Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қамбар НҰРЫШЕВ,
Қызылорда облыстық сотының төрағасы

Мемлекет басшысы мен Жоғарғы Сот төрағасының сот жүйесін жетілдірудегі реформаларының басты бағыты – Қазақстанда жоғары сапалы, әділ сотты қалыптастыру. Сонымен бірге, еліміздің сот жүйесі халық үшін қолжетімді, ашық болуы керек.

Аймақ тұрғындарының сот жүйесінің қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз ету және туындаған құқықтық сұрақтарына тиісті жауап беру мақсатында облыстың барлық соттарында «Ашық есік күндері», сот төрағаларының жеке қабылдаулары өткізіледі. Осы шаралар арқылы біз халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға назар аударып, барынша құқықтық көмек беруге тырысамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирус
індетін пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай және карантиндік шектеулер енгізілгені белгілі. Осы кезеңде Қызылорда
облысының соттары толықтай онлайн форматта жұмыс жасауға көшті. Қалыптасқан қызмет тәртібіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Айта кету
керек, соттарда бұған дейін де сандық технологиялар қолданылып келген. «Ашық есік күндері», сот төрағаларының жеке қабылдаулары онлайн форматта өткізілді. Бүгінгі күні талап қою арыздары, шағым мен сұраныстар «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы қабылданып, сот отырыстары «TrueConf», «WhatsApp», «Zoom» мобильді қосымшаларының көмегімен қашықтан өтуде.
Соттың цифрлы Қазақстан тұрғысында даму қарқыны жоғары. Бүгінгі күні сот жүйесінде сотта қаралатын дауларды барынша азайтуға, жанжалды бейбіт жолмен шешуге басымдық беріліп отыр. Қызылорда облысы соттарында дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институттарының
қолданылуын кеңейту мақсатында мобильдік топ құрылған. Олар халық арасында бітімгершілік рәсімдерін қолданудың артықшылықтарын
түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша барлық әкімдіктер жанынан медиация кабинеттері қызмет атқарып отыр.

Дауларды көнекөз қариялардың дана сөзімен шешу бүгінгі күні Билер кеңесі арқылы жүзеге асырылуда. Сот жүйесінде олар дауларды сотқа дейін шешудің баламалы түрі ретінде қолданылып келеді. Соңғы жылдары тараптардың татуласу келісімімен шешілетін істердің саны республика көлемінде артты. Бұл халық арасында дауларды сотпен емес, бітіммен шешу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын, сөзге тоқтау, үлкендерді құрметтеу сынды құндылықтардың әлі де жойылмағанын көрсетеді. Орайы келгенде айта кеткен жөн. Құқықтық сауаттылықты арттыру барысында елімізде көптеген нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Құқықтық көмек жүйесін жетілдіру, оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге шаралар қолданылуда. Бұл шаралар пәрменді болуы үшін олар жүйелі түрде жүргізілуі керек. Адамның құқықтық білімі мен құқықтық тәрбиесі, ішкі нанымы құқықтық мәдениетінің «іргетасы» саналады. Әрине, ол ең алдымен адамның өзіне және отбасынан, ата-анасынан алған тәрбиесіне байланысты. Отанын, отбасын құрметтеген адам заңды ешқашан бұзбайды. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін құқықтық білім беруге көңіл бөлуі тиіс. Әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы жоғары болуы қажет. Ал тұлғаның құқықтық санасы жоғары болса, онда олар тәртіпсіздікке ұрынбайды, қылмысқа бармайды және жанындағылардың да теріс жолға түспеуіне әсер етеді, заңды сақтайды, қоғамға, қоршаған ортаға қауіптілігін туғызбайды. Сондықтан мемлекет үшін басты құндылық – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Комментарий