Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Мая АРАЛБАЙҚЫЗЫ, қаржы кеңесшісі: ҚАРЖЫЛЫҚ БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ МЕКТЕПТЕ ҚАЛАНУЫ КЕРЕК

– «ҚР Халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007 – 2011 жылдарға арналған бағдарламасын», «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020–2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын» жүзеге асыруға бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Соған сай атқарылған жұмыстың нәтижесі қалай?
– Бұл бағдарламалардың нәтижесі алдымен халықтың әл-ауқатының көтерілуімен, екінші әр адамның қаржылық білімінің жетілгенімен есептеледі. Ал қазір бұл мүмкін болмай тұр. Қаржылық пирамидаға жүгініп, ақшасын жоғалтып жатқандар жылданжылға көбеюде. Мұның бәрі халықта қаржылық білімнің әлі де болса төмен екенін көрсетеді. Осы арада айта кететін бір жәйт әлеуметтік желіде қаржылық білімге қатысты ақпарат өте мол. Алайда, ақпарат көп болғанымен, одан өзіне керегін таңдау үшін адамға аз да болса қаржылық сауат керек. Қаржылық білім бізде осы уақытқа дейін мектепте де, кәсіптік және жоғары оқу орындарында да берілген жоқ. Бізде жоғары оқу орындары көп. Бірақ, халықтың қаржылық сауатының көтерілуіне олар да септігін тигізіп отырған жоқ. Қызыққан адамдар керегін әлеуметтік желіден өзі іздеп тауып, білімін жетілдіруде. Жалпы бұл саладағы білімді әр адам өзінің жеке тәжірибесімен ғана көтере алатынын есте ұстаған жөн.
Сонда қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан бағдарлама, тұжырымдамалар нәтижесіз бе?
– Нәтижесіз деуге болмайды. Бірақ біз күткен деңгейден әлдеқайда төмен екені рас.
– Мемлекет көп жағдайда электрондық төлем, интернет сауданы қаржылық сауаттылықпен байланыстырады. Осы дұрыс па?
– Мен оны қаржылық сауаттылық көрсеткіші деп есептемеймін. Интернет арқылы төлемдер мен аударымды жасау заманның талабы. Оны үйде отырған ата-әжелеріміз де біледі.
– ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Қандай қаржы институттарын білесіз?» деген сауалына респонденттердің 96 пайызы білмеймін деп жауап беріпті?
– Рас, оны жалпы халық біле бермейді. Өйткені, қазіргі беріліп жатқан ақпараттарда олардың атын атап, түсін түстеп, нақты көрсетпейді. Қаржылық білімін көтерем деген адам оларға өзі барып білмесе, дайын ақпаратты ешкім қолына ұстатпайды. Қаржы институттарының ішінде көпшіліктің білетіні тек банк депозиті мен жылжымайтын мүлікке қаржы салу ғана.
– Отбасылық шығыстарды қалай қысқартуға болады?
– Қазіргі таңда отбасылық қаржы шығысын қысқартудың жолы өте көп. Пандемия жағдайына байланысты көп
нәрселерге шектеу қойылып отыр. Бұл отбасылық қаржыны қысқартуға мүмкіндік береді. Бұрын балалар ойын-сауық орталықтарына айына 4-5 рет барса, қазір үйден көп шығармаймыз. Содан кейін жүріс-тұрыс та қысқарып жатыр. Мұның бәрі қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл мәселенің тағы бір жағы бар. Бұрын отбасылық бюджет әрдайым бір деңгейде болса, қазір сол қаражаттың жартысына да өмір сүруге болатынына көзіміз жетіп отыр. Бұл жерде табыстың азаюы емес, қаржылық білім басты мәселе. Әр адам тек бір жұмысты істеп қана қаражат таба алмайды. Ол табыстың бір көзі ғана. Бұл жерде біздің айтайын деп отырғанымыз қолда бар аз қаржыны сақтап, көбейтуді үйретуге қатысты. Табыс таппайтын адам жоқ. Әркім өзі жақсы білетін сала бойынша кеңес беру арқылы да ақша таба алады. Алайда тапқан ақшаны сақтай аласыз ба? Ол ертең сізге жұмыс істейтіндей инвестиция бола ма? Бұл басқа мәселе.
– Қаржыны көбейту құралдары бізде жеткілікті ме?
– Білем деген адамға қаржы құралдары, әрине, көп. Бірінші – жалпы ел білетін – банк депозиттері. Оның пайызы төмен. Екінші – жылжымайтын мүлік. Алайда оған қаржы салмас бұрын сараптама жасай білу керек. Баға бір
жерде өсіп жатса, екінші жерде арзандап жатыр. Үшінші – құнды қағаздар сатып алу. Олардың барлығы ұзақ мерзімді инвестиция болып есептеледі. Құнды қағаздар біртіндеп өседі. Тұрақты жұмысы ғана емес, табыс табатын басқа да тірліктері бар адамдарға бұл айтарлықтай қолайлы. Кей кісілер ақшасын кепілдігі бар жерге салып қойып өз жұмысымен ғана айналысқысы келеді. Бұл үшін арнайы компаниялар да бар. Мысалы, бірқатар компанияларда қысқа мерзімге инвестицияға салуға болады. Бұдан бөлек түрлі әлеуметтік компаниялар да болады. Бұл жерде қаржылық білім қай компанияның қандай кепілдігі, қандай қоры бар, оны қалай сақтандырады дегенді біліп, талдау жасау керек. Қандай компанияға қаржыңызды салып жатырсыз? Ол қандай құралдар арқылы жұмыс істеп, сізге табыс әкеледі? Соны білу керек. Қаржылық пирамида мен инвестицияның айырмасы жер мен көктей. Қаражат жұмыс істей ме, жоқ табыс шақырған адамдардың арқасында түсе ме? Осы жағын айыру маңызды.
– Қаржылық пирамиданың желілік маркетингпен ұқсастығы да, айырмашылығы да бар екенін көп адам біле бермейді… 

– Екі жағы да маркетингке көп көңіл бөледі. Желілік компаниялардың маркетингі әртүрлі. Ол арқылы табыс тауып жүргендер көп қазір. Маркетингін дұрыс түсініп, қолданған адам одан пайда да, табыс та көреді. Ал оны түсінбей,
дұрыс пайдаланбай тек сатумен ғана айналысқан адам сол компанияның концепциясын да бұзады. Мен өзім де бірнеше желілік компанияға барып, тыңдап жүрмін. Онда желісіндегі табыс пен желіге беретін табысқа қарау керек екен. Табысты 80\20, 70\30, 50\50 беретіндер бар. Қалыпты жағдайда 50\50 өте дұрыс. Өйткені тауарды шығарушы компания да, оны халыққа ұсынып жүргендер де пайдасын көреді. Ал 50-ден төмен болса қауіпті деп айтпаймын. Ол жерде жұмысқа көп еңбек сіңіру керек. Қазақстанда ресми жұмыс істеп жатқан Орифлейм, Гербалайф, Мери-кей деген сияқты желілік компаниялар бар ғой. Оларда қаншама адам жұмыс істеп, табыс тауып жатыр. Желілік маркетинг біздің өмірміздің барлық жерінде бар. Шындап келгенде дүкендегі тауар да желі арқылы келген. Сізге сатылып жатқан бұл тауарлардың ішінде қоймадан бастап қаншама адамның айлығы бар. Онымен тауарларын сатып, пайда тауып жүргендер де, одан күйген адамдар да көп. Ал егер бір келген кісі артынан шақырған адамдардың қаражаты арқылы табыс алатын болса, ол қаржылық пирамида. Қаржылық білімі бар адам оны бірден байқайды.
– Біздің еліміздегі алаяқтар пайдаланатын қызметтің жаңа түрі – фандрайзинг қоры екен. Өкінішке орай бұл туралы тұтынушылардың көбі әлі хабарсыз. Оларды қалай сақтандыруға болады?
– Ең бірінші көңіл бөлетін нәрсе сақтандыру қоры мен оны қандай сақтандыру қоры сақтандыратынын білу. Біз банкке барып депозит ашқан кезде де келісімшартта жазылып тұрады. Көп кісілер соны сұрамай, білмей қол қоя салады. Сосын мерзімін білу керек. Өйткені мерзіміне қарай сақтандыруы әртүрлі болады. Көп компаниялар ұзақ мерзімді инвестицияны сақтандырмайды. Өйткені дүниежүзінде қандай қаржы түрі болса да, бәрінің құны құбылмалы. Бұдан кейін маркетингіне қарау керек және қандай құралдар арқылы қаражатына пайыз қосылатынын білу маңызды. Инвестицияның өзі агрессивный, пассивный болып бөлінеді. Пассивный кірісті жасау үшін ең бірінші осы талаптарын қарау керек. Агрессивный инвестицияға Форекс қаржы биржасы арқылы әлемдік валюта бағамдарының құбылмалылығынан ақша табуды мысалға келтіруге болады. Ол жерде тәуекел өте жоғары. Күніне 1 пайыз табыс табуға да, оны жоғалтып алуға да болады. Сонымен қатар айына 1-4 пайыз тұрақты табыс беретін инвестициялық компаниялар да бар. Онда да қандай сақтандыру мен тәуекел барын білу керек. Жалпы инвестицияда 1 айдан 1 жылға дейінгіні қысқа мерзім, 1-5 жылды орта мерзім дейді.
– Қазір қаржылық білім бойынша түрлі семинар-тренинг өткізушілер көбейді. Алайда бір емес, бірнеше шараға қатысса да оның игілігін көре алмай жүргендер бар. Оның себебі неде?
– Мен өз кеңсемде қазір аптасына бір рет қаржылық білім туралы ойын жасап жүрмін. Оны бірнеше рет жасауға да мүмкіндігім бар. Өйткені жалаң теориядан көрі білімді ойын түрінде тәжірибеге негіздеп беру арқылы адамның сана-сезімін тезірек өзгертуге болады. Адам кіріс пен шығысты өз қолымен есептеп, сол жағдайға кірмейінше қаржылық білімін жетілдірмейді. Өйткені, білмеген нәрседен адам қорқады. Инвестиция – ақшасы бар адамдардың жұмысы дегенді сол үшін айтады. Қаржыны көбейтуді 1 мың теңгеден бастауға болады. Ақшаның аз-көптігі оның пайдасында ғана. Сондықтан қаржылық білімді мектептен бастамай ешқашан жоғары нәтиже болмайды.
– Нағыз делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады?
– Қаржыға қатысты 100 пайыздық білімнің 10 пайызын игерген кезде-ақ кез келген адам алаяқтың ұсынысын бірден
біледі. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, алдымен ұсыныстың маркетингін қарау керек. Сосын өз қаражатыңызды санап үйрену қажет. Ол үшін білімді үздіксіз тереңдетуге көңіл бөлген жөн. Анау айтты, мынау айтты деп ешқашан қаржыңызды білмейтін жерге салуға болмайды. Табыс көзін тапқан адам, жаңа жер іздеп әуре болмай үйренген кәсібін жетілдіргені жөн. Ал алаяқ бүгін бере сал, ертең еселеп аласың дейді. Өмірде ондай нәрсе болмайды. Бірден байып кетем деген түсінік қате.
– Отандастарымызға өз қаржысын қандай валютада ұстауға кеңес бересіз?
– Жалпы, табысты әртүрлі валютамен және алтынмен сақтасаңыз еш ұтылмайсыз. Долларға да ешкім 100 пайыз
кепілдік бере алмайды. Еуропада қазір криптобанкоматтар бар. Ол бізге ерте ме, кеш пе келеді. 5 жыл бұрын төмен бағаға алған криптовалюталардың бірінің құны қазір 50 мың доллар боп отыр. Бұл криптовалютаның бәрі биткойн сияқты өсе береді деген сөз емес. Әлемдік нарықта криптовалютаның қазір 4 мың түрі бар екен. Оның ішінде биткойн алдыңғы қатарда, әрі жоғары сұранысқа ие. Өз басым ақшаны доллармен және криптовалютамен сақтағанды жөн санаймын. Теңгеге қарағанда доллар бағамы біршама тұрақты. Сол сияқты алтын сатып алуға да болады. Бұл жерде зергерлік бұйымдар емес, алтын құймаларын. Ол күнделікті өсіп жатыр. Ал жылжымайтын мүлік ұзақ мерзімдік инвестиция. Оның қазір тәуекелі жоғары. Сонымен қатар, қазір өндіріске инвестиция салу да
екіталай боп тұр. Пандемия кезінде өндірістің көбі тоқтап жатыр ғой. Нарық та қазір тауарға толып тұр. Қаржының бәрін өндіріске салуға өз басым келіспеймін. Өндіру оңай, оны сату қиын ғой қазір. Әуе компаниялары өз жұмысшыларын 50 пайызға қысқартып жатыр екен. Қазір ең сенімді боп тұрған құнды қағаздар мен қор биржаларындағы инвестиция ғана.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий