Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

БАСШЫ КӨЛІКТЕН БАС ТАРТТЫ

Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев қызметтік көліктен бас тартты. Ол өзі мініп жүрген су жаңа шетелдік Toyota Camry 50 көлігін қарттар үйіне берді.

Мемлекеттік қызметке келгеніне небәрі төрт айға жуық уақыт болған бас дәрігер мұндай шешімді өз еркімен қабылдаған. Айтуынша, бұған 26 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шенеуніктер мінетін қызметтік көлік санын азайту жөнінде берген тапсырмасы түрткі болған.
– «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне хабарласып, өз шешімімді айттым. Қызметтік көлікке бюджеттен қаншама қаржы жұмсалады. Жанар-жағармайы, жүргізушінің айлығы да бар. Менің ойымша, қазіргі індет жағдайында, халыққа қиын кезде қызметтік көлікке мініп шалқайып жүрудің қажеті жоқ. Сол себепті 2018 жылы шыққан жаңа қызметтік көлігімді қарттар үйіне тапсырып отырмын. Өйткені ол менен гөрі қарттарға керек. Жасы 60-тан асқан адамдарға уақытылы жедел жәрдем көрсетіп, емханаға апару керек, – дейді Рүстем Исаев. Темір тұлпарын қарттарға тарту еткен бас дәрігер енді жұмысқа жаяу бармақ.
– Жұмыс орныммен үй арасы жақын. Күнде таңертең жаяу келіп, үйге жаяу барамын. Таза ауа пайдалы. Қажет болған жағдайда, жеке көлігіммен жүремін, – дейді. Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер үйі директорының емдеу ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлмира Нұртазина мұндай көліктің қарияларға аса қажет екенін айтады.
– Жеңіл көлік бізге қатты қажет. Өйткені қарияларды емделуге, диагностикаға және мүгедектікті рәсімдеу үшін ауруханаға жиі апаруға тура келеді. Қарттар үйінде үлкен жедел жәрдем көлігі бар. Алайда, оған мініп-түсу егде жастағы адамдар үшін қиын. Бізге жеңіл автокөлік бергеніне өте қуаныштымыз. Қариялардың атынан алғыс айтамын. Бүгінде өңірде 4200-ден астам мемлекеттік қызметші бар. Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері
департаментінің мәліметінше, оның 24-і басқарма басшысы болса, 33-і департамент басшысы. Яғни, соншама қызметтік көлік бар деген сөз. Әзірге алғашқы болып халық игілігі үшін шетелдік тұлпарын тарту еткен бас дәрігердің игі ісін кімнің жалғайтындығы белгісіз.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Комментарий