Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН − ӘЛИЯ

Сот залы. Жиналғандар үнсіз ғана сот үкімін күтуде. Орындықтардың дәл алдында, «баламның тағдыры не болады» деп алаңдаған ақ жаулықты ана отыр. Заң алдында бәрі бірдей. Қылмыстың өтеуі – жаза. Көп кешікпей хатшы судьяның келе жатқанын хабарлады. Бәрі орнынан тұрып, құрмет білдірді. Судья қадамын нық басып келеді. Дегенмен ішкі жандүниесі алай-дүлей. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешім шығару мүмкін бе? Көп сұраққа жауап таппай, айыптының анасына да жаны ашып тұр. Әйтсе де, бойындағы нәзіктік, жүрегіндегі аяушылықты жиып қоюы керек. Мінберіне жайғасқан судья сот үкімін өктем дауысымен оқыды. Ағаш балғасы «тарссс» етті…
Бұл біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаева түйіндеген бір ғана іс. Әлия сот жүйесінде 1998 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Сырдария аудандық сотында сот отырысының хатшысы болып бастады. Әр жылдары Қызылорда қалалық, облыстық соттарында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарған. Кейін саладағы ізденісін арттырып, Әділет біліктілік алқасына емтихан тапсырып, судья лауазымына резервке алынды. Сот жүйесінде он алты жыл табан аудармай қызмет етіп келе жатыр, 2014 жылы Президент Жарлығымен Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының судьясы болып тағайындалды. Әлия еңбекқор ғана емес, барлық істе белсенді жан. Бұл қырларын аңғарған басшылық оны аудандық сотта жалпы юрисдикция сотының судьясы ретінде еңбек етумен қатар, елімізде тұңғыш енгізілген тергеу судьясы институтының үш жыл қатарынан тергеу судьясы етіп бекітті. Мұнан өзге баспасөз-үйлестіруші, Қызылорда облыстық сотының Аймақтық оқу орталығы үйлестірушісінің оңтүстік өңір бойынша көмекшісі қызметтерін қатар алып жүрді. Соңғы 3 жылда Қызылорда облысы соттарының Судья әдебі жөніндегі комиссиясының мүшесі. Бұл қызметтерді жетік меңгергенінің нәтижесінде, Әлия Бердібекқызы облыстық сотпен ұйымдастырылған баспасөз қызметін үйлестіруші судьялар арасында өткізілген сайыста жүлделі екінші орынды иеленген. Әріптестер арасында өз орнын тапқан Әлия Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандық соттары судьяларының біліктілігін арттыруға
бағытталған оқып-үйрену шараларын ұйымдастырып, білімдерін жетілдіруге өз үлесін қосты. Халқымызда «Тектіден текті туады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әлияның әкесі Бердібек пен атасы Шаймағанбет те ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарған. Ал жетінші бабасы Жәрімбет би Сыр бойына белгілі би, әулие болған кісі екен. Ол кісінің ел арасындағы дауларды шешудегі турашылдығы, әділдігі ел аузында аңыз болып әлі күнге дейін айтылады.
Ауыл тұрғындары өздерінің арасында туындаған кикілжің, даулармен Әлияның атасына, ол кісі дүние салған соң әкесіне жүгініп, өз кезегінде ол кісілердің дауға билік айтып, дауласушы тараптарды татуластырып жіберетін сәттері жас судьяның балалық шағының тәтті естелігі. Әлия Түбекбаева – Жалағаш ауданы Аққыр ауылының қызы. Ол өзінің құқық саласындағы әділ де жемісті еңбек етуін бойындағы ата-анасы берген тәрбиемен байланыстырады. Әкесі Бердібек Шаймағанбетұлы, анасы Жүрсін Әбіләкімқызы саналы ұрпақ тәрбиелеп, жеткізген ұлағатты жандар. Әлия білімді де, білікті жан. Алғаш ауылындағы №188 орта мектепте және Қызылорда қаласындағы №1 қазақ гимназиясынан білім алған. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетін, кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің заң
факультетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы мамандығы мұғалім болғандықтан шығармашылыққа жаны жақын. Республикалық, аудандық басылымдарға халықты құқықтық сауаттандыру мақсатында мақалалар жариялап отырады. Жаңа қабылданған заңнама талаптарын
халыққа түсіндіру, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуде елмен етене байланыста. Бос уақытында кітап оқып, ән салады. Әлия қай істі қолға алса да өзінің табандылығымен тас түйін етеді. Бүгінде аудандық сотта сот төрелігін жүзеге асырумен қатар түрлі құқықтық насихаттар, мәдени-спорттық іс-шараларды шебер ұйымдастырады. Атап айтқанда, отбасылық сот пилоттық жобасы аясында «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбындағы, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында медиация күніне арналған түрлі шараларды өткізіп, халықтың сотқа деген сенімінің артуына үлес қосып келеді. Сондай-ақ, соңғы екі жыл қатарынан Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында ауданның құқық қорғау, прокуратура, сот саласының, т.б. орган өкілдерінің қатысуымен спорттық ойын түрлерінен сайыс өткізуді жолға қойды. Кейіпкеріміздің өз қызметіне деген адалдығы, жауаптылығы әркез жоғары бағаланып келеді. Әр жылдары Шиелі, Жаңақорған ауданы әкімдерінің, Қызылорда облысы әкімінің алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағы төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. «Менің арманым – елдің тыныштығы, халықтың бейбіт өмір сүруі. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосу. Халықтың сотқа деген сенімін қалыптастыру, еліме адал қызмет ету», – дейді кейіпкеріміз Әлия Бердібекқызы. Әділдік пен адалдықты ту еткен нәзік жанды сот төрағасына біз толайым табыс тіледік.
Гүлбану МАҚАЖАН
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Комментарий