Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ПАНДЕМИЯ ҰРЫЛАРДЫҢ САНЫН АРТТЫРДЫ

Шымкент қаласында орналасқан соттар кезегімен 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша журналистерге мәлімет беріп шықты. Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Алпысбай Налибаев пен мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Ғалым МЫҢБАТЫРОВ баспасөз мәслихатын өткізді.

Төрағалардың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, Қаратау аудандық сотына өткен жылы түскен 373 қылмыстық істің 215-і бойынша айыптау үкімі шығып, 89 іс өндірістен қысқартылған. Аяқталған 354 қылмыстық істің 8-і медиация тәртібімен қаралған. Ал азаматтық істер бойынша түскен 3855 арызға қатысты 1536 шешім, 641 сот бұйрығы шыққан. 216 іс медиация тәртібімен қаралып, 18 іс бойынша тараптар бітімгершілікке келген. Тергеу сотына өткен жылы 6617 іс материал түсіп, 5060 өтінішхат қаралған. Оның 4754-і қанағаттандырылған. Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау жөнінде 1180 өтініш хат түсіп, оның 1122-сі қанағаттандырылған. Осы аптаның алғашқы күні журналистермен Шымкент қалалық сотының судьялары Самат Мырзахметов пен Виталий Мирошников және Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов жүздесті. Жиынды қалалық сот баспасөз қызметінің жетекшісі Қабыл Дүйсенби ашып, жүргізіп отырды.
– Дүниені дүрбелеңге салған пандемия еліміздің барлық салаларына өз ауыртпашылығын тигізбей қоймады. Әсіресе, сот саласына орасан жүк артты. Өйткені, сотта қаралып жатқан қандай да болмасын істер өз уақытында тиісті шешімін тауып отыруы қажет. Азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында сот отырыстарын қашықтан, онлайн форматта өткізудің ауқымы кеңейді. Республикамыздың соттары өзгерістерге тез бейімделіп, техникалық жабдықтаудың арқасында, бейне-конференц байланыс жүйесін қолдану арқылы барлық сынақтардан абыроймен өте алды деп айтуға болады. Нәтижесінде былтыр электронды форматта келіп түскен қылмыстық істер саны өткен жылғы осындай көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артқан, – деп атап өтті Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Самат Мелдебекұлы. Жалпы, Шымкент қаласының аудандық және оған теңестірілген соттарына өткен жылы екі мың қылмыстық іс түсіпті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Алайда, шыққан үкімдер санына шаққанда былтыр біраз төмендеген. 2020 жылы 346 азаматқа қатысты 275 сот үкімі қайта қаралып, 6 тұлғаға қатысты 4 үкімнің күші жойылып, 61 тұлғаға қатысты 45 сот үкімі өзгертулерге ұшыраған. Ал, үкімдердің күшін жою себебіне үңілсек, үкімде айтылған түйіндердің істің нақты мән-жайларына сәйкес келмеуі, қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы секілді олқылықтар орын алған. Өкінішке қарай, өткен жылы ұрлық пен алаяқтық өскен. Олар жалпы орын алған қылмыстың 38 пайызын құрайды. Бұған негізінен пандемия кезіндегі әлеуметтік жағдайдың күрт төмендеуі себеп болған. Сондай-ақ, былтыр 23406 азаматтық іс пен арыз түскен. Азаматтық процессуалдық кодекске енгізілген өзгерістерге орай бір жыл бұрынғы көрсеткіш 7375 іске азайған. Сотқа түскен істердің денін келісім шартқа, отбасылық қарым-қатынасқа және мемлекеттік органдар іс-әрекетіне байланысты туындаған даулар құрайды.
Жалпы қаралған істердің ішінде 2316 іс апелляциялық сатыда қайта қаралып, 344 шешім бұзылып, өзгертілген. Салыстырмалы түрде алғанда, бұзылған және өзгертілген істер саны алдыңғы жылғы көрсеткішке қарағанда 1 пайызға азайған. Бұл жұмыс сапасының аз да болса жақсарғанын көрсетеді. Жүздесу соңында қала аумағындағы соттардың материалдық-техникалық мүмкіндіктеріне тоқталған соттар әкімшісінің басшысы Берік Талғарбекұлы жуырда пайдалануға берілген «Еркін аймақ» бөлмесін таныстырды. Мұнда судьялар бір сәт тынығып, кофе ішіп, кітаптарға көз жүгіртіп, бір сөзбен айтқанда, жұмыс арасында аздап сергіп алуға мүмкіндік жасалған.
Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

Комментарий