Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

СУДЬЯЛАР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСКЕ НЕГЕ АЗ ЖҮГІНЕДІ?

Елімізде соттардың Конституциялық сотқа жүгіну тәртібін жетілдіру керек. Бұл жөнінде «Конституциялық Кеңесте жалпы юрисдикция соттарының ұсыныстарын қарау» тақырыбындағы онлайн режимдегі халықаралық дөңгелек үстелде айтылды. Алқалы жиынды Конституциялық Кеңес Венеция комиссиясымен бірлесіп, Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі 2020–2023 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырған болатын. Қатысушыларға Венеция комиссиясының Президенті Джанни Букиккио және Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен құттықтау сөз сөйледі. 
Жиын тізігінін ұстаған Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, Қазақстан Конституциясында азаматтардың Конституциялық Кеңеске Республика соттары арқылы жанама түрде жүгіну тетігі дәйектелген. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл институттың қазіргі жұмыс істеу деңгейін жағымды деп айту қиын. Соттар құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру жөнінде ұсыныстармен жиі жүгіне бермейді. Былтырғы жылы бұл мәселе бойынша жекелеген Парламент депутаттарының бастамасымен заң жобасы дайындалды. Шетел тәжірибесінде азаматтарға өздерінің құқы мен бостандығын қозғайтын заңдардың конституциялылығын тексеруге бастама жасауға мүмкіндік беретін конституциялық шағымдар кеңінен таралған. Бұл институт өз деңгейінде тиімді жұмыс істейді. Венециялық комиссия Қазақстан бойынша жасаған қорытындыларында құқықтық актілердің конституциялылығына баға беру бойынша Конституциялық Кеңеске жүгінетін субъектілер санын арттыруға кеңес берді. 2007 жылы комиссия мұндай құқықты адам құқығын қорғау өкіліне беру туралы ұсыныс енгізген. Бұл идея омбудсмен туралы арнайы заң дайындалып жатқанда айрықша назар аударуды қажет етеді. Әлемдік тәжірибе
көрсетіп отырғандай, адамның құқы мен бостандығының бұзылуы конституциялық талаптарға жауап бермейтін заңдарды қолданудың салдары болуы мүмкін. Осы ретте мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың прогрессивті құралдарының бірі – конституциялық тексеріс. Соңғы 25 жыл ішінде Кеңеске соттардан құқықтың әртүрлі салаларына қатысты 71 ұсыныс түсіпті. Бүгінде судьялар Конституциялық Кеңеске өте аз жүгінетін болған. Мысалы, 2018 жылы 2 рет, 2019 жылы 1 рет жүгінсе, былтыр олардың тарапынан ешқандай ұсыныс түспеді. Ал, өзге елдерде бұл шараның жиі жүзеге асырылатыны байқалады. Мәселен, Францияның Конституциялық Кеңесі 2010 жылдан бастап судьялардың 1000 ұсынысын қараса, Кореяда тек былтырғы жыл ішінде бұл көрсеткіш 1005-ке жеткен. Осындай шараны жүзеге асыруда поскеңестік елдер де бізден алда тұр екен. Айталық, судьялар Конституциялық Кеңеске Молдовада 2019 жылы 192 рет, Әзербайжанда 12 рет жүгініпті. Жиында сөз алған Республикалық Адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі Айжан Сабиринаның айтуынша, бұл шараның аз жүзеге асуына судьялардың Конституциялық Кеңеске жүгінбей, заң мен құқықтық актіні қолдануға болатынын немесе болмайтынын олардың өздері айқындауы себеп. Бұл шын мәнінде азаматтардың құқы мен бостандығын шектеуден өзге ештеңе емес. Өйткені, заңдардың Конституцияға сай емес екендігі жайлы тараптардың ескертуі мен өтініші көбіне назардан тыс қалады. Бұған дәлел ретінде ол жоғарыдағы статистикалық мәліметтерді келтірді. Осының өзі қазақстандықтардың бұзылып жатқан құқықтарының нақты жағдайға сай емес екенін көрсетіп отыр. Мысалы, аталмыш 71 ұсыныстың 31-іне конституциялық өндіріс қозғалмаған. 14-і бойынша белгіленген заңдық үлгі мен мазмұнға сәйкес емес деген қорытынды берілген. Нақты тәжірибе және статистика елімізде азаматтардың құқын қорғаудың тиімді жүйесін құруды көрсетіп тұр. Ал, адвокаттардың статистикалық мәліметтерінде сотқа берілген өтініштердің санын есепке алатын жеке баған жоқ. Бұл талап Жоғарғы Сотта да ескерілмеген. Адвокаттардың конституциялық сотқа жасаған шағымдарының қанағаттандырылуы жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана білуге болады. Оларда адвокаттардың өздері соттардың іс қарау тәжірибесін белсенді түрде бөлісіп
отырады. Сабиринаның сөзінен түйгеніміз, судьялар бастамасы бойынша қолданысқа енген заңдардың конституциялылығын тексеру мүмкіндігін кеңейтудің маңызы зор. Өйткені, күдік туған жағдайда Конституциялық Кеңеске міндетті түрде жүгіну арқылы ғана азаматтардың конституциялық
құқы мен бостандығын нақты қорғауға кепілдік жасауға болады. Заң мазмұнындағы кемшіліктер тәжірибеде, оларды жүзеге асыру барысында айқындалады. Оларды дер кезінде анықтау азаматтар құқын әділ қорғауға жол ашады.
Судьялар Конституциялық Кеңеске назар аударуды қажет ететін шағымдарды жолдауға тиіс. Алайда жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, бұл тетіктің тиімділігі көбіне судьялардың тәуелсіздігі және конституциялық құқық аясындағы кәсіби дайындығының деңгейіне, Конституцияға сай емес заңдарды анықтау қабілетіне байланысты. Венециялық комиссия осы ретте қатысушылардың құқықтық білім деңгейінің әртүрлі екеніне назар аудартып, тараптардың аргументтеріне қатал талап қоймауға кеңес береді. Қазақстанның процессуалдық кодекстерінде судьяға белсенді рөл берілген. Сондықтан судья тараптарға заңдарға қоятын өз талабын
дұрыс көрсетуге, оларды Конституциялық Кеңеске жолдауға міндетті. Осы ретте Нұрмаханов мырза кейбір құқықтанушылардың тараптардың судьяларға Конституциялық Кеңеске жүгінуін талап етуі қате, өйткені, бұл олардың тәуелсіздігі мен дербестігіне қол сұғу екендігі жайлы пікірін
ортаға салды. Дөңгелек үстелде өзге де ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Олардың бәрі азаматтардың Конституциялық Кеңеске жүгіну тетігін әлемдік прогрессивті тәжірибе негізінде жетілдіру қажет деген ортақ тұжырымға тоқайласты. Талқылау бұл тұрғыда бірқатар даулы мәселелерді, олардың шешу жолдарын айқындап берді. Тоқетерін айтқанда, азаматтар құқы мен бостандығын қорғауда Ата Заңнан айнымау, оның талаптарының қатаң сақталуы кез келген мемлекеттің өркениеттік дамуының нақты мүмкіндігі екендігі сөзсіз. Осы ретте жиында айтылғандай Конституциялық бақылау шараларының жетілуі айрықша маңызға ие. Олай болса арнайы құрылған жұмыс тобына айтылған пікірлерді ескеріп, сындарлы жұмыс жүргізу қажет.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий