Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

БОС ЖАТҚАН ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жер мәселесіне нүкте қойды. «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», – деді Қазақстан Президенті.

Шыны керек, бұл талай қазақты қуантқан, сүйіншілеткен жаңалық болды. Өйткені Жер кодексіне енгізілген шектеу 2021 жылдың соңына қарай біткен соң, қандай шешім шығады деген алаңдаушылық әркімнің көкейінде жүрген болатын. Жер қазақтың жанды жері. Ежелден жер дауы десе, есесін жібермеуге тырысатын қазақ жерге қатысты түрлі қауесет шыққан соң тіпті мазасы қашты. Сондықтан бұл көптің көкейіндегі күдікті сейілткен  шешім болды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасау заңнамалық тұрғыдан бекітілгенін, түгендеу барысында анықталған 12,8 млн гектар игерілмеген жердің 7 млн гектары мемлекетке қайтарылғанын жеткізді. Осы орайда айта кетер жайт, жерді бауырға басып алып, «ешкімге бермеймін, өзім де игермеймін» деп отыра беру жер мәселесін одан әрі ушықтырып жіберетінін байқап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта еліміз үшін жерді тиімді игеру мәселесі маңызды болып отыр. Былтыр Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ Конвенциясының ұлттық үйлестірушісі Қайрат Үстеміров «Қазақстанда шөлейттенген жер көлемі жыл өткен сайын ұлғайып барады. Қазір ел территориясының 180 млн гектардан астам аумағы тозған. Еліміздің 70 пайыз жері шөлейттеніп, топырағы тозып кеткен» деп мәлімдеме жасаған болатын. Бір шаршы сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін бірнеше мың жыл қажет екендігін ескерсек, жер мәселесіне мән беретін кез жеткенін түсінеміз. Жалпы шет мемлекеттердің талайы топырақты ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарастыруға көшкен. Ресей ғалымдары жерді тиімді пайдаланып, тозып кетуінің алдын алу үшін «Топырақ туралы заң» қабылдау қажеттігі туралы да ұсыныс айтты. Ал біз әлі күнге «шөп қорыған ит» синдромынан шыға алмай жүрміз…

Жер көлемі бойынша алдыңғы ондыққа кіріп, халық саны бойынша 60 орында тұрсақ та егін егетін жер, мал жаятын жайылым таппай жүрген қазақ көп. Бір өңірде тусыраған жер туырылып бос жатса, ірі елді мекендердің маңында жер тапшылығы көптен бері туындап жатыр. Мал ұстағысы келген ағайын  ауылға ұмтылғанымен, төрт түлігіне жайылымдық, мал азығын дайындауға шабындық жер таппай күйзелуде. Ал егіншілік мәдениетін арттыру, ауыспалы егіс жүйесін игеру, сұрып жаңарту, ғылыми жаңалықтарды қолдану, жайылымдық жерлерді жоспарлау секілді жұмыстар әлі күнге елімізде дұрыс жолға қойылар емес. Жасыратыны жоқ пандемиялық кезеңде әлемнің әр түкпірінде азық түлік тапшылығы сезіле бастады. Мұнай бағасы құбылып қалатын сәттерде де ауылшаруашылығын дамытпай, «мұртымыз майланбайтынын» жиі айта бастадық. Сондықтан қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын екенін сезініп, соған сай әрекет ете алсақ шіркін…

Тоқтасын Елемесов, экономист:

– Жерді тиімді игереміз десек жолы көп. Ол үшін ғылымның жетістіктерін пайдалана отырып, оның өнімділігін көтеруіміз керек. Ал өнімділікті арттыру үшін жерді баптап, тыңайтқыш себуге мән беруіміз қажет. Мысал келтірер болсақ, елі­мізде егістік алқап­тар­дың әр гектарына 6-8 кило ғана тыңайтқыш сіңіріледі екен. Алыс­қа бармай-ақ, іргедегі Ресейге қарасаңыз, бұл көр­сеткіш 45 килоны құрап отыр. Ал АҚШ-та 135 килоны құ­райды екен. Осыдан кейін біздегі өнімділігі төмен жерге не деп өк­пелейміз?! Біз жер-анадан бәрін алғымыз келеді, бірақ бергіміз келмейді. Былтыр мемлекет басшысы «Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет» деген болатын. Мемлекет басшысының осы сөзі халықтың санасын оятса деймін. Жерге жанашыр жандар көбейіп, жерге, қоршаған ортаға қатысты көзқарасымызды өзгертсек жердің игілігін көрер едік.

 

Комментарий