Судья мінбері | Судебная система

Тараптардың татуласуына барлық мүмкіндік жасалуда

Елімізде “Медиация туралы” заңның жұмыс істегеніне он жыл болды. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін медиацияны дамытуға тек соттар ғана көңіл бөлді. Жалпы, қоғамдағы түсініктің өзі солай болды, яғни, “Медиация туралы” заңның қолданыс аясын кеңейту соттардың ғана міндеті секілді қабылданды. Соның салдарынан халық аталған заңның тиімділігін, тіпті, бар екенін соттарға келгенде ғана білді. Медиацияның дамуына барлық мемлекеттік органдардың атсалыспауы, насихаттың аздығы байқалмай қалған жоқ. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты жолдауындағы ескертуінен де аңғаруға болады.

Бітімгершілік институтының тиімді тетіктері соттар тарапынан ғана жан-жақты іске асып жатқанының жарқын дәлелі түрлі жобалардан да көрінуде. Мәселен,  ҚР Жоғарғы Соты іске қосқан “Сот жүйесінің жеті түйіні” бағдарламасының аясында “Сотсыз татуласу орталықтары”, “Билер кеңестері” құрылды.  Орталықтар мен кеңестерде медиаторлар, судьялар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, сот орындаушылары, жергілікті жердің аузы дуалы ақсақалдары бірігіп, дауласушыларға бітімге келудің түрлі жолдарын ұсынуда. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов ел халқына жариялаған үндеуінде көпшілікті ердің тағдырын екі ауыз сөзбен шешкен бабалар дәстүрінен өнеге алып,  бәтуалы бітімге келудің  жолдарын іздеуге шақырды. Дау-жанжалды қатулықпен шешкеннен көрі татулықпен тігісін жатқызудың тиімділігін талдап берді. Тағы бір айта кетерлік игі шара,   Жоғарғы Сот бастамасымен әрбір сотта судья-медиаторлар белгіленіп, соттағы медиация жобасы енді. Тараптар заң талаптары мен бітімгершілік рәсімдеріне соттар арқылы қанықты.

Дауды сотқа дейін және соттан тыс реттеуге қатысты пилоттық жобалар өзін-өзі ақтауда. Мысалы, «Татуласу: сотқа дейін, сотта»,  пилоттық жобасы азаматтық сот ісін жүргізудің бастапқы, яғни, талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы дауларды реттеуде. Медиация туралы заң мен Азаматтық процестік кодекс толықтырылып, оларда бітімгершілік институтының тиімді тетіктері мен баламалы жолдары кеңінен қарастырылды. Адвокаттардың араласуымен партисипативтік тәсіл, басқа да баламалы жолдары енді. Бұрынғы АПК-да медиативтік келісімге келу уақыты бес күн болса, бүгінде ол он күнге ұзартылды. Дауды медиациямен бітірудің басты артықшылығы әуре-сарсаң, ашу-ыза кеміп, тараптар мүддесі теңдей сақталады. Екі жақ та өздерін қанағаттандыратын ортақ мәмілеге келе алады. Азамттар соттарда қуынып жылдап жүрмейді. Мұның өзі денсаулықты, арадағы қарым-қатынасты сақтап, уақыт пен қаржыны үнемдейді. Адам баласына керегі де осы емес пе?

Медиацияны тек сот саласына қатысты деп түсіну қате. Данагөй билеріміз кезінде ел ішіндегі тентектерін түрмесіз-ақ түзеген. Осынау құндылықтың құлашын кеңге жаюына мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жалпы қоғам болып атсалысса межелі мақсатқа жетеріміз анық. Мәселен, заң талаптары тараптардың еріктілігі мен бостандығы принципіне негізделген. Азаматтар медиатордың көмегіне өзара келісіммен жүгінеді. Қазақ халқы ежелден “Алдыңа келсе атаңның құнын кеш” принципін ұстанған. Бүгінгі сот жүйесінде де екі жақтың медиативтік келісімге келуіне байланысты онша ауыр емес қылмыстық істер сот өндірісінен қысқартылып, тоқтатылуда.

Дана Абайдың “Екі дауласушының ортасына екі би қойғанша, неге арасына бір адам қоймасқа” деуі қазіргі бітімгерлерді меңзеп отыр. Осы тұрғыда кәсіби, кәсіби емес медиаторлар, судья-медиаторлар, адвокаттар мен соттардың алар орны зор.  Жоғарғы Сот төрағасы соттарды бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуға үндеді. Қазіргі күні бұл талап орындалуда.  Медиация дауды тек сот шешсін деген түсініктен арылтатын бірден-бір тәсіл. Осы себепті, дау-жанжалды ушықтырмай шешуге мемлекеттік және құқық қорғау органдары жаппай атсалысулары тиіс. Өйткені, бітімгершілік дауды реттеумен қатар, ауызбіршілікті қалпына келтіреді. Дау атаулыны сотқа жеткізбей өзара келісіммен бітірудің артықшылықтарын халыққа үздіксіз насихаттау баршаға міндет.

Н.Калымжанова,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий