Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЗАҢ ПАЛАТАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНДА ЗАҢСЫЗДЫҚ КӨП

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕТІН ЗАҢ ДА БАР, ҚАРЖЫ ДА АЗ БӨЛІНІП ЖАТҚАН ЖОҚ. АЛАЙДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРТІ МЕН ЗАҢДЫ БЕЛДЕН БАСАТЫНДАР БҰЛ ИГІЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА ТОЛЫҚ ЖЕТУІНЕ МҰРША БЕРМЕЙ ОТЫР. МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ЗАҢ КӨМЕГІН БЕРУМЕН ШҰҒЫЛДАНАТЫН ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАР ПАЛАТАСЫ ДА МҰНДАЙ ДЕРТТЕН ТАЗА ЕМЕС. МҰНЫ ҰЗАҚ ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ СОТ САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН МОЛДАБЕК АХМЕТОВТІҢ ӨЗІ ЖІПКЕ ТІЗІП АЙТЫП ОТЫРСА, СЕНБЕСКЕ АМАЛЫҢ ҚАЙСЫ?

2018 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес, халыққа заң көмегін көрсету мақсатында құрылған заңгерлер палатасының қызметіне экс-судьяның көңілі толмайды. Молдабек Ахметовтің сөзіне сенсек, мұндағы палатаның тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалар мен басқару органының құрамы Қызылорда облысы бойынша Заң кеңесшілерінің палатасы қоғамдық бірлестігі жарғысының 11,1-бөлігіндегі «Палатаны қайта құру (бірігу, қосылу, бөліну, бөлініп шығу, жойылу) палата мүшелерінің кворумы болып қатысқан және дауыс беруімен жалпы жиналыстың шешімімен жүзеге асырылады» деген қағидаға пысқырып та қарамайды екен. Қоғамдық бірлестіктің 2018 жылдың 18 мамыры күні түзілген жарғысының 7,1-бөлігінде «Бірлестік мүшелерінің жоғары органы жалпы жиналыс болып табылады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Жалпы жиналыс деп отырғанымыз боза үстінде айтыла салынатын бостекі әңгімелерді талдап, талқылайтын орын емес, палата мүшелерінің басым көпшілігінің дауысымен басқарма қаулысы мен шешімі қабылданатын жиын. Алайда, бірлестік төрағасы лауазымында болған Д. Ізбасарұлы жарғының дәл осы талабын орындауды міндетті емес деп қабылдаса керек, 2018 жылдың 13 қарашасы күні заң талабына сай бірлестік палатасының жалпы жиналысын шақырып, өткізбей, күн тәртібін белгілеп талқылатпай, палата мүшелері З.Амирова, Ж.Айып, А.Шүленбаева, С.Құлмахан, М.Айменов, Е.Таубаев, Т.Ақшалов, А.Еденбаев және А.Райымбектің аттарынан жалпы жиналыстың жалған хаттамасы мен қаулысын толтырып, дайындаған. Мұндай әрекет Д.Ізбасарұлына не үшін қажет дейсіздер ғой? Ол 2018 жылдың 4 желтоқсан күні жалпы жиналыстың жалған қаулысы мен хаттамасын Қызылорда облыстық Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы Е.Тәжікенов пен қызметкері Р.Байғабылованың көмегі арқылы Қызылорда облысы бойынша заң кеңесшілері палатасын заңды тұлға ретінде тіркетіп алады. Мәселенің мәнісінен бейхабар адамның «ау, онда тұрған не бар?» деп сырттан қол қойдырып алашапқын болып жүгіріп жүрген Д.Ізбасарұлының әрекетін ақтап алуы да мүмкін… Шыны керек, осындай пендешілік ой бізге де маза бермеген… Сөйтсек, Д.Ізбасарұлының көздеген ойы тым әріде екен, – дейді Молдабек Ахметов. Бұл жердегі түпкі мақсат 2018 жылғы 13 қарашадағы «Қызылорда облысы бойынша заң кеңесшілерінің палатасы» қоғамдық бірлестігін таратып, оны Қызылорда облысы бойынша Заң консультанттар палатасы деген атаумен қайта құрып, палата жарғысын қабылдау және бекіту, сонымен бірге өзін палата төрағасы етіп сайлау болған тәрізді. Бәрі де дұрыс, тек ол үшін Д.Ізбасарұлы ең алдымен бірлестік жарғысының талабына сәйкес жалпы жиналысты шақырып, мәселені палата мүшелерімен ақылдасып, шешіп алуы керек еді ғой. Ал оның тірлігі жаңағы. Жарғының тәртібіне сәйкес, жалпы жиналыс шақырылмаса да, кейбір адамдардың қолы сыртынан қойылып, толтырылған жалған хаттама мен қаулының заңсыз құжат екендігін біле тұра, әділет органына тіркеген Қызылорда облыстық Әділет департаментінің лауазымды тұлғалары Е.Тәжікенов пен Р.Байғабылова өз кінәсін сезгендіктен бе, қазір заңгерлер палатасымен бірге Д.Ізбасарұлын қызғыштай қорып, палата заңды тұлға ретінде дұрыс тіркелген деген жауабынан танар емес. Қолында құзыреті бар кез келген басшы ортақ заңды өз мүддесіне қарай ыңғайлап бұрып алып, ойына келгенін жасай берсе, онда палата жарғысына мұндай тәртіпті енгізудің қандай қажеті бар? Заңгерлер палатасы жұмысындағы көзге бадырайып көрініп тұрған заң бұзушылықтың бірі – ел Президентінің 2018 жылғы 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасы адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңының 83-бабының 2-бөлігіндегі талаптардың бұрмалануы дер едік. Президент Жарлығындағы жалпыға бірдей тәртіп бойынша Заң консультанттары палатасына қабылданатын үміткер жоғары білімі туралы құжаты мен жойылмаған немесе алынбаған соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар екенін растайтын құжат пен аттестаттау нәтижесін ұсынуы тиіс. Заңның 83-бабының 2-бөлігіндегі аттестаттау нәтижесі деп отырғанымыз үміткердің палатаға қабылдануы үшін еліміздің заңдары бойынша кешенді тест тапсырып, өту балын (100 сұрақтан) жинауын білдіреді. Аталған құжаттар мен аттестаттау нәтижесін ұсынбаған үміткер заңның 83-бабы 4-бөлігінің және 75-баптың 4-тармағының талабына сәйкес мүшелікке қабылданбауға тиіс. 2018 жылғы 4 желтоқсанда түзілген палата жарғысының 18-бөлігінде «Аттестаттау жүргізу тәртібі мен шарттары, соның ішінде кешенді тест сұрақтары (100 сұрақ) Әділет министрлігімен келісу бойынша айқындалады» деп көрсетілген. Талап солай деп тұжырымдап отырғаннан кейін кешенді тестілеудің жүз сұрағы Әділет министрлігімен келісіліп, алдын ала айқындалуы міндетті еді. Алайда, аттестаттау нәтижесін ұсынбай өткен палата басшылары Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы, заңның 2018 жылғы 5 шілдедегі 75 және 83-бабының 1,2-бөлігі мен 2018 жылғы желтоқсанның 4 күні тіркелген палата жарғысының 16,17 және 18-бөліктерінің талаптарын көпе-көрінеу бұзып, күні бүгінге дейін аттестаттау жүргізу тәртібі мен шартын, соның ішінде кешенді тесттің 100 сұрағын Әділет министрлігімен келіспеген. Қалыптасқан тәртіп бойынша кешенді тест тапсырмаған, өту балын (100 сұрақтан ) жинамаған, аттестаттау нәтижесін өткізбеген 172 адамды заңның 83-бабы 4-бөлігінің талабына сәйкес, палата мүшелігіне қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдануы тиіс. Өкінішке орай, Заң консультанттары палатасының төрағалары бұл тәртіпті көзге де ілмей, кешенді тест тапсырмаған, өту балын жинамағандарды мүшелікке қабылдап, олардың куәлік алып, жалған кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасаған. Бір қызығы, палата мүшелігіне заңсыз қабылданып кеткен сол 172 адамнан 2018 жылдың 4 желтоқсанынан күні бүгінге дейін айына 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қолма қол және есепшотқа аудару арқылы жарнапұл жинау жалғасып келеді. Палата басшылары Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы, К.Қанатов, Ж.Айып, А.Райымбек пен Р.Бегімбаев тест сұрағын Әділет департаментімен келісіп, айқындаудың орнына, өздері ойлап тапқан 20 сұрақпен тест өткізіп, 15 бал жинағандарды палата мүшелігіне қабылдауды қалыпты өлшемге айналдырған. Палата жұмысына тағылып отырған бұл айыптар ойдан шығарылған «жақтым күйе, жаптым жала» емес, Қызылорда облысының Әділет департаментінің қызметкерлері М.Франзузова, А.Қосбергенова, Ғ.Сариевалар 2020 жылдың 27 тамызы мен 7 қыркүйегі аралығында Қызылорда облысы бойынша Заң консультанттар палатасына жүргізген жоспарлы тексеру жұмысы барысында палатаның 2018 жылдың 4 желтоқсаны күні заң талабын бұзып, заңды тұлға болып тіркелгенін және 172 адамның кешенді тест тапсырмай аттестациядан өтіп кеткенін, 3 пайыз палата мүшесі болған адамдарды
қоспағанда 97 пайыз (165 адам және палата төрағасы А,Жұмабайұлы мен алқалы басқару орган мүшелері К.Қанатов, Ж.Айып пен Р.Бегімбаев) палата мүшелігіне Әділет министрлігімен келісілген сұрақтар бойынша кешенді
тест тапсырмай, өту балын жинамағанын, аттестаттаудан өтпегенін және заң консультанты болу үшін аттестаттау
нәтижесін ұсынбағанын анықтағанымен неге екені белгісіз олар өздері анықтаған заң бұзушылықтарды тексеру актісінде жазып көрсетпей кеткен. Жоқ жерден ілік іздеп, пәле қуғанымыз емес, тізіп айта берсек, палата жұмысында бұдан басқа да заң бұзушылықтар жетіп артылады. 2018 жылдың 4 желтоқсаны күні Әділет департаментіне заңды тұлға болып тіркелген палата жарғысының 28-бөлігінің 1 тармағында «Палатаны басқарудың
жоғары органы – Заң консультанттар палатасының жалпы жиналысы болып табылады» деп көрсетілген. Ал, жарғының 34-бөлігінің талабы бойынша жалпы жиналыс (шешуші дауысқа ие болатын, аттестаттаудан өткен) палата мүшелерінің кемінде үштен бірі қатысса ғана заңды болып есептеледі. Жалпы жиналыста палата мүшелерінің қажетті саны толмай қалса, оның қайта шақырылатындығы, ондай кезде басқосуға палата қатысушыларының белгілі бір саны қатысқан кезде ғана заңды болып есептелінетіндігі жарғының 35-бөлігінде жан-жақты ескертілген. Жарғының 38-бөлігінде палата мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі (шешуші дауысқа ие болатын, аттестаттаудан өткен) ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысымен қабылданатындығы көрсетілгенімен, өкінішке қарай, бұл талаптар да палата басшылығы тарапынан ұмыт қалған. Қызылордалық палата басшылары толтырған құжатта жиі ұшырасатын 12 адам палатаның 100-ден асатын мүшесінің үштен бірін де құрамайды. Заңдық күші бар жарғының осындай талаптарына сырық сабынан қараған Д.Ізбасарұлы аты-жөні белгісіз, шешуші дауысқа ие бола алмайтын және аттестаттаудан өтпеген 12 адамды жалпы жиналысқа қатысты деп хаттама толтыру арқылы күмәнді шешім шығартып, аттестаттаудан өтпеген А.Жұмабайұлын палата төрағасы етіп сайлатып жіберген. Бұл заңды белден басу емей не? Молдабек Ахметовтің айтуынша палата мүшелігіне заңсыз қабылданып
кеткен А.Жұмабайұлы, К.Қанатов, Ж.Айып пен Р.Бегімбаевтар палата жұмысын теріс пайдалануды әдетке айналдырған. Палатаның жарнапұлдан жиналған ақшасын палата мүшелерінің арасында қайта бөлу және жарғылық мақсат, міндеттерге қол жеткізу жұмысында да кемшілік көп. Жарғының 58-бөлігінің талабына сүйенсек, өз мүшелерінен жиналатын ақша мен оның жарғылық мақсаттар мен міндеттерге жұмсалуы туралы хабарлау жыл сайынғы есептік жиналыс барысында палата төрағаларымен жазбаша жария етіліп, жүзеге асырылуы тиіс. Олай дейтініміз кірістер мен шығыстар қаражатына билік ету палатаның басқару органына міндеттелген. Палатаның жарғысы жалпыға бірдей тәртібіміз осылай десе де, оны басқару органының мүшесі Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы, К.Қанатов, Ж.Айып, А.Райымбек пен Р.Бегімбаев 2018 жылдың 4 желтоқсанынан күні бүгінге дейінгі 2 жыл 4 ай ішінде палатаның 172 адамынан жарнапұл есебі нен жиналған ақшаның кіріс-шығыс сметасын бюджетті бекіту кезінде ұсынбаған, түскен ақшаны нысаналы мақсатқа пайдалану мәселесін жалпы жиналыстың күн тәртібіне қойып, есеп бермеген. Келісім-шарт негізінде жүзеге асырылған (еңбек ақы, сыйақы, жалға төлеу, адам жалдау, салық төлемі т.б.) қаражат туралы да салық органына есеп берілмеген.
Сонымен биылғы жылдан бастап басшылардың өзі ойлап тапқан 20 сұрағымен тест тапсырып, палата мүшелігіне қабылданып кеткен бірнеше адам жалған куәлік алып, заңсыз заң көмегін көрсетіп, жалған кәсіпкерлік арқылы пайда тауып отыр. Құқықтық сауаты бар мамандардан «құрылған» заң палатасындағы заңбұзушылықтар дені осындай. Әзірге бұл деректер туралы облыстық Әділет департаментіндегілер жақ ашар емес, қалалық прокуратура
да тым-тырыс. Палатаның бірнеше басқару органының лауазымды адамына қатысты тіркелген істі Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі М.Абдуллаев та жылы жауып қоя салған. Соған қарағанда, бұл тірліктің ар жағында маңайындағыларын сесімен ықтырып алатын әлдебір ықпалды дөкейдің сұлбасы тұрған сияқты.
Елеусіз МҰРАТ

Комментарий