Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУ ШАРТЫ ШИКІЛІККЕ ТОЛЫ

Мемлекеттік қызметтің басты артықшылығы – баспаналы болу. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде әскери өмірге құлшыныс танытып, құқық қорғау сапында қызмет етуге қызығушылардың анағұрлым артуына дәл осы уақытылы жалақы мен үйлі болуға деген мүмкіндіктің қарастырылуы себеп. Қарулы күштер, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету механизмі жыл сайын жетілдірілуде. Баспана жалдауға берілетін өтемақы 2012 жылдан бері іске қосылған. Ол бойынша, баспанасы жоқ қызметкерлерге жалға тұрып жатқан пәтердің ақшасын мемлекет беретін. Алайда, кейбір пысықайлар отбасының әрбір мүшесіне берілетін ақшаның барлығын пәтер жалдауға емес, өз мақсаттарына пайдаланды. Сөз жоқ, көбісінің үй-күйі жоқ болғандықтан, мемлекет берген қаржыны қиналса да, жалдап тұрған пәтердің қожайындарына санап беруіне тура келді.

Өз атына рәсімдемесе де, баспанасын өзге туыстарына аударып алғандар пәтері жоқтардың қатарына жатқызылып, ай сайын пәтерақыны қалталарына басып келді. Алайда 2018 жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан, барлық әскери қызметкерге пәтер берілетін жаңа жүйе іске қосылды. Қаражат бұрынғыдай әскеридің қолына емес, екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шоттарына аударылатын болды. Заң бойынша әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар, кадеттер мен курсанттардан басқаларға тұрғын үй төлемақысы әскери қызметшілердің қызмет мерзіміне қарамастан, баспанаға мұқтаждардың бәріне беріледі. Ал жатақханада немесе жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекаралық заставаларда, басқа да жабық нысандарда орналасқан
баспанамен қамтамасыз етілген әскерилерге тұрғын үй төлемақысының 50%-ы ғана төленеді.
Полицейлерге де дәл солай, зейнеткерлікке шыққанға дейін баспана шығынын мемлекет өз мойнына алады. Бүгінгі күні министрлік тарапынан республика бойынша 23 935 полиция қызметкеріне тұрғын үйді жалдау мен жалға алу үшін өтемақы төленеді. Тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау мен жалға алудың орташа құны мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланған. Қалалық және аудандық жерлердегі өтемақы мөлшері де осы статистикалық жұмыстардың деректеріне сәйкес анықталады. Мәселен, Нұр-Сұлтан
қаласында әр отбасы мүшесіне –55 278, Таразда – 19 872 теңге қарастырылған. Бұрын өтемақы тек жедел-тергеу құрылымдарына ғана төленсе, қазір учаскелік, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, патрульдік полицейлер, ҚАЖ бөліністері секілді тағы бірқатар қызметтерге беріледі. Енді жалдау мен жалға алудың шарттары қалай жүзеге асырылады? Әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есепшотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір
шаршы метрі құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі. Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемдерін ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алуға, тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және
тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.
Ал зейнет алды жасындағы әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдері көмегімен баспана алуға жеткілікті қаражат жинай алмайтын болғандықтан, бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын үй төлемін есептеп, біржолғы аудару қарастырылған. Өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орында ипотекалық несие рәсімдеген әскери қызметшілер үшін ипотекалық келісімшарты рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бұрынғы көлемде сақталады. Бірақ, әскери қызметші ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнында үй жалдап тұруына құқық берілген. Сондай-ақ, әскери қызметшілер қысқа уақыт ішінде кез келген өңірде әрі өз таңдауы бойынша төл баспанасына қол жеткізуіне мүмкіндігі бар. Әрине, үйсіз-күйсіз жүрген әскерилер мен полицейлердің баспаналы болуына мүмкіндік берген бұл бағдарлама тәп-тәуір. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұрып, банкте арнайы есепшоттарын ашып, кез келген өңірден қалаған пәтеріне қол жеткізе алады. Мұндай тәжірибе көрші елдердің күштік құрылымдарында қолданысқа енгізіліп, тиімді нәтиже көрсетіп келеді. Алайда мемлекеттің берген мүмкіндігін молынан пайдаланып қалуды көздейтін кейбір қызметкерлер бұл бағдарламаның да шикі тұстарын өз пайдаларына жаратып жүр. Бастарындағы баспанасын туыс-туғандарына аударып, мемлекет беретін өтемақыны өмір бойы алуға қызығатындардың қатары көп. Өйткені, өтемақы төленер кезде қызметкердің өзге туыстарының атындағы пәтердің шын мәніндегі қожайынын анықтау қиын. Сондықтан, өтемақы төлеудің шарттарын әлі де қайта қарастырып, алдыңғы кезекте шын мұқтаждарды баспанамен қамтамасыз ететін құжат керек-ақ.
Салтанат ҚЫРЫҚБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
– Әскери бағдарламамен үй алуға бір-ақ рет рұқсат етіледі. Ал өздерінің үйлерін әйелінің ата-анасына, бауырларына аударып алып, үкіметтен ақша алып отырғандар қайта баспаналы болуға үмітті. Өйткені, көбіне басшылық қағаз жүзіндегі келісімшартқа сенеді. Ол заңды құжат. Сондықтан үйлері өздерінің аттарында болмаған күннің өзінде пәтер жалдап, ақша алып отырған қызметкерлердің жалға алып отырған пәтері кімнің атында, туыстық байланыстарын тексеру керек қой. Бір жағынан, шын мәнінде пәтер жағалап, 15 пайыз алғашқы жарнаны жинай алмай отырғандарға қиын болып тұр.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий