Талқыдағы тақырып

Біз шетелдегі жиындарда жұрттың алдында басы қақшиып жүретін Президентке үйренгенбіз

Президенттің шетелде өзін көрсетуі, лидерлік қасиет танытуы – бұл қазақты көрсету, қазақты, Қазақстанның айбарын, беделін көрсету. Президенттің имиджі – Қазақстанның имиджі. Біреу қаласын, қаламасын Тоқаев Қазақстанның Президенті. Тəжікстан түсірген видеода Президент кісікиіктеніп, шетте тұр, артта жүр. (Қазақ қазақты табалағаннан не шығады? Видеоны алып тастадым) Видеоға қарап психологиялық анализ жасасақ, Тоқаев қатты жұлқынып, Президент болуға құштар жан емес, амалсыздан отырған адамға ұқсайды.
Артта елеусіз жүрген Тоқаевты көріп, жүйке талшықтарым сыр берді. Жігіттер, бұлай болмайды. Келесі шетелге шығарда осы қателіктерге жол берілмеуі керек. Тоқаев шетел түгілі, Қазақстанда имиджін көтеру керек.
Бір мемлекетті төмендету ойымда жоқ, Тəжікстан Еуропаның бір мемлекеті, болмаса, оның президенті əлемдік деңгейдегі саясаткер емес қой. Яғни, жиын қай елде өтеді, сол елдің президенті сол жиында өзін лидер сезінеді. Демек, Тəжікстанның президентінің “рухани көсемі” Путиннің қасында өзін өте еркін ұстап жүргенін əңгіме етудің қажеті жоқ. Жарайды, митингілерден Тоқаев психологиялық тұрғыда шаршап қалды дейік, (биліктің халықты жаншып, ұстап, қамап жатқанын айтып, жазып жатырмыз ғой) Президент келесі шетелге шыққан сапарларында өзін бұлай ұстауға болмайды. Ашынып отырған халықтың жүйкесіне тиетіні анық. Біз шетелдегі жиындарда жұрттың алдында басы қақшиып жүретін Президентке үйренгенбіз.   
…”Бұдан бірнеше жыл бұрын Назарбаев шетелге, əлемнің президенттері жиналған жиынға барады. Ол кезде Америка мен Ресейдің арасы жаман емес. Өзге президенттерден бөлініп, Обама мен Путин алға шығып кетеді. Артта Англия, Германия, Франция, басқа да мемлекеттердің басшылары келе жатады. Араларында Назарбаев бар. Назарбаев аяғын тез-тез басып, екеуінің қасына барып алды. Олар əңгімесіне қосты ма, жоқ па, белгісіз. Отандық телеарнаның журналистері “Біздің президент, Обама, Путин үшеуі бөлек əңгімелесіп бара жатыр” деп жарысып көрсетті. Бəрібір Назарбаевқа риза боласың” деп күліп еді бір танысым. Тоқаев артта жүрмей, алдыңғы қатарда жүрген президенттердің қатарында иық тірестіріп жүрсе екен.
Тоқаевтың Душанбеде сөйлеген сөзін тыңдадым. Меніңше, Ақордадағы жігіттер Президенттің дауыс интонациясымен əлі де жұмыс істеу керек. Сосын сенімсіздеу шықты. Байқаған адамға аздап діріл болды. Харизма адамға туа бітеді десе де, харизмамен де жұмыс істеуге болады. Сырт қараған адамға Тоқаевта мүлдем эмоция жоқ секілді көрінеді. Тым ақсүйек. (Саясаткерге эмоцияның керегі жоғын бəрі біледі). Бірақ Тоқаев тым сақ адам ғой, сондықтан эмоциясын қатты ірікпеу керек секілді. Сонда мінезді адам секілді көрінеді. Ойпырмай, қарап отырмай Президенттің көмекшілеріне тегін ақыл айттық. 

Аягүл Мантай

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий