Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Заңдар заманға сай жетілдірілуде

Заманға сай заңдардың жетілдірілуі қалыпты үрдіс. Мұны айтып отырғанымыз, 2015 жылы еліміздің Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгертулер нәтижесінде татуластыру тетіктері барынша кеңейтіліп, дауларды бітімгершілікпен бітіруге негіз қаланды. Осыған орай, медиацияға кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен қатар адвокаттар мен судьялардың да атсалысатыны заңмен бекітілді. Өйткені, азаматтардың даулы мәселелерінде медиаторларға қарағанда, адвокаттар мен соттарды көбірек араластырғысы келетінін өмірдің өзі дәлелдеген. Республика деңгейінде судья-медиаторлар жұмысқа кірісіп, Медиация туралы заң аясында дау-жанжалды сотқа дейін және сотта татуласумен аяқтау жобалары оң нәтижелерін беруде. Бүгінде тараптар дау-жанжалды партисипативтік рәсімдер, сондай-ақ, судья-татуластырушылар арқылы бітіруде.

Азаматтық процестік кодекске өткен жылы да толықтырулар енгізілді. Мұндағы басты мақсат соттар жұмысына заманауи форматтар ендіру, артық шығындар мен сот процедураларын қысқарту болса, олардың бір парасы медиация тетіктерін одан әрі дамытуға арналды. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы Кодексте дауды партисипативтік негізде шешуге тек адвокаттар қатысса, жаңа заңмен бұл рәсімге заң палаталарының мүшелеріне де мүмкіндік берілді. Мұндай жаңашылдық өз кезегінде медиативтік келісімдер пәрменін арттырды. Тағы бір өзгеріс, бұған дейін судьялар тараптарды бес күн ішінде татуластыруы керек болса, тәжірибе барысында ол уақыттың аздық ететіні байқалды. Нәтижесінде бұл мерзім он күнге ұзартылды. Себебі, екі жақты бір мәмілеге келтіріп, татуласудың тиімділігін түсіндіру судья-медиатор үшін оңай емес десек, уақыттың жетімді болуы қашан да маңызды.

Дауласушыларды медиативтік келісімге келтіру судья-медиатордан айрықша шеберлік пен терең білімды талап етеді. Олай дейтініміз, қызыл өрттей лапылдап, ашу-ызаға булығып отырған азаматтарға медиацияның артықшылықтарын жеткізіп, ортақ мақсатқа жұмылдыру, қарапайым тілмен айтқанда “қалауын тауып, қар жандыру” үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, бұл жолда талмай ізденіп, білім-білікті арттыру әрқайсысымызға сын.

Талап қою арызын қабылдауға негіз болса судья тараптарды бітімгерлік рәсіміне қатысуды шақырып, даулы іс бойынша әңгімелеседі. Судья екі жақпен жеке-жеке сөйлесу мүмкіндігіне де ие. Тараптар бітімгерлік рәсімге қатысуға келіссе, қандай тәсілді таңдағандарын өтініште көрсетеді. Медиациялық келісім кезінде судья оларға қойылған талаптардың шегінен шығу құқығын, сондай-ақ, жауапкердің қарсы шарттар қою мүмкіндігін түсіндіреді. Бұдан кейін өзара тиімді шарттар бойынша келісім жасалады.

Татуласу келісімін екі жақ та бірдей қолдаған жағдайда ол соттың бекітілуіне ұсынылады. Судья оны тексеріп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату немесе келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Тараптар соттағы медиацияны қаласа судья-медиатордың көмегімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдейді. Бұл жағдайда судья медиацияның өткізілетін күнін белгілеп, тараптарға уақыты мен орнын хабарлайды. Ескерерлігі, сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді.

Тараптардың өтінішхатымен сот медиация даудың шешілуіне ықпалы бар басқа адамдарды шақырта алады.

Тараптар татуласудан бас тартқан немесе он жұмыс күнінде сотқа келмеген жағдайда судья-медиатор істі одан әрі қарау мәселесін шешеді. Елімізде билер институтының баға жетпес құндылығы бітімгершілік рәсімдерінің, яғни, дауды баламалы шешу жолдарының жанданып, тиімді тетіктерін көбейтуде барлық мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан, азаматтар дауласып, жауласудан көрі бейбіт бітімге көбірек көңіл бөлсе, береке-берлігіміздің арта берері хақ.

Айсұлу Құранбек,

Панфилов аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий