Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЖАҢА АЛҚА ЖҰМЫСҚА КІРІСПЕК

АЗАМАТТАРДЫҢ БОСТАНДЫҒЫ МЕН ҚҰҚЫН ӘДІЛ ҚОРҒАП, СОТ ТӨРЕЛІГІНЕ СЕНІМІН АРТТЫРУ МАҚСАТЫНДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖАҢҒЫРТУ ІСІ ОДАН ӘРІ ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАНҒАН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫНДА САЛАДА ЖҮРГІЗІЛЕТІН РЕФОРМАНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ АЙҚЫНДАЛҒАН.

Мәселен, Мәжілістің бір топ депутатының бастамашылығымен әзірленген «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасы бойынша Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдап және оны 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізуге байланысты сот жүйесіне енгізілетін жаңалықтар қамтылған. Олар екі топтан тұрады. Біріншісі– Жоғарғы Сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру шарасын қамтиды. Оның аясында қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылып, облыстық соттарда да тиісті сот алқалары жұмысын бастамақ. Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің айтуынша, бұл өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Екіншісі – Мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы Сот төрағасы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер. Баяндамашы бұл түзету Жоғарғы Сот органына тәжірибесі мол көрнекті заңгерлерді тартуға бағытталғанын атап өтті. Аталмыш талап тек Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты. Заң бойынша енгізіліп отырған нормалардың барлығы әкімшілік әділетті іске қосудың бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен жария даулар туралы істерді қарау жөніндегі сот практикасының ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді.
Депутаттар бастамасымен әзірленген екінші құжат – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы. Бұл шаралар да әкімшілік сот төрелігін енгізу аясында сот жүйесіне жүктемені біркелкі бөлуге, деликтер мен қоғамдық дауларды қараудағы сот тәжірибесінің ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді және адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. «Сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы инвесторлар қатысатын даулардың инстанцияларын қайта қарауды көздейді. Жүктемені бөлу және бірыңғай практиканы әзірлеу мақсатында инвесторлар қатысатын дауларды қарау Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құзырына беріледі. Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға қоятын талаптарын қарайды. Заң жобасында мамандандырылған соттардың, толыққанды үш сатылы сот жүйесінің сақталуы ұсынылып отыр. Жаңашылдықты қабылдау еліміздің инвестициялық климатына оң әсер етеді деген үміт бар. Депутаттар әкімшілік рәсімдік-процестік істер бойынша алқаның құрылуына қызығушылық танытты. Мәселен, депутат Дархан Мыңбай атап өткендей қазіргі таңда Жоғарғы Сот құрамында қылмыстық, азаматтық істер және мамандандырылған сот алқасы бар.
Ендеше әкімшілік-рәсімдік процестік істер бойынша қосымша алқа құрмай, оның міндетін табиғаты жақын азаматтық істер алқасына неге қоспасқа? Сонда заңға өзгерістер енгізу қажет болмайтын еді. Бұл пікірге Мусиннің уәжі дайын екен. Оның айтуынша, Әкімшілікрәсімдік процестік кодекс бір жағынан заңды тұлғалар, екінші жағынан мемлекеттік органдар арасындағы дербес сот процесін реттейді. Ал азаматтық процестік кодекстегі өлшемдер аясы бұл шараға тарлық етеді, сондықтан жария-құқықтық дауларды қарайтын өз алдына бөлек қадағалау алқасы болу керек. Депутат Альберт Рау заң жобасы бойынша аталмыш алқа құрамы Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысымен құрылатынын айта келіп, мұның сот тәуелсіздігіне кері ықпал ету мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге Палата спикері Нұрлан Нығматулин де назар аударып, аталмыш норманың екінші оқылымда қайта қаралып, жетілдірілуі қажеттігін атап көрсетті.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий