Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

КЕШЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢ БҮГІН НЕГЕ ӨЗГЕРЕДІ?

ҚР Конституциясында еліміздің өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны (1-бап) және мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық (3-бап) екені жазылған. Құқықтық мемлекетте заң – билік пен халықтың арасындағы келісім саналады дегенмен, қарапайым халық көп жағдайда заңның қандай жағдайда және қалай қабылданатынынан хабарсыз.

Бұл Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы кезінде де айқын аңғарылды. Тіпті кейбір заң жобаларының Мәжіліске қалай қабылданып, мақұлданып кеткенін білмейтін депутаттардың да бары бұқаралық ақпарат құралдарында аз айтылып, жазылып көрсетілген жоқ.
Ал Конституцияның 61-бабы бойынша заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады. Республика Президентінің заң жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен, екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi. Онда сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшілік дауыспен мақұлданған заң жобасы Сенатқа беріледі, ол онда әрі кеткенде 60 күннің ішінде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және 10 күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Ал 40- бап бойынша Президент – мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Парламент – саяси мәміле мектебі
Ата Заңның 49-бабы бойынша Парламент – заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы. Алайда Парламент жұмысы сөз бола қалса, көпшілік оған қанағаттанбайтынын ешқашан жасырған емес. Парламенттің заң шығаруға емес, оның орындалуын бақылауға қатысты өкілдіктерінің жүзеге аспай келе жатқанын сарапшылар мен ғалымдардың айтып келе жатқанына біршама уақыт болды. Алайда одан әзірге еш нәтиже болмай тұр. Билік пен халықтың арасындағы келісімнің жобасын дайындап, оны жұмыс топтарында жан-жақты
талқылап, жалпы отырыста мақұлдап, Президенттің қол қоюына жібергенге дейінгі процестің ашықтығы барлық
жағдайда бірдей емес. Сондықтан кейде Парламент мақұлдап, Президент бекіткен заңдарға жыл өтпей жатып, өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қозғалып, ол жұртшылық арасында сан-саққа жүгіртіліп жатады. Бұл мәселе 18 ақпан күні Сенаттың БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткен отырысында да сөз болғанын ҚазАқпарат халықаралық агенттігі таратты. Сенатор Қанатбек Сафинов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық
актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында түзетулер мен өзгерістердің қарастырылуы заңнама тұрақсыздығының көрсеткіші екенін айтқан.
– Парламент алдындағы аса маңызды екі міндет – сапалы заң қабылдау және қоғамның өзекті мәселелерін шешу. Мұны Президент айқындады. Қандай заңды сапалы деп атауға болады? Бұл – бір жағынан әлеуметтік қажеттіліктерге тиімді жауап беретін, ал екінші жағынан дұрыс дайындалған және ресімделген заң. Заң жобасын
әзірлеушілер әлеуметтік бағыт және олардың тиімділігі мәселелерін елемей, заңды ресімдеу мен дайындаудың формальды-құқықтық жағына басты назар аударды. Қазақстан Республикасында 2,5 мыңнан астам заң қабылданды. Олардың 90 пайызы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар және ратификацияланған халықаралық шарттар. Өзгеріс енгізілмеген заң қалмады» – деген сенатордың сөзін бірқатар ақпарат құралдары көшіріп басты. Ал бұған дейін билік партиясына қарасты республикалық басылымдардың бірінде Әділет министрлігінің 2006 жылы қолданыстағы 544 заңға жасаған сараптамасында оның 158-інен коррупциялық сипаттар тапқаны жарияланған еді.

Билік дегеніміз – ең алдымен жауапкершілік
Қазіргі таңда заң шығару бастамасы құқығына ие Президенттің де, Парламент депутаттарының да, Үкіметтің де заңнаманың тұрақтылығына қатысты еш жауапкершілігі жоқ. Заңдар ғана емес, заңдық күші бар Президент Жарлығы мен өкімдерінің де кейде көп уақыт өтпей жатып күшін жойып жатқанын күнделікті өмірде, көріп те, естіп де жүрміз. Елбасының Жарлығымен бекітілсе де, кейін жұртшылық арасында сынға қалып, Президент қайта жетілдіруге тапсырма берген латын графикасына қатысты мәселе соның жарқын дәлелі. Көпшілікті әрі-сәрі күйге түсірген бұл әліпбиге қатысты тіпті әлі күнге дейін нақты тоқтам жасалған жоқ. Сондықтан халық заңнаманың
тұрақсыздығы мен оның алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін мемлекеттік тілге аударылуына ренішті. Тіпті,
ғалымдар мен сарапшылар ғана емес, заңгер, адвокат, сот, прокурорлар да қызмет барысында заңның мемлекеттік
тілдегі аудармасы түсінуге де, түсіндіруге де өте қиын екенін, сондықтан орыс тіліндегі нұсқасына көбірек жүгінетіндерін жасырмайды. Сенатор Дана Нұржігіт те: «Біз шын мәнінде халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз десек, мына бір мәселеге назар аударуымыз қажет. Өңірлерге іс-сапар барысында байқағаным, халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар. Яғни, Парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа жеткізілмейді. Кездесуде азаматтарымыздың көбісінің сұрағы алып-қашпа әңгімелерге негізделген. Сол себепті, халыққа заңды ашық, қарапайым тілде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін күшейту қажет. Міне, осының салдарынан әлеуметтік желідегі блогерлер, тәуелсіз сарапшылар заңды өз пайым, түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жатады. Ал тиісті мемлекеттік органның түсіндірмесі кешігіп барып, қоғам қызу талқылағаннан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды. Демек, халық пен билік арасындағы медиакоммуникацияда проблема бар», – деген сөзінің жаны бар. Заңнаманың жобасын жасаудан бастап, талқылау, Парламент мақұлдауын алып, Президенттің бекітуіне ұсынуға дейінгі және одан кейінгі жұмыс процестерін халыққа жатық тілмен түсіндіріп, насихаттауда Әділет органдарының жұмысына айтылар сын жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай келеді. Бұл министрлікке қарасты заңнама және құқықтық ақпарат институтының аты да, заты да көпшілік арасында әзірге танымал емес.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий