Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖАРНАМАНЫ ҚАЗАҚША ҚАТЕСІЗ ЖАЗ!

Жарнамалар мен билбордтардың қазақша нұсқасындағы өрескел қателер туралы бұған дейін талай мәрте айтылып та, жазылып та келеді. «Баяғы жартас – бір жартас» болып келген бұл мәселедегі сіресіп қалған сеңнің қозғалуына себеп болатын заң жобасы жақында мақұлданды. ҚР Парламенті Мәжілісі бірінші оқылымда-ақ мақұлдаған маңызды құжат жарнаманы қазақша қатесіз жазуға міндеттейтін болады.

Бұл туралы ұсыныс ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында айтылды. Министрдің айтуынша, көптеген баннерлер мен жарнама тақталарында «Тіл туралы» заңның талаптары орындалмайды. Көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұзушылықтар бойынша қазақстандықтардан үш жарым мыңға жуық шағым түскен. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді көздеп, Мәжіліс қарауына ұсынылған құжатта мәтінді орфография нормаларына сай жазу, оның теңтүпнұсқа аудармасы мен мағынасын сақтау нормалары қарастырылған. Ол деректемелер мен көрнекі ақпарат құрал (баннер, маңдайша, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) мәтінін
орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге, теңтүпнұсқалы аудармасын сақтай отырып, жазу талабы екі тілде (қазақ және орыс тілінде) берілген мәтіннің мағына, мазмұн жағынан сәйкес келмеу фактілерін жоюға бағытталып отыр. Аталған проблемаларды шешу мақсатында заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының 13 заңы мен кодексіне түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий