Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

НАМЫСТАНҒАН НЕ ТЕҢІҢ?

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында сотталған азамат қоғамдық жұмыстан бас тартқаны үшін абақтыға қамалды. Ер адам көше мен саябақты қардан тазалауға намыстанған. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарғалы ауданының тұрғыны көршісінің темір бұйымдарын ұрлап, металл өткізетін орындарға өткізген. Сөйтіп, ол бар тапқанын ішімдікке жұмсауды әдетке айналдырған. Тіпті мұнымен қоймай, сот отырысында сотқа қатысушылардың өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқан. Осы қылығы үшін ол қосымша 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілген. Ер адам пробация қызметіне есепке алынып, оған міндетін орындамаған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатыны ескертілген. Алайда сотталған азамат пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспай, жаза өтеу барысында бірнеше рет тәртіп бұзған. Ол көшелер мен саябақтарды қардан тазалау секілді күніне 8 сағаттық қоғамдық жұмыстарды орындаудан бас тартады. Ер адам ішімдік ішуін тоқтатпай, түрлі сылтаулар айтқан. Ол бірде “Ағамның туған күнінде болдым, басым ауырып тұр” десе, енді бірде “Мұндай жұмыстарды жасағым келмейді, менікі емес” деп ойына келгенін жасаған. Тіпті пробация қызметінен жасырыну үшін Қарғалы ауданындағы мекен жайын тастап, қашып кеткен. Тәртіп сақшылары оны 20 күннен кейін Ақтөбе қаласында жасырынған жерінен ұстаған.
– Сотталған А. өзіне тағайындалған қоғамдық жұмыс түріндегі жазаны орындамай, үнемі ішімдік ішіп көзге түсті. Онысы аз болғандай, сот тарапынан тағайындалған жазаны орындаудан бас тартты. Енді аудандық соттың үкімімен ол өтелмеген жаза мерзімін түзеу мекемесінде өтейді, – дейді Қарғалы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Жанболат Жақсылықов.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Комментарий