Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

30 ЖЫЛ АЛҒА ЕМЕС, АРТҚА КЕТТІК

Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, мектепке дейінгі ұйымдар саны республикада 1991 жылы – 8584, балалар саны 1 млн 67 мың, оқытушылар саны медицина қызметкерлерімен бірге есептегенде – 104 мың, ал 100 орынға шаққанда балалардың орынмен қамтылуы 107 пайыз болған екен. Ұйым саны 2000 жылға дейінгі кезеңде 7,8 есе кеміп, 2010 жылы – 4781, 2020 жылы – 10 719 болған. Ал бала саны да, оқытушылар саны да, 100 орынға шаққанда балалардың орынмен қамтылуы да бұрынғы деңгейге әлі жеткен жоқ. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің сайтындағы мәлімет бойынша, мектепке дейінгі 10 719 ұйымның 6 269-ы мемлекеттік, 4 450-і жекеменшік.
Бұл ұйымдардағы балалар саны – 906 800, яғни 1-6 жастағылардың 78,7% қамтылған. Жас ерекшелігі бойынша бөлетін болсақ, 3-6 жастағылардың 98,5%, 1-3 жастағылардың 42,7% балабақшамен қамтылып отыр. Министрлік Алматы (98,4), Қостанай (99,8) облыстары мен Нұр-Сұлтан (96,1), Алматы қалаларынан (87,1) басқа өңірлерде балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100% қамтылған деп отыр. Алайда балаларын балабақшаға беруге тұрмыстық жағдайы көтермегендіктен, өздері қарап отырған аналар санына қатысты дерек еш жерде жоқ. Бұл мәселе ата-анасы азық-түлік алу үшін сыртынан бекітіп кеткен кезде баспанасы өрт құшағында қалған не қараусыз
қалған балалар терезе, балконнан құлап мертігіп, қайтыс болған кезде оқтын-оқтын көтеріліп жатқанымен, одан сабақ алып, нәтиже шығарған Үкіметтің ісін байқай алмай отырмыз. Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз етуден бастап, ондағы білім беру ісі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ешқашан ұмыт қалған емес. Алайда қазіргі жағдайға қарайтын болсаңыз, айтылған сөздің бәрі сол жерде қалып қоятын секілді көрінеді. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы 10 қаңтарда: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне
қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» депті. ҚР Президенті Қ.Тоқаев та 2019 жылы: «Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету». Ал былтыр: «Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін. Бұл
түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет» деді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын орындау үшін кім, не істегенінен көпшілік әлі күнге хабарсыз. Ал заң бойынша Үкіметтің атқарып жатқан барлық жұмысының есебін тыңдап, оған көңілі толмаса, Үкімет басшысының өз орнын босатуын ғана емес, Үкіметтің де таратылуын талап етуге қақылы Парламенттің де ел мүддесіне қатысты мәселелерде белсенділік танытып, пәрменді іс-қимыл жасағанын әзірге ешкім көре алмай отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий