Қоғам | Общество

«Жас Сарбаз» тәлімгерлері «Сардар» кешенді олимпиадасының жеңімпаздары атанды

Атырау қаласында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері мен орташа оқу орындарының түлектері арасында «Сардар» аймақтық кешенді олимпиадасы онлайн режимінде өтті.

Олимпиада математика, физика, қазақ және орыс тілдері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндері бойынша кешенді түрде өтті: Тәжірибелік бөлімде оқушылар белтемірге тартылу, АК-74 қаруын жинап-шашу бойынша және саптық даярлықтан бақ сынасты.
Оған 200-ден астам оқушы қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Құрманғазы ауданы С.Мұқанов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Бахтияр Қайыржанов, екінші орынды Махамбет ауданы Д.Төленов мектеп-гимназиясының түлегі Айбас Уапов, үшінші орынды Индер ауданы М.Әуезов атындағы орта мектебінің оқушысы Бекзат Багиткалиев иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ тәжірибелік кезеңде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
«Олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеті әскери мамандықты кеңінен насихаттау, әскери оқу орындарына түсуге дайын болашақ Отан қорғаушылары бола алатын үміткерлерді анықтау», – деді аймақтағы «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы және Атырау облысы алғашқы әскери-технологиялық дайындық кабинетінің меңгерушісі Нұрлан Елеуов.
Республикалық «Сардар» жетінші кешенді олимпиадасы 2021 жылы сәуірде өтеді.

ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі

Комментарий