Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Жыныстық зорлық-зомбылықты тергеу әйелдерге жүктеледі

Қоғамымызда жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйелдер мен кәмелетке толмағандар туралы жантүршігерлік хабарлардың қатары азаяр емес. Алдағы уақытта осындай қылмыстарды тергеуші әйелдер тергейтін болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі ЕрланТұрғымбаев мәлімдеді.
Еліміздің бас полицейі жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергеумен айналысатын тергеушілердің мамандануын қамтамасыз етуді және әйел қызметкерлерді жыныстық қылмыс құрбандарымен жұмыс істеуге дайындауды және оқытуды тапсырды.
– Бұл бағытқа жауапты ретінде тәжірибелі қызметкерлерді бекіту, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау жөніндегі бағдарламаны кеңінен қолдану және дербес деректердің құпиялылығын мүлтіксіз сақтау қажет, – деді ЕрланТұрғымбаев кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2020 жылы «Кәмелетке толмағандарды зорлау» бабы бойынша 199 қылмыс тіркелген. Бұлардың ішінде 128 оқиғада азғындардан жас сәбилер зардап шексе, алған жарақаттардың салдарынан бір бала жарық дүниемен қоштасқан. Бесіктен белі шықпаған өрендердің тағдырын тәлкек етуші педофилдер үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Осы орайда ІІМ тарапынан кейбір заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап бұл өзгерістер заңды күшіне енді.Осылайша, балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстың барлық түрлеріне жауапкершілік қатаңдатылып, санкциялар күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 120- бабы зорлау қылмысы бойынша айтар болсақ, қылмыстық топ құрамында әрекет жасағаны үшін жазаның төменгі шегі – 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға көбейтілді. Ата-анасының, өгей әкесінің, педагогтің осындай қылмысқа барғаны үшін санкция – 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды. Бұрын бұл санкция 12 жылдан 17 жылға дейін болды. Мұндай өзгерістер ҚК 121, 122, 123, 124, 134, 144, 312-баптарына да енгізілді. Құқықтық жауапкершіліктің күшейтілуі кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттері мен қылмыстарды ауыздықтайды деген үміт бар. 2021 жыл – Құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жариялануы да қазақстандық полицияның жұмысын жандандырып, елдегі қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етеріне сенім мол.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий