Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Қазақстан «жасыл аймақта» тұр

Covid-19 еліміз екі апта бойы «жасыл аймақта» тұр. Бүгінде ешбір өңір «қызыл аймақта» қалған жоқ. Бұл жөнінде осы аптада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен журналистермен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді. Оның айтуынша сары аймақта 5 өңір – Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Қалған 11 өңір жасыл аймақта.

Жалпы Қазақстанда 198 086 науқастан Covid-19 анықталған және 48 388 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркелді. КВИ+ диагнозымен 179 277 науқас және КВИ жұқтырған 37 998 пациент сауығып кетті, бүгінде денсаулықтары қалыпты жағдайды. Соңғы екі аптада КВИ сырқаттанушылар саны 8053-тен 6458 дейін азайып, жалпы алғанда 1,2 есеге төмендепті.

Өз кезегінде коронавирус инфекциясына қарсы екі кезеңді вакцинация жалғасуда және жоспар бойынша жүргізілуде. Е.Қиясовтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін 20 157 адам «Спутник -V» вакцинасының алғашқы дозасын қабылдады. 22 ақпаннан бастап екінші кезеңде 2 137 адам егілді. Қуанарлығы сол олардың ешқайсыныан ешбір жағымсыз реакция тіркелген жоқ. Бұл шара жалғасып, биыл 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 90 мың доза вакцина өңірлерге жеткізіледі. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін вакцинациялау аяқталады да, педагогтарға екпе салу науқаны басталады. Вакцинация еліміздің барлық өңірінде жүргізіледі. 786 егу пунктінің 170-і бұл шараға қатысуда. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Журналистер сауалына орай Қиясов мырза вакцинациядан қорғаныс әсері, яғни коронавирусқа қарсы антиде алғашқы дозадан кейін 12-14 күнде байқалатынын, толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинация курсын алу қажеттігін ортаға салды. Оның айтуынша, дененің толық иммундық реакциясы вакцинация басталғаннан кейін кесте бойынша 1,5 айдан соң пайда болады, сондықтан вакцинацияланғандар алдын алу шараларын сақтау керек. Сонымен қатар, Бас санитарлық дәрігер елімізде 65 жастан асқандарды вакцинациялауға рұқсат етілгенін айтты. Ал созылмалы ауру, аллергиялық реакция және басқа да қарсы көрсеткіштер болса, екпе жасалмайды.

А.Тұрмағанбетова

«Заң газеті»

Комментарий