Жаңалықтар | Новости

ШҚО-да 19 елді мекенді су басуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысында 19 елді мекенді су басу қаупі бар.

Осы жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметов халыққа есеп беру барысында айтты.
«Тасқын қаупі жайлы әр аудан әкімі хабардар, құтқарушылар мен барлық қажетті техникалар дайындалды. Төтенше жағдайларға орай бюджетте 1,1 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылы болған оқиға қайталанбайды деп сенемін. Ол кезде Бұқтырма өзеніндегі мұз қалыңдығы 2 метрден асқан болатын», – деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, биыл мұз қалыңдығы метрден аспайды.
«Қажетті ыдыс-қаптар дайындалды. Су өткізгіш құбырлар мен көпірлер тазартылып, Тарбағатай мен Глубокое аудандарындағы тасқын судың алдын алу үшін қосымша 150 миллион бөлінді», – деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, облыс өзендеріндегі жарылыс жұмыстарына 198 миллион теңге жұмылдырылған. Жалпы аймақ бойынша 19 елді мекенді су басу қаупі бар.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий