Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТІЛСІЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАУҒА КӨНБЕЙ БАРАДЫ

Былтыр елімізде он мыңға жуық өрт тіркеліп, тілсіз жау салдарынан 270 тей адам жарақаттанып, 250-ден астам адам өрт құрбанына айналыпты. Жыл аяғында есеп берген ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Өткен жылмен салыстырғанда, бізде өрт саны бойынша шамалы өсім бар. Қаза тапқандар бойынша өсім 2%. Тек өткен аптада бізде 293 өрт болды. Онда 19 адам қайтыс болды, ауруханаға жатқызу кезінде 47 адамға көмек көрсетілді» деген болатын. Осы орайда қазір неге өрт көп?

Өрт сөндірушілерге еліміз бойынша күніне 100-150 шақыруға дейін түседі екен. Шақыруға сай төтеншеліктер тарапынан әрекет етілсе жақсы. Көбінесе «тілсіз жауға» төтеп берер шамамыз болмай қалатыны жасырын емес. Мәселен облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарда өрт оқиғалары орын алғанда, техникамен жабдықталған өрт сөндіру көліктері жолдың алыстығынан келе алмай, тұрғындар көбінесе жанып жатқан өрттің «тілсіз жау» екенін мойындап, отқа құр қарап тұрумен ғана шектеліп жатады. Соның дәлелі әлеуметтік желіде ауылында болған өртің жайын қозғаған журналист Диас Нұрақын: «Апат айтып келмейді. Кеше Кеген ауданы, Жалаңаш ауылындағы бір үйді тілсіз жау жалмап кетті. Қызыл жалын әп сәтте ақсарайдай баспананы күлге айналдырған. Өйткені шалғайдағы ауылда өрт сөндіру көлігі жоқ. 100 шақырымдағы аудан орталығынан өрт сөндіргіштердің келіп үлгермейтіні белгілі. Сондықтан шарасыз тұрғындар «жанған отқа қарап тұрудан басқа қайран қыла алмадық» дейді. Соңғы бір айда осымен екінші үй өртеніп отыр. Негізі ауылда төтенше жағдайлар қызметі бар. Онда үш адам жұмыс істейді. Бірақ бірде бір техникалары жоқ. Сонда ондай құтқарушылар не үшін керек? Екі жыл бұрын ауылға су тартылған. Бірақ жеме жемге келгенде өрт гидранттарында су болмаған. ТЖМ қайта құрылып, қаржы бөлініп жатыр. Ал, алыстағы ауылдарда әлі өрт сөндіру қызметі жоқ. Жергілікті халық «төтеншеліктер тек жылыту маусымы басталарда кәсіпкерлік нысандар мен мекемелердегі өрт қауіпсіздік талаптарын тексеріп, сай келмесе айыппұл салып, ақша алумен ғана айналысып отыр» деп ашынады. Ал өзге өңірлердегідей үй-үйді аралап, мұржаны, пешті тексеріп, ескерту парақшаларын таратып, жүрген жан көрмейсің. Жалаңаш кезінде аудан орталығы болған, айналасында ондаған ауыл бар ең үлкен елді-мекендердің бірі болатын. Сондықтан тым құрығанда 1-2 өрт сөндіру көлігін әкеліп қою керек. Шөп, қора-қопсы өртенгенде үндемеген халық, енді үйлер жана бастағанда кәдімгідей  үрейленіп отыр. Осындай төтенше жағдайға дайын емес, апаттың алдын алуды ойламайтын, өрт сөндіретін бір метр «шлангасы» да жоқ төтеншеліктердің қызметі мен материалдық-техникалық базасын бір тексеретін уақыт жеткен сыңайлы» дейді. Жөн сөз.

