Судья мінбері | Судебная система

 Әлеуметтік желі алаяқтары көбейіп барады

Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ адам кемде-кем шығар. Заман ағымы, уақыт талабына сай мұндай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі-бір оқиға не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын мына заманда басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен, әлеуметтік желіні  осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады.

Нақтырақ айтар болсақ, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс мақсатта пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет жасайды. Сондықтан кейде алданған адам кімді кінәларын білмей қалып жатады.

Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Осылардың ең біріншісіне тоқтала кетсек, қазір ғаламторда интернет дүкендер де көбейіп кетті. Сәйкесінше сол дүкендерден онлайн зат сатып алушылар да жетерлік. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «онлайн дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады. Сосын заты қолына тимеген соң құқық қорғау орындарынан көмек күтеді.

Сондықтан, әлеуметтік желіде аса сақ болған жөн. Ғаламторға жеке мәліметтерді салмаған дұрыс. Суретіңіз басқа мақсатта пайдаланбасын десеңіз ашық шашық суреттерді, банк карточкаңыздың суреттерін салудан абай болғандарыңыз жөн. Сондай ақ әлеуметтік желілерде таныс емес адамдармен араласуда аса сақ болу керек. Қазір әдемі қыздар мен жігіттердің суреттері қойылған фэйк парақшалар өте көп. Ол жерде аяқтан шалатын алаяқтықтардың да сан түрі пайда болуда. Бұл бізден бөгде біреулермен сөйлесуде сауысқандай сақ болуды талап етеді. Сондықтан әлеуметтік желі алаяқтарына алданып қалмауға шақырамын.

Дәурен Маукеев, Алматы қаласы Бостандық ауданың 2 аудандық сотының судьясы

 

Комментарий