Судья мінбері | Судебная система

Ел ертеңі босаға беріктігіне тікелей байланысты

Біріккен Ұлттар Ұйымының халық тұрмысы саласындағы зерттеулері Қазақстанда ажырасу көрсеткішінің артқанын байқатады. Елімізде соңғы он жылда 1,5 миллиондай ажырасу фактісінің тіркелуі, әрбір үшінші некенің баянсыздығын көрсетеді. 19 млн жетер-жетпес халқы бар ел үшін бұл, әрине, дабыл қағарлық жайт. Осы себепті, мемлекет басшысы үкіметке елдегі ажырасу деңгейінің алдын-алу шараларын жасауды тапсырып, соған орай, 2019-2024 жылдарға арналған отбасын дамыту және қолдау жол картасы дайындалды. Онда отбасын құрудың барлық кезеңі қамтылған, яғни, некеге тұру туралы өтініштен бастап, баланың өмірге келуі, дағдарыс жағдайлары және ерлі-зайыптылармен ажырасу сатысында жарастыру, т.б.

Неке бұзуға қатысты талап-арыздар түрлі тағдырды көрсетеді. Мысалы, дүние-мүлік бөлісуде әртүрлі түсініспеушіліктерге жол береді. Осыған орай айта кетерлігі, ерлі-зайыптылардың бірлесіп мүліктік қатынастарға түсуі олардың заңды некеге отырған кезінен туындайды. ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі некеге тұратын және некеде тұрған ерлі-зайыптыларға отбасылық меншік режимін таңдау құқығын, яғни, заңды немесе шарттық, неке шарты бойынша береді. Мұндай жағдай үшін неке тиісті органдарда тіркелу керек. Заңға сай, ерлі-зайыптылар меншігі неке кезінде тапқан мүлік ретінде айқындалады. Ал, заңды некеге тіркелмеген жұптардыкі ортақ меншікті құрамайды.

Олардың меншік құқығына бірлесіп жинаған, сондай-ақ, некелескенге дейін сатып алынған жеке мүліктеріне иелік ету кіреді. Мәселен, Азаматтық кодексте ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі нақты көрсетілген. Соларға қысқаша тоқталсақ, некеде тұрған кезде жинаған мүліктері әрқайсысына тиесiлi екенi араларындағы арнайы шартта көзделмесе бiрлескен меншiк болып табылады. Ескерерлігі, олар некеге тұрғанға дейiн, сондай-ақ, отбасылық өмірде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлік әрқайсысының меншiгi саналады. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгiндегi мүлiкке ғана, сондай-ақ, бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкiндегi өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.

Ел заңнамасында келтірілген ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің тізбесі толық сипатқа ие емес. Алайда, ол ортақ мүліктің үлгі құрамы туралы ұсыныс береді және бұл тұрғыда олардың арасында туындаған дауды шешуге көмектеседі. Демек, заңды некеге отырған ерлі-зайыптылардың ортақ кірістері есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын заттар олардың бірлескен меншігі деп танылады. Сондықтан, бір жұбайы үшінші тұлғадан мүлікті сатып алған кезде екінші жұбайы да осы затқа меншік құқығына ие болады. Бірінші жұбайда меншік құқығының пайда болуына оның үшінші тұлғамен жасасқан сатып алу-сату, айырбастау және т.б. шарты негіз болып табылады. Ал, екінші жұбайда осы затқа меншік құқығы ерлі-зайыптылардың неке кезеңінде сатып алынған мүлікке бірлескен меншік туралы заңның тікелей көрсетілуінен туындайды.

Сотқа келіп түскен әрбір іс жіті зерделенеді. Ең бірінші ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылардың түпкілікті шешімге келу себептері сұралып, уәждері мұқият тыңдалады. Балаларының болашағы жайлы ойлануға шақырып, татуласуларына уақыт беріледі. Басты мақсатымыз шаңырақтың бірлігін сақтау, сондықтан, әрқайсысын өз райынан қайтаруға тырысамыз.

Бүгінде елімізде неке-отбасы қаныстарына қатысты істерді қарайтын “Отбасылық сот” пилоттық жобасы жүзеге асуда. Отбасылық жағдайға байланысты даулар медиация тәртібімен реттелуде. Жоғарғы Соттың бұл тұрғыдағы әрбір бастамасы отбасы институтын нығайту, жанұядағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатын көздейді. Отбасылық соттың нәтижесінде ажырасу көрсеткіші азайғанын статистикалық деректер жоққа шығармайды. Себебі, аталған сот шеңберінде жұмысқа тартылған психологтар ерлі-зайыптыларға ақысыз көмек көрсетіп, олардың дағдарыс жағдайынан шығуларына жәрдемдесуде. “Отбасының шағын мемлекет” екенін ескерсек, ел ертеңі осы “шағын мемлекеттер” босағасының беріктігіне тікелей байланысты. Сол себепті, бұл тұрғыдағы жауапкершілікті арттыру әр адамның Отан алдындағы парызы.

Құралай Байоразова,

Панфилов аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий