Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

БАЛАЛАРМЕН БІРГЕ БОЛАШАҒЫМЫЗ ӨРТЕНІП ЖАТҚАНДАЙ…

«Жанып тұрған оттан сақта, қатерлі судан сақта», – деп халық жанған оттан, аққан судан бекер қауіп қылмайтын. Ежелден келе жатқан бұл тәмсіл бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Тілсіз жау уақытқа да, кезеңге де, жасқа да қарамайтынын, өз құрбанын таңдап, талғамайтынын көрсетті. Былтырғы Нұр-Сұлтандағы, кешегі Жаңатастағы жағдай соның дәлелі. Ең өкініштісі, өрімдей жастардың, кішкентай нәрестелердің осындай апаттар құрбанына айналып жатқаны. Өрт салдары бір отбасының ғана емес, халықтың қайғысына айналды. Бұл мәселе өрт қауіпсіздігін сақтамаудың зардабын ғана емес, бұдан өзге де бірнеше әлеуметтік мәселелердің шетін шығарды. Елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, балабақшалардың қолжетімсіздігі, әлеуметтік жәрдемақылардың жеткіліксіздігі мемлекеттік тұрғыда көтеріліп, шешімі тездетіп қабылдануы тиіс мәселе.

Осы орайда айта кетсек, иіс тиюден, өрттен соңғы екі жылдың өзінде бірнеше сәби қаза болыпты. Жоғарыда айтып өткендей 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы бір үйдің бес бірдей қызы өрт салдарынан қаза болса, өткен жылы 3 ақпанда Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Өстемір ауылында жер үйде шыққан өрттен екі бала мерт болған. Әкесі қалаға жұмыс іздеуге, ал анасы ұлы мен қызын сыртынан жауып, дүкенге кеткен кезде өрт шыққан. Ал 5 наурызда Алматы облысы Есік қаласында жер үй өртеніп, үш бала қайтыс болған. Облыстық төтенше жағдай департаменті өрт шыққан кезде балалардың ата-анасы үйде болмағанын хабарлаған. 2020 жылы 1 қазанда Тараз қаласында жер үйден өрт шығып, 2-3 жасар екі сәби өрт құрбанына
айналған. Оқыс оқиға кезінде балалардың әкесі жұмыста, шешесі ауруханаға кеткен. Сондай-ақ, 18 ақпан күні Қызылорда қаласында көп балалы жанұяның үйінде өрт шығып, төрт бала құтқарылған. Ал бесіктегі сәби өрт құрбаны болған. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желідегі халықтың басым бөлігі төтенше жағдай кезінде
балаларды қараусыз қалдырған әке-шешелерін кінәлауда. Бірақ бұл кез келгеніміздің басымыздан өтуі әбден мүмкін жағдай. Өйткені қазір құрылыс материалдарында да, киім-кешекте де, балалардың ойыншықтарында да тез жанғыш материалдар көп пайдаланылады. Екі күннің бірінде отқа оранып жататын тұрғын үйлер мен базарлардың,
дүкендердің, дәмханалардың сырын бәлкім тез тұтанғыш материалдардан іздерміз?! Осы оқиғалардан соң құрылысқа ондай материалдарды пайдалануға тыйым салынса, қане? Шекара асып келетін киімдер мен ойыншықтарға тосқауыл қою жолдары неге қарастырылмасқа?! Әйтпесе мұндай оқиғалар одан әрі көбейе бермесіне кім кепіл? Расында да, бұл кез келгеніміздің басымызда кездесуі әбден мүмкін жағдай. Өйткені
балабақша ақысын үнемдеп, азық-түлік алуды ойлаған ата-аналар жетерлік. Үлкені бес жаста, кішісі жеті айлық балаларды сыртынан құлыптап кетпей, шамасы жетсе бала күтушісін жалдап, тіпті ересектерін балабақшаға беруді қай ата-ана қаламайды дейсің?! Бірақ еліміздегі 15000 мен 50000 теңге аралығындағы мемлекеттік, жартылай мемлекеттік балабақшалардың бағасын кез келгеннің қалтасы көтере алмасы анық. Бес бірдей баласы бар отбасыларға да бұл балабақша ақысы ауыр тиері анық. Рас, қоғамды сілкілеп алған Нұр-Сұлтандағы бес қыздың өртке орануынан соң аздап болса да, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 21 мың теңге көлемінде тағайындалғанымен, артынша түрлі сылтаумен атаулы әлеуметтік көмек төлеу шартын өзгертіп, көп балалы отбасыларға, яғни төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге, бес баласы барларға – 53127 теңге көлеміндегі жәрдемақы қарастырылған болатын. Яғни, бала санына қарай он мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындады. Ал, әр балаға төленетін ақша көлемі олардың балабақшасына да жетпейді. Оны ата-анасы балаларына тамақ қыла ма, әлде ай-сайын өсетін балаға киім ала ма? Бұл – елде адам құнының жоқтығының бір дәлелі. Қоғамда төрт баладан төмен баласы бар отбасына мұндай жәрдемақы да қарастырылмаған.
МЕМЛЕКЕТ ЕШ ПАЙДАСЫ ЖОҚ ШАРАЛАРҒА, МИЛЛИАРДТАП ҚАРАЖАТ БӨЛУДЕ.АЛ, ТЕГІН БАЛАБАҚШАЛАРДЫ КӨБЕЙТУ ЖАЙЫН ОЙЛАП ОТЫРҒАН ЕШКІМ ЖОҚ. СОНДАЙ НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ САЛДАРЫНАН БОЛАШАҒЫМЫЗ, БАЛАПАНДАРЫМЫЗ ӨРТКЕ ОРАНЫП ЖАТЫР.

Жанұзақ ӘКІМ, экономист:

– Ұқсас оқиғалардың бірнеше рет қайталануы, қоғамда сол мәселенің ушығып бара жатқанын аңғартса керек. Бірақ сол мәселеден қорытынды шығарып, қателікті жоюға тырыспай отырғанымыз өкінішті. Рас, соңғы кездері елімізде өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орын алатын төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе қыс мезгілінде жер үйлерде иіс тию, өрт тұтану жиі тіркеледі. Өйткені құрылысқа арзан материалдар пайдаланылады. Газды «бармақ басты көз қыстымен» қоса салады. Шын мәнінде газ пеші орналасқан жер қаншалықты қауіпсіз? Оны арнайы маман тексеріп, барып қосуы керек. Ал біздің елімізде осы бір заңдылық сақтала бермейді. Үй иесіне барып ескертеді, пара берсе кемшілікті көрмеген бола салады. Яғни өрт қауіпсіздігі ережесі жемқорлыққа қызмет ететін ережеге айналды. Қазір рейд жасап, барлық тұрғындардың үйлерін тексерсе, өрт қауіпсіздігі ережесі сақталмаған талай үй тіркелер еді.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий