Судья мінбері | Судебная система

«Сот кабинеті» халыққа тиімді жүйе

Сот саланың цифрлануы, электронды құжат айналымына көшуі сала жұмысын анағұрлым жеңілдетті. Соның ішінде сот кабинеті жүйесінің маңызы зор. «Сот кабинеті» – халық үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуіне мақсатталып жасалған, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе.

Аталмыш жүйе арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Cонымен бірге азаматтар мен заңды тұлғалардың кез келген өзіне ыңғайлы уақытта үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимде «Сот кабинеті» интернет- сервисі арқылы электронды түрде талап арыздарды беруіне, сондай-ақ, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға мүмкіндігі бар. Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері «Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы электрондық құжаттарды сотқа ұсынуға құқылы. Бұл үшін көрсетілген адамдар «Сот кабинетіне» тіркелуі қажет.

Қазіргі таңда азаматтардың арасында «Сот кабинеті» арқылы электрондық талап арыз беру кеңінен қолданылуда. Бұл «Сот кабинетінің» пайдаланушылар үшін өте қолайлы, әрі ыңғайлы екендігін көрсетеді. Оның үстіне әлеуметтік арақашықтық сақтауда жүйенің қызметі өз артықшылығын көрсетуде.

«Сот кабинеті» сервисі біртіндеп қағаз құжат айналымынан бас тартуға, ол өз кезегінде соттарда электрондық сот ісін жүргізудің жаңа сатысына көшуге мүмкіндік берді. Бұл сервис азаматтардың уақытын үнемдеп, тез арада жұмыстарын бітіруге көмегін тигізеді. Сондықтан бұл қызмет сот жүйесіндегі үлкен жетістіктердің бірі болып саналады.

Қалима Дуамбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы

Комментарий