Жалағаштағы жағдай еліміздегі мыңдаған ауылға ортақ мәселе. Өрт шықса көрші көлем жабылып, қарсыласып бағады. Өйткені төтеншеліктерден қайран жоқ. Ауылда көбінесе қора қопсы, үй мен жаздық сарай қатар, жапсарлас орналасып жатады. Сондай бір өрт кезінде ауылдастарым, «өрт жақын тұрған үйді де ала кетпесін» деп сонымен алыса беріппіз, қора ішіндегі енесін күтіп тұрған бота, бұзау, лақтар тірілей жанып кетті. Қора төбесі ішіне түскенде, төлдердің аянышты даусын естіп денеміз түршікті» деген еді ашынып. Сондықтан ауылдардың төтенше жағдайға дайындығын пысықтамасақ, өрт оқиғалары салдары ұлғая береді ау. Өйткені статистика бойынша, елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт орын алады, оның 65-67%-ы жекеменшік тұрғын үй секторында тіркеледі екен. Демек халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз десек, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын пысықтайтын кез жетті. Жыл өткен сайын өрт оқиғалары көбейіп барады. Мәселен Қызылорда облысында 2021 жылдың басынан бері облыс көлемінде 66 өрт оқиғасы тіркелген. Төтеншеліктер бұл статистиканың өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  34,8 пайызға көбейгенін мойындап отыр. Мамандар өрттің басым бөлігі электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан, пеш пен тұрмыстық газ қондырғыларының ақаулығынан шығатынын айтады. Еуропалық елдердің көбі өрт қауіп­сіздігі жүйесінің аясында улы газ датчигін орнатуды заң жүзінде бекітті. Бәлкім бізге де осылай қауіптің алдын алуды заң жүзінде бекіту керек пе?! Өйткені өрт кесірінен материалдық шығын, зардап шегушілердің саны және қайтыс болғандардың қатары жыл өткен сайын артып барады.  Қоғамдық орындарда да өрт оқиғалары жиілеуде. Ондағы өртке бірден-бір себеп – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы екен. Кәсіпкерлердің көбі заңмен тыйым салынған қондырғылармен жұмыс істейді. Әсіресе, жүгенсіз кәсіпкерлер бағасы арзан газ баллонына құмар. Өткен жазда өртке оранған бір асхананың өзінен құтқарушылар 14 баллонды бастарын қатерге тіге жүріп, санап шығарғаны есте. Ал мұндай қоғамдық орындар елімізде өте көп.

Айтпақшы тұрғын үйлер мен қоғамдық орындардан бөлек, елімізде көлік өртену оқиғалары да жиілеп кетті. Әсіресе, жол үстінде, техниканың кенеттен отқа орануы мамандарды қатты алаңдатып отыр. Соңғы үш жылда 374 газ құрылғысы орнатылған көлік жанып, адам шығыны да болған. Яғни көліктерімізге дейін газға ауысуының нәтижесінде өртке жиі себеп бола бастаған. Демек төтеншелік мамандарымыз да дайындықтарын бұрынғыдан гөрі пысықтай түсуі керек. Ал қазіргі таңда елімізде кем дегенде 500 өрт сөндіру бекеттері жетіспейді екен. Қолда бар техниканың 40 пайызы 70-90 жылдары шыққан автокөліктер екенін ескерсек, техникалық жарақтандыру ісіне де көңіл бөлу қажеттігін сезінеміз.

Жалпы өрттің көбеюіне өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы ғана емес, қазіргі қолданыстағы электр қуатын өткізу құралдарының сапасыздығын, тоқ көздерінің тез қызып кетіп, өрттің шығуына бейім тұратындығын, құрылыста да тез жанғыш материалдарды көп пайдалану себеп болып жатқанын мойындау керек. Демек, өртке төтеп береміз десек кешенді алдын алу шараларын жасап, қалыптасып отырған ахуалға орай дайындықты екі есе күшейтіп, күнделікті тұрмыста қолданатын әрбір заттың адам өміріне қауіпсіздігіне мән бермесек, өрт оқиғаларын азайта алмасымыз анық.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий