Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕУ — ҚАТЕР

Ақпан айының 17-25 аралығына дөп келетін бір амал бар. Ол – «Бөрісырғақ». Қазақ ұғымында ат құлағы көрінбейтін борандар осы айда күш алады деген болжам бар. Сол себепті ақырған ақпанды «Бөрісырғақ» деп атаған. Көнекөз қариялардың айтуынша, ақпанның боранды күндерінде қасқырлардың ұйығуы басталып, бір жетіге созылады екен. Биылғы бөрісырғақта күн суытып, ызғар күшейіп, қар жауып, ауа райы борандатып, «кәрі құда» бұрқсарқ етіп, еліміздің көптеген өңірлерін біраз әуре-сарсаңға салды. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Қазақстанның 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, министрліктің ахуалдық орталығында республикалық жедел штаб құрылып, оның құрамына «Қазақавтожол» ЖШС және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ қызметкерлері енгізілді. Мұндай штабтар Ақмола, СҚО, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында да жұмыс істеуде. Сондай-ақ жолға шығып, қиын жағдайда қалып қойған жандарға уақытылы
ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін «Жедел байланыс» желісі іске қосылды. Сарышұнақ аяз сақылдап,
ақтүтек боран соғып, қалың қар жауып, көктайғақ болып, жолдағы көріну қашықтығы нашарлауына байланысты, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 51 учаскесінде, сондай-ақ 9 өңірде 61 облыстық маңызы бар жол жабылып, барлық автокөліктердің қозғалысы тоқтатылды. Ауа райының нашарлауы туралы халықты ескерту мақсатында 38 SMS-хабарлама, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 26 хабарлама жіберілген. Дегенмен хабарламаға мән бермей, өздерінің және көліктегі жолаушылардың өмірін қауіп-қатерге тігіп, сапарға шығып кеткендердің де қарасы аз болмағанын айтып өткен жөн.
Нақты деректерге сүйенсек, Қостанай, Ақмола, СҚО және Ақтөбе облыстарында үлкен жолдың бойындағы бекеттерде жалпы саны 359 автокөлік тоқтатылған. Жабық жол учаскелерінде халықты эвакуациялау және дер кезінде көмек беру үшін арнайы дайындалған 473 жылыту пунктіне орналастырылған 267 адамның ішінде кәмелетке толмаған 18 баланың болуы да ойландырады. Бұл көрсеткішті өңірлерге бөліп қарастырар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында жол азабын тартқан 166 адамға (оның ішінде 15 бала), Ақмола облысында 40 адамға, Батыс Қазақстан облысында 16 жолаушыға (3 бала) және Қостанай облысында 45 адамға тиісті
көмек көрсетілген. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің 155 бірлік техникасының көмегімен 468 адам (30 бала) қар құрсауынан құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген. Жалпы алғанда, осы күндері жол бойындағы
шұғыл жұмыстарға Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, жол қызметтерінің, жергілікті атқару
органдарының 662 қызметкері мен 423 бірлік техника жұмылдырылған. Осындай сын сағатта уақытпен санаспай, қоғамдық тәртіпті күзетіп, жол ережесін қадағалайтын сақшылардың арасында өз өмірін қауіп-қатерге тігіп,
жанкештілік танытатындары аз емес. Солардың бірі – қостанайлық полицей Амантай Байжановтың іс-әрекеті өткен аптада әлеуметтік желіні шарлап кетті.
Жедел шешім қабылдап, ақтүтек боранда адасқан оннан астам көліктің алдына түсіп, оларға жол көрсетіп, екі шақырымдай жаяу жүгірген патрульдік полиция лейтенантына желі қолданушылары алғыстарын жаудырды. Сөйтіп, Амантай көліктердің абайсызда жолдан шығып, тосын жағдайға ұрынбай, қала ішіне кіруіне себепші болды. Боран кезінде ерлік танытқан полицейдің әрекеті министрлік тарапынан оң бағаланып, ІІМ логотипі бар сағат табыс етілді. Жаужүрек тәртіп сақшысы бұған дейін де әріптесімен бірге жанып жатқан үйден 15 адамды аман алып шыққаны үшін «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталыпты. Табиғаттың тосын мінезінің зардабы тек жол үстіндегі жолаушыларға ғана емес, білім беру жүйесіне де, елді мекендерге де тиді. Күн суытып, аяздың күшеюіне байланысты мектептерде сабақ тоқтатылса, көптеген елді мекендер жарықсыз қалды. Құзырлы сала мамандары қыстың көзі қырауда алыс жолға шығуды жоспарлаған азаматтардың күні бұрын ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеп, дауылды ескерту туралы хабарламаларға құлақ асып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий