Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау күшейтілмек

Қазақстанда  халықаралық шарттардың өзге қатысушылары өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда аталған келісімнің немесе олардың жекелеген ережелерінің іске асырылуын тоқтатылатын болды. Бұл бүгін Сенат отырысында депутаттар қабылдаған «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның басты жаңалығы.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша,  алдағы уақытта бұл заң еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтуге өз үлесін қосатынын болады. Бұл ретте Мәулен Сағатханұлы   «Бүгін қабылданған заң халықаралық деңгейде ұлттық мүдделерімізді қорғауға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұдан былай, халықаралық келісімнің екінші тарабы өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті деңгейде жүзеге асырмаған  жағдайда Қазақстан тарапынан жауап шараларын қабылдауға жол ашылады. Осы мақсатпен құжатта халықаралық шарттардың немесе олардың жекелеген ережелерінің орындалуын тоқтата тұру туралы өлшемдер қарастырылып отыр», – деді.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы құжат енді мемлекеттердің бір-біріне сотталғандарды беруіне мүмкіндік береді. Ол үшін жасалған іс-әрекет екі елде де қылмыс ретінде танылуға тиіс және сотталғандарды беруге қос мемлекет те келісуі қажет. Ал, сотталған азаматтың өзінен кері оралуды растайтын жазбаша келісім болуы керек. Қазақстан Республикасынан Шарт ережелерін іске асырушы орталық орган ретінде Бас прокуратура белгіленді.

Сенат отырысында қаралған заңның бірі- «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды болды. Бұл құжатта азаматтық және қылмыстық өндіріс саласында құқықтық көмек көрсету бойынша сот және құқық қорғау органдарының нақты міндеттері дәйектелді.

Дәстүрге сай  Палатаның жалпы отырысында бірқатар депутаттық сауал жолданды. Мәселен, Мұрат Бақтиярұлы ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерттеу мәселесін көтеріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деген ұсынысын білдірді. Ал сенатор Сұлтан Дүйсембинов аграрлық секторды дамытудың негізгі факторларының бірі саналатын ауылшаруашылық ғылымын қолдау қажеттігіне назар аудартты.  Олардың әріптестері Ләззат Сүлеймен жоғары білімді заңгерлер даярлауға қатысты түйткілдерді қозғап, осы саладағы проблемаларды шешу жолдарын ортаға салды.  Дана Нұржігіт Қазақстан халқының ұлттық құндылықтарын дәріптейтін телевизиялық өнімдерді көбейту керектігін қозғап, Динар Нөкетаева Алматыдағы мектептердің біріне Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері, биыл туғанына 100 жыл толып отырған ғалым, педагог Рафиқа Нұртазинаның есімін беру жөнінде өз пікірін жеткізді.

А.Тұрмағанбетова ««Заң газеті»

Комментарий