Судья мінбері | Судебная система

Медиация   ажырасудың  алдын   алады

Соңғы жылдары ел ішінде ажырасу оқиғалары көбейіп кетті. Еліміздегі қолданыстағы заң бойынша соттар неке бұзу туралы азаматтық істерді қараған кезде сот мәжілісінде екі жақты татуластыру үшін әрекет жасауға мүдделі. Яғни, судьялар отбасылық-некелік қарым-қатынастардан туындайтын істерді қарау кезінде дауды мәні бойынша шешумен шектеліп қана қоймай, отбасыны сақтау жөнінде шаралар қабылдайды. Жұбайлардың талап-тілегін егжей-тегжейлі зерттеп, не олардың некесін айыру қажет, не үш айға дейін татуластыру үшін мерзім береді. Осы орайда ажырасу істерінің көбеюіне орай, судьялар тарапынан ерлі зайыптыларды қосуға әрекет жасалуының маңызы зор!

Жоғарғы сот бастамасымен елімізде «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы іске асырылып, әрбір сотта «Отбасы орталықтары» ашылып жатыр. Онда ажырасу талабымен келген ерлі-зайыптылармен психолог мамандар, татуластырушы судья, медиаторлар сөйлеседі, ақыл-кеңес береді. Шағымданған жандардың отбасылық мәселелерін анықтап, қиындықты некені бұзбай-ақ шешуге болатын оңтайлы жол, бағыт-бағдар көрсетеді. Осындай орталықтардың көмегімен ажырасудан аман қалған отбасы саны бүгінгі күні көбейіп келеді. Шын мәнінде бұл жоба дер кезінде қолға алынған әрекет болды деуге болады.

Сондай ақ ажырасуға арыз берілгенде заң аясында неке бұзу туралы азаматтық істер бойынша тараптарға татуласуға уақыт беріліп, ҚР «Медиация туралы» Заңының әрекет ету тәртібімен  жанжалды шешу мүмкіндіктері туралы түсіндіріледі. Кейін ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылардың арасында медиация тәртібімен татуласып, отбасыларын сақтап қалатындары да аз емес.  Сарапшылардың айтуынша, медиация рәсімдері ажырасудың алдын-алуға көмектеседі. Тіпті, жағдай ажырасуға жеткеннің өзінде бәрін жанжалсыз, даусыз шешуге және қос тараптың келешектегі жақсы қарым-қатынастарын сақтап қалуға жол ашады. Мәселен, ажырасуға байланысты сот процессімен салыстырғанда отбасылық медиация қос тараптың көзқарастарын анықтау арқылы бір-бірінің пікірін біліп, ара-қатынастарын жақсартуымен және бала тәрбиесіне бірге көңіл бөлуге ұмтылдыратындығымен тиімді. Сондықтан ажырасу ісінде медиациялық жолмен татуластыруды кеңірек қолға алу көзделуде.

Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері – ерлі-зайыптылардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы материалдық қиындықтар көптеп кездеседі. Сот саласының маманы ретінде отбасы құндылығын арттыру, отбасын құруда жауапкершілігін көтеруге көбірек көңіл бөлу керек деп санаймын.

 

Сандуғаш Жидебайқызы Ермағанбетова, Алматы қаласы Бостандық ауданың 2 аудандық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы

Комментарий