Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Ерлан САИРОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: АУЫЛ АРЗАН НЕСИЕГЕ ЗӘРУ

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтар саны 1 млн 65 мыңнан асқан. Өткен жылмен салыстырғанда, кедейлік 21 пайызға өсіп отыр. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема! Аса өзекті мәселе – ауылдағы кедейлік. Оны шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арттыру. Ел Президенті Касым-Жомарт Тоқаев Үкіметке берген тапсырмасында микрокредит проблемасына баса назар аударды. Енді мәселені Үкімет қалай шешеді деген сұрақ туады.
1. «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылар саны 5200-ге азаяды. Пандемия кезінде Ұлттық экономика мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кері позициясы бізге түсініксіз.
2. Микрокредиттеудегі басты мәселе – кепілзат. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті.
3. Биыл «Атамекен» палатасы және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ? Шын мәнінде мемлекет, қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет! Өйткені, өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдардың қаржы көзінен мүлдем қағылу қаупі басым.
4. Ауылда шағын бизнесті дамытудың басты аспектісі – тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеринария, мал азығын дайындау бойынша қызмет көрсету, жаңа технология, жаңа тұқымдар жөнінде білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе, шалғай елді мекендерде құру өте өзекті.
5. Шалғай елді мекендерге арзандатылған шағын несие жеткізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банктер мен микрокредит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру,
жеткізетін амал жоқтың қасы. Бұл жөнінде де Президент Тоқаев «бірнеше аймақтарда «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 миллион ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде бұл тапсырма формальды орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар.
Ауылшаруашылық министрлігі осы бастама бойынша, қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілгені жөнінде есеп бергені абзал. Бізге әрбір адамның тағдыры қымбат!
Дайындаған
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий