Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУ ФОРМАТЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізеді. Есеп беру барысында елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы, оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы айтады. Осы дәстүрлі кездесулердің жаңа формасын ойлап табуға бола ма? Әкімдердің есеп беруін халыққа қолжетімді етудің жолдары қандай?

Рустам САҒАДИЕВ, саясаттанушы:
– Эпидемиологиялық ахуалға байланысты, биыл әкімдердің есеп беруі онлайн форматта өтіп жатыр. Ал ғаламтор жылдамдығы төмен, халық саны аз кейбір шалғай ауылдарда әкімдер бұрынғыша, яғни тұрғындармен кездесіп, есеп беруде. Дегенмен, онлайн есеп беру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, ғаламтордың көмегіне жүгіне алмайтын жалғызбасты зейнеткерлер, өзге де әлеуметтік топ өкілдері сұрағын қалай қояды? Осыған байланысты жеке сұрақтарыңыз бен мәселеңізді қағазға түсіріп, жергілікті әкімдік ғимаратындағы пошта жәшігіне қалдыруыңызға болады. Оның жауабы да жазбаша түрде келмек» деген ақпараттар берілген болатын. Бірақ егде жастағы адамдар қағаз бетіне түсіріп отырады деп те ойламаймын. Тағы бір айта кететін жайт, әкімдердің есеп беруі жұртшылықты жалықтыра бастаған секілді. Неге? Өйткені, есеп берудің қандай баяндамамен өтетіні тұрғындарға алдын ала белгілі болып қалғандай. Сондықтан осы форматты өзгерту керек. Мысалы, Алматы қаласында 2 миллионнан астам халық тұрады. Олардың барлығымен кездесу өткізу жалпылама емес, әр ауданға барып, сол жердің тұрғындарымен кездесу өткізу қажет. Екіншіден, есеп берушінің баяндамасы халыққа түсінікті тілде емес, пайыздар мен көрсеткіштерді салыстырған сірескен есеп-қисаптарға құрылады. Оны сол саланың мамандары түсінбесе, қарапайым халықтың түсініп, жеткілікті ұғына қоюы екіталай. Алматының ең өзекті үш мәселесі бар. Олар: метро,«Алтын Ордадағы» жолайрығының құрылысы мен экология мәселесі. Оған қоса, «баспана, жұмыс керек» деп, үнін тиісті орындарға жеткізе алмай отырған мұқтаж жандар қаншама?.. Осы айтылған мәселелер жылда айтылады. Бірақ нақты шешімі әлі жоқ. Әкімдердің ел алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік туғызу керек.

Талғат ЖАНЫСБАЙ, тарихшы:
– Естеріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен болатын. Президент қол қойған Қаулыға сәйкес, бұдан былай министрлер мен әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін бейнеконференция байланысын пайдаланып, әлеуметтік желілердегі ресми акаунттарда және ақпараттық интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастыра отырып өткізуі тиіс. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі әкімдер есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керек. Әкімдердің баяндамаларынан жалыққан біз жаңа қаулыны қуана қабылдадық. Дегенмен, өзгерген яки жаңарған жүйе көрмедім өз басым. Иә, биыл әкімдердің есеп беруі онлайн форматта өтіп жатыр. Бірақ ол бұрынғы кездесулерден өзгерек болды деп айту қисынсыз. Жылда көрермен қатарын толтырып отыратындар биыл онлайн сұрақ қойды. Бірақ арасында өңірлердің шынайы ахуалын ашық айтып, назар аударарлық мәселені ұсынатын халық өкілі бар деп айту қиын. Көбіне, мекеме, ұйымдар басшылары бюджеттік мекемелер қызметкерлері мен жастар сұрақ қойды. Барлық әкімдердің есеп беруіне бірдей қатыспасам да, әкімдіктердің ресми сайттарында, ақпарат құралдарында жарияланған баяндамаларын шолып шықтым. Басым бөлігінде сол баяғы пайыздық көрсеткіштер, жіпке тізілген жетістіктер.
Шын мәнінде, халыққа судыратып оқып берген баяндама мен құрғақ уәделер керек емес. Түйткілді мәселелердің шешімі қажет. Екінің бірінде баспана жоқ. Жұмыссыз жүрген жастар көп. Тіпті жасы елуден асқан адамға жұмыс табу қиын. Айлық аз, бірақ азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы қымбат. Осындай мәселелерді кей билік өкілдері елеп-ескергісі келмейтіндей көрінеді. Сондықтан халыққа қызмет етуі үшін әкімдерді халықтың өзі сайлауы керек шығар, бәлкім. Әйтпесе, олар кімнің мүддесі үшін жұмыс істеуі керегін, кімге есеп беруі тиіс екенін әлі күнге жете ұғына алмай жүрген секілді.

Сауалнаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий