Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Ажырасу – отбасының құнын кемітті

Ажырасуға қатысты статистикалық деректер қоғамды алаңдатып отыр. Себебі соңғы жылдары Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталуда. Мұның себебі неде? Кеше ғана бақытты жанұя боламыз деп бас қосқандар неге көп уақыт өтпей екі жаққа кетуге шешім қабылдайды. Ажырасудың көптігі отбасы құныдылығының тым арзандап кеткенін көрсетіп отырған жоқ па?

Неке бұзу деректеріне көз жүгірткенде үйленгендеріне бес жыл толмаған жастардың ажырасуы жиі кездесетінін байқауға болады. Осы мәселені зерттеген сарапшылар жастардың отбасын құруға жауапты қарамайтынын алға тартуда. Үйлену деген куәлік алумен бітпейді. Отбасын құруға шешім қабылдаған жандар бір-біріне жанашыр болуға, қуаныш пен қайғыны бірге көруге бел бууы керек. Ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінуден, бір-біріне сенуден қалған кезде отбасының тыныштығы бұзылады. Бүгінде сотқа неке бұзу туралы арыз жазып келген жұптар ажырасуға тұрмыстық жағдайдың қиындығын, мінездерінің жараспауын, ерінің ішімдік пен нашаға тәуелді болуын, көзге шөп салуын алға тартып жатады. Мұндай жаңдайда сот ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуіне, асығыс шешім қабылдамауына, мәселені ақылмен, байыппен шешуіне ықпал етіп, арнайы уақыт беріп жатады. Кейбір жұптар осы берілген уақыт ішінде татуласып, отбасын сақтауға екі жақтан тырысады. Ал кейбір жұптарға қанша уақыт берсең де шешімін өзгерте қоймайды. Ажырасамыз деп табандап отырып алады.

Мұндайда судьяның азаматтарды қинап қосуға, некені бұзу туралы шешім шығарудан бас тартуға ешқандай құқығы жоқ. Дегенмен, ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың менмендікті басып, бір-біріне кешіріммен қарауы маңызды. Өйткені, ажырасудың бала психологиясы үшін зардабы өте ауыр. Отбасының бұзылуы толық емес жанұялар санының көбеюіне, әке тәрбиесін көрмейтін өсетін балалар шоғырының қалыптасуына, әлеуметтік аз қорғалғандар санының артуына алып келеді.

Ажырасу тек бір сот процесімен аяқталмайтынын да ескеруіміз керек. Некені бұзу туралы сот кейіннен ортақ мүлікті бөлу, балалардың кіммен қалатынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу, алимент төлеу секілді бірнеше сот отырысына жалғасады. Ал осыншама сот отырысы ересек адамдардың өзін тоздырып, жүйкесіне кері әсер етіп жатады. Сот процесі деп жүргенде отбасының шаруасы жайына қалады, көңілі алаңдаған адам айналасымен сөзге келіп, жанжалдасуы мүмкін. Мұндай кезде жұмыстың өнімділігі тоқтайды. Сот отырысы болады деп үнемі жұмыстан сұранып, ойы басқа жақта жүрген адамды жұмыс берушінің де жақтыра қоюы екіталай. Сонымен бірге соттасып жүрген адамдардың баланы бақылауға, тәрбиесімен айналысуға уақыт таппайтыны тағы анық.

Міне, осындай кері әсері көзге көрініп тұрғандықтан судьялар әрбір отбасыны сақтап қалуға, ерлі-зайыптыларды татуластырып, жарастырып жіберуге күш салады. Бұл істен жастардың жақындары да шет қалмай, ерлі-зайыптылардың арасын ашқанша, достастыруға тырысса нұр үстіне нұр болар еді.

Бақыткелді Тұрлыбеков,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2

сотының судьясы

Комментарий