Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЗАҢДЫ БІЛСЕҢ — ЗАРДАП ШЕКПЕЙСІҢ

Талғат ШАЯХМЕТОВ, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі

– Өңірімізде қараусыз малдың кесірінен орын алатын жол апаттары жиілеп кетті. Әсіресе, түнгі уақытта бей-берекет жолға шыққан төрт түлік жүргізушілерге қауіп төндіруде. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін полиция қандай жұмыс атқарып жатыр? Малын қараусыз жіберген азаматтарға қандай жаза қарастырылған? Мал ұрлығына тосқауыл қою үшін не істеліп жатыр?
– Былтыр облыс бойынша мал ұрлығы 12,8 пайызға төмендеген. Ұрлыққа төрт түліктің қараусыз қалуы басты себеп. Мәселен, 2020 жылы еркін жайылымдағы малды ұрлаудың 191 оқиғасы тіркелген. Өзіңіз атап өткендей, малды қараусыз қалдырудың зардабы аз болмай тұр. Жолға шығып кеткен малдың кесірінен жол апаттары орын алуда. Былтырғы жылы осындай 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 1 адам мерт болып, 17 адам жарақат алған. Жасалған мал ұрлықтары, сондай-ақ қылмыс жасау әдісі, тәсілі, уақыты бойынша талдау тұрақты жүргізіледі. Бейнекамера орнататын орынды белгілеу және патрульдік жасақ бағытын, бекетін қайта орналастыру бойынша қосымша іс-шаралар әзірленді. Бұдан бөлек жергілікті жедел алдын алу шарасы жүргізіледі. Атап айтқанда, облыс көлемінде «Мал ұрлығы» шарасын өткізу дәстүрге айналған. Шара барысында мал ұрлығын жасағаны үшін облысымыздың 122 тұрғыны ұсталып, 129 мал ұрлау фактісі ашылды. Жоғалған 342 мал иесіне қайтарылған. Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің (базарлар, сауда орталықтары) әкімшіліктерімен өзара бірлесіп, ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізілуде. Былтыр ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес 499 заңбұзушылық анықталып, аталған заңның 408-бабы бойынша 3588 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұрлықтың алдын алу мақсатында иесіз мал үшін тұрақтар құру бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта 262 тұрақ ұйымдастырылды. Өткен жылы осы айып тұрақтарына 18 651 мал қамалды. Сонымен қатар малдың ұрлануына және жоғалуына жол бермеу үшін атқарушы органдармен бірлесіп, ауылды жерлерде тұрақты негізде тұрғындар жиыны өткізіледі. Осы жиындарда мал ұрлығының алдын алу, ұжымдық жайылымды ұйымдастыру, қораны бекіту, төрт түлікке уақытылы ен салу және оларды таңбалау мәселелері қаралады.
– Полиция қызметкерінің теріс іс-әрекетіне қайда шағымдануға болады?
– Теріс іс-әрекетке куә болсаңыз облыстық Полиция департаменті бастығының атына шағымдана аласыз. Департамент мекенжайы: Өскемен қаласы, Шәкәрім даңғылы, 1 үй. Сонымен бірге 8(7232) 23-43-32 сенім телефонына хабарласып, ақпарат қалдыруға мүмкіндігіңіз бар.
– Сақшылар азаматтарды Полиция департаментінде қанша уақыт ұстай алады?

– ҚПК-нің 131-бабына сәйкес, қандай да бір қылмысқа қатысты күдікті ретінде полиция бөлімшесіне жеткізілген азамат – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелеттік жасқа толмаған болса – жиырма төрт сағатқа ұсталуы мүмкін. Сонымен қатар, төмендегі жағдайларды қоспағанда азаматтарды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға жол беріледі. Атап айтсақ:
1) аса ауыр қылмыс жасады;
2) террористік немесе экстремистік қылмыс жасады;
3) жаппай тәртіпсіздіктер барысында қылмыс жасады;
4) қылмыстық топ құрамында қылмыс жасады;
5) есірткінің, прекурсорлардың, психотроптық және сол тектес заттардың заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне әкеп соққан қасақана қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған жағдайларда;
6) Төтенше жағдай кезінде күдіктіні істі тергейтін судьяға уақытылы жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда жол беріледі.
– Мәселен, төбелес кезінде балта, күрек, бейсбол битасы қолданылды дейік. Аталған заттар суық қаруға жата ма? Егер солай болса, оны пайдаланған адамға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Белгілі бір затты суық қаруға жатқызу туралы мәселе тек сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша шешіледі. Мысалы оқ ататын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттерді және өзге де суық қаруды, не денсаулыққа
зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға әрекет етіп, бұзақылық жасаған (ҚР ҚК-нің 293-бабы) кезде үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
– Азаматтардың өтініштерінің қаралу мерзімі қандай?
– Азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың
өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңның 8-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Сол бапта көрсетілгендей өтiнiштi қарау мерзiмi мынадай.
1) Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi субъектіге, лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады.
2) Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап
етiлетiн жеке және заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк
отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.
3) Өтiнiштi қарау мерзiмiн субъектiнiң басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.
4) Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.
5) Қазақстан Республикасының заңдарында өтiнiштердi қараудың өзге де мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
– Өңірімізде ит төбелестіретіндер бар. Мамандардың айтуынша, бұл ит тұқымын жақсарту үшін қажет. Осындай жарыс өткізу заңды ма? Егер заңсыз болса, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Ит төбелестіріп, жарыс ұйымдастыру – заңға қайшы. Осындай шараны өткізген немесе оған қатысқан азаматтар ҚР ҚК-нің 316-бабына (Жануарларға қатыгездік жасау) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңда көрсетілгендей, жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соқтыратын қатігездік жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен істелсе немесе балалардың көз алдында жасалса – 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылып, не болмаса отыз тәулікке дейінгі мерзімге
қамауға алынумен жазаланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған немесе бірнеше мәрте қайталанған қылмыс – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, не болмаса елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынумен жазаланады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ,
«Заң газеті»
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Комментарий