсіби талаптар жоқ. Дегенімен, кәсіби медиаторлар әдетте 30-40 сағаттық дайындықтан өтеді. АҚШ-та медиаторлардың арнайы тізілімі жоқ.

Медиация рәсімін жүргізу кезінде медиатордың өзі өтініштердің немесе тараптармен алдын ала кездесудің сұрақтарын шешеді. Процесс тараптардың санын және әрбір нақты істің күрделілігін ескере отырып жасалады. Құжаттармен алмасу, өтініштерді ашу, сондай-ақ, күннің ыңғайлы уақытында тағайындалатын жеке немесе бірлескен кездесулер болады. Еуропада медиация мәселелеріне қатысты арнайы директива, яғни, Еуропалық парламенттің және азаматтық және сауда істері бойынша медиацияның кейбір аспектілері жөніндегі кеңестің 2008/52/ЕО директивасы бар. Онда медиацияның қолданылу аясы, медиацияның сапасы, соттар және медиация, медиацияның нәтижесі болып табылатын келісімдерді орындау мүмкіндігі, құпиялылық, медиацияның талап қою мерзіміне әсері сынды мәселелер қарастырылған. Аталған директива қатысушы елдерге Медиация ресурстарын пайдалануға ықпал ету мақсатында қабылданды. Бұл мақсатқа бес негізгі ережені белгілеу арқылы қол жеткізіледі.

Біріншіден, әрбір қатысушы ел медиаторларды оқытуға ықпал етуге және медиацияның жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиіс. Екіншіден, әрбір судья, егер істің мән-жайларын негізге ала отырып, қажет деп тапса, дауды медиация тәртібімен шешуді тараптарға ұсынуға құқылы. Үшіншіден, егер екі тарап та мұны талап етсе, медиация нәтижесінде жасалған келісімдер орындалуы мүмкін. Орындауға, мысалы, сот немесе нотариус арқылы қол жеткізуге болады. Төртіншіден, медиация құпия болуы керек. Бұл медиатордың медиация рәсімін өткізу кезінде болған мән-жайлар туралы сотта куәгер ретінде әрекет етуге міндетті еместігін білдіреді. Бесіншіден, тараптар медиация рәсімін жүргізгеннен кейін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырылмайды. Медиация рәсімін жүргізу кезеңі талап қою мерзімін есептеу кезінде есепке алынбайды. 2008/52/ЕО директивасы Еуроодақ елдерінде медиация рәсімдерін біркелкі қолдануға ықпалы зор.

Еуроодақтың классикалық юрисдикцияларының бірі Франция. Бұл елде  медиация рәсімі бұрыннан белгілі болғандықтан, тараптар оны жиі қолданады. Франциядағы коммерциялық медиация – келісім негізінде медиация және соттың бастамасы бойынша медиация болып екіге бөлінеді. Осы екі түрі де тараптардың келісімін талап етеді. Францияда медиация міндеттелмейді. Дегенмен, бұл процедураны соттар мен заңдар белсенді түрде алға тартады.

Медиация кезінде соттың бастамасы бойынша сот іске өзінің ықпалын сақтайды және қажетті өкімдер бере алады. Медиатор табысты медиацияға қол жеткізу бойынша “барлық күш-жігерді қабылдауға” міндеттенеді. Келісімге қол жеткізбеу, бұл ретте, қолайсыз қаржылық салдарларға әкеп соқпайды. Медиация, кейбір жағдайларды қоспағанда, құпия болып табылады. Медиация нәтижелері бойынша жасалған келісімдерді орындау әдеттегі шарт секілді немесе келісімді соттың тану тәртібі арқылы жүзеге асырылады.

Францияда жеке және заңды тұлғалар медиатор бола алады. Медиатор заңды тұлға болған жағдайда ол медиация рәсімінде өкіл болатын жеке тұлғаны бекітуге тиіс. Шарт негізінде медиацияны жүзеге асырған кезде рәсім тараптармен келісіліп, оны медиатор бекітеді. Бұл жағдайда азаматтық процестің нормалары қолданылмайды, дегенмен, медиатордың бейтараптығы қағидатын сақтау маңызды ереже болып табылады, оны бұзу медиацияның нәтижесіне әсер етуі мүмкін.

Тағы бір тоқталарлығы, тараптар медиация орталықтарының бірі, мысалы, Париж төрелік және медиация орталығы әзірлеген ережелер жиынтығына сілтеме жасай алады.

Соттың шешімі бойынша медиация жүргізілген жағдайда, егер тараптар даудың бүкіл немесе бір бөлігін медиация тәртібімен қарауға беруге келіссе, сот медиаторды дербес тағайындайды не медиаторды тағайындау үшін қауымдастықты тағайындайды және бұл жағдайда судья бұл тағайындауды растауға тиіс. Медиация туралы қаулы шығарған кезде судья медиацияны жүргізу мерзімін де белгілейді. Францияда медиативтік рәсімді жүргізуге ең ұзақ үш ай мерзім көзделген, бұл медиатордың өтініші бойынша сол мерзімге бір рет ұзартылуы мүмкін. Францияның Азаматтық іс жүргізу кодексінде  медиация рәсімін реттейтін арнайы нормалар көзделмеген. Медиатор тергеу өкілеттігінің құзыретіне ие емес, бірақ, тараптардың келісімімен өз еркімен әрекет ететін үшінші тарапты тыңдай алады.

 

Әсел Медетбекова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий