Жаңалықтар | Новости

Ақтөбе облысында жүк пойызы жолдан шығып кетті

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жүк пойызының 22 вагоны жолдан шығып, аударылып қалды. Бұл жөнінде облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Төтенше жағдай бүгін таңғы сағат 10:55-те болған. Шалқар ауданының Ұлпан станциясында құрамында 43 вагоны бар жүк пойызының 22 вагоны шойын жолдан шығып кетіп, аударылып қалған.

-Оқиға орнына жедел түрде «ҚТЖ» ҰК АҚ-нан 65 қызметкер және 2 қалпына келтіру, 2 өрт сөндіру пойызы барды. Сондай-ақ ТЖД-нен 9 қызметкер мен 3 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 150 метрге дейінгі жолды қалпына келтіруде. Бұған қоса жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Алматы-Атырау» хабарламасы бойынша №42 жолаушылар пойызы Мұғалжар ауданы Ембі қаласында тоқтатылды. Аталған пойыздың бекетке келу уақытын вокзалдан білуге болады. Зардап шеккендер жоқ,-деп хабарлады облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА, Ақтөбе қаласы

Комментарий