Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

СОТ АКТІЛЕРІНІҢ 75 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ОРЫНДАЛАДЫ

СОТ ШЕШІМІНІҢ ОРЫНДАЛУЫ – СОТ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІНІҢ БІРДЕН-БІР ӨЛШЕМІ. БҮГІНДЕ СУДЬЯЛАР ТАРАПЫНАН ШЫҒАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШЕШІМ КӨБЕЙМЕСЕ, АЗАЙҒАН ЖОҚ. ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕУІНШЕ, ОЛАРДЫҢ 75 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛАДЫ. АЛ, ҚАЛҒАН 25 ПАЙЫЗЫ, ЯҒНИ ӘРБІР ТӨРТІНШІ СОТ АКТІСІ СОЛ КҮЙІНДЕ ҚАЛАДЫ. БҰЛ, СОТ ӨНДІРІСІНІҢ АҚЫРҒЫ САТЫСЫ – АТҚАРУШЫ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙ ОТЫРҒАНЫН КӨРСЕТЕДІ.

Мемлекеттік сот орындаушылардың бұл үрдісті тежеуге күші жетпеген соң, он жыл бұрын жеке сот орындаушылар институты енгізілген еді. Әлемдік тәжірибеде бұл өзін-өзі ақтаған құрылым. Дамыған елдерде жеке сот орындаушылар талапкерлердің таңдау мүмкіндігін арттырып, атқарушы құжаттардың орындалу жеделдігі мен сапасын көтерген, республикалық бюджеттің шығынын оңтайландырып, бюджетке түсетін салық көлемін көбейткен қызмет.

«Заңдастырылған рэкет»?
Біздің елімізде де солай болуға тиіс еді. Өкінішке орай, өзіне үлкен сенім жүгі артылған жеке сот орындаушылар осы үдеден шыға алмай отыр. Бүгінде жеке сот орындаушыларға қатысты қоғамдағы пікір осындай ойға жетелейді. Әсіресе, жуырда Бас прокуратора ашқан сұмдық жай еріксіз алаңдатып отыр. Азаматтардың жеке сот орындаушыларға қатысты арыз-шағымы көбейіп кетуіне орай тексеріс жүргізген қадағалаушы орган коллекторлар мен жеке сот орындаушылар бірігіп, заңсыз схема құрғанын анықтаған еді. Заң бойынша, сот орындаушылар базасы – мемлекеттік ақпараттық жүйе. Онда өзгелерге кіруге тыйым салынған. Өйткені тараптардың жеке мәліметі сақталады. Оларды жеке сот орындаушылар сот шешімін мәжбүрлеп орындату үшін қолдануы тиіс. Ал Бас прокуратура анықтаған схемада коллекторлар үлестес тұлғалар арқылы жекеменшік сот орындаушылардың ақпараттық базасына кіріп, құқықтық тетіктерді өз мүддесіне пайдаланған. Нақтырақ айтқанда, осы органның автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің арқасында азаматтардың мүлкін «тұтқындап», кейде сатуға шығарып отырған. Шетелге шығуға тыйым салып, банктік шоттарын бұғаттаған. Тек Алматы қаласында коллекторлар электронды қолтаңба кілтін пайдаланып, сот орындаушылар базасына 200 мың мәрте кіріп, борышкерлер жайлы мәлімет жинапты. Бұған жол ашқан жеке сот орындаушыларға ай сайын 250-300 мың сыйлық берілген. Бұдан соң қоғамда айтылып жатқан «жеке сот орындаушылар рэкет болып кетті» деген әңгімемен қалай келіспессің?! Бүгінде Бас прокуратура анықтаған осындай заңсыз әрекеттер нәтижесінде 2 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылып, 18-інің республикалық палатадан шығарылғаны белгілі болып отыр.

Әр жеке сот орындаушының еншісінде 1400 құжат

Өзге де мәселелерге қатысты жеке сот орындаушыларға айтылатын наразылық аз болмай тұр. Әсіресе, олардың ұсақ істерге жолағысы келмейтініне қапалы азаматтар көп. 100 мың теңгелік ұялы телефонға қатысты істі айналып өткісі келетін жеке сот орындаушылар молырақ кіріс әкелетін өндірістерді жүзеге асыруға бейіл. Бұл айтылғандарды республикалық жеке сот орындаушылар палатасындағылар жоққа шығаруға тырысып бақты.
Өкінішке орай, Бас прокуратураның жеке сот орындаушылардың коллекторлармен бірігіп схема құрғандығы жөніндегі мәлімдемесіне қатысты да түсініктеме ести алмадық. Ал, келеңсіздіктерге қатысты мамандар пікірінен түйгеніміз, мәселенің бір парасы атқарушылық құжаттың көптігінен орын алып жатыр. Бұл сөздің жаны да бар.
Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеке сот орындаушыларға 5 млн 180 құжат түсіпті. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 миллионнан аспайтын. Қазіргі таңда әр жеке сот орындаушының еншісінде 1400 құжат бар. Бір мезгілде осынша жұмысты жүргізіп, әрқайсысын процессуалдық мерзім ішінде атқару – үлкен жүктеме. Жалпы, барлық атқару құжаттары бір деңгейдегі күшке ие. Сондықтан жеке сот орындаушы олар бойынша бірдей шешім
қабылдауға міндетті. Негізінде құжаттардың орындалуы борышкерге байланысты. Егер оның талап етілген көлемдегі борышқа тең қаржысы болса, яғни жұмысы, табысы болса ғана атқарушылық әрекеттің нәтижесі болады. Керісінше жағдайда құжаттың атқарылу мүмкіндігі аз. Мұндай жағдайда сот орындаушысына оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға әрекеттенуден өзге ештеңе қалмайды. Ал, әкімшілік хаттаманы құрастырумен әділет органдары, қылмыстық жауапқа тартумен ішкі істер органы айналысады. Егер борышкер атқарудан бас тартса, онда оны жауапқа тартуға болады.

Қарызды өндірудің төте жолы
Осы тұрғыда республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Ернар Ыбыраев борышкерлерді мәжбүрлеп еңбекке тартудың мемлекеттік кешенді жүйесін енгізу қажеттігін ортаға салды. Оның айтуынша, бұл – қарызды өндірудің төте жолы. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру құзыретін берудің де көмегі көп. Ернар Еркенұлы жеке сот орындаушылардың тек табыс түсетін құжаттарды ғана орындайтынын да жоққа шығарды. Оның айтуынша, шын мәнінде құжаттарды бөлу Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген ереже негізінде атқару органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі
арқылы жүргізіледі. Соған салынған өлшем негізінде құжаттар автоматты түрде жеке сот орындаушылар арасында бөлінеді. Жеке сот орындаушылардың атқарушы құжатты таңдап алуға немесе одан бас тартуға құқысы жоқ. Жергілікті жердегі палаталардың бағдарлама алгоритміне араласу мүмкіндігі жойылған. Бірақ барлық істер автоматтандырылған бөлуге түспейді. Талапкерлердің тікелей жеке сот орындаушыға жүгінуге құқы бар. Мысалы,
банктер, шағын несие ұйымдары өз істерін қалаған жеке сот орындаушыға береді. Ыбыраев мырза сот орындаушыларға қатысты шағымдар толықтай негізсіз емес екенін жоққа шығармады. Арыздың дені алиментке қатысты. Былтыр олардың 8,64 пайызы негізді болып, жеке сот орындаушылар тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, мәселеге көп жағдайда жеке сот орындаушылар кінәлі емес. Мысалы, айыппұл төлемегені үшін
есепшоттың аяқ астынан бұғатталуы оны салған органның ескертпе жасамауынан болады. Өйткені, Әкімшілік құқық
бұзушылық туралы кодекстің 823-бабының 2-тармағы бойынша қаулы заң бұзған тұлғаға жарияланғаннан кейін үш тәулік ішінде жіберіледі. Сондай-ақ айыппұлды ерікті түрде төлеуге 30 күндік мерзім көзделген. Қаулының көшірмесін алған азамат 10 күн ішінде оған шағым жасауға құқылы. Алайда тәжірибеде әкімшілік айып салған органдар құқық бұзушыны хабардар етпейді. Олар 30 күннің аяқталуын күтіп, бұл мерзім біткеннен кейін қаулыны мәжбүрлеп орындауға жібереді. Осының салдарынан адам өзінде төленбеген айыппұл барын есепшоты немесе
мүлкі тұтқындалғанда ғана біледі. Солай бола тұра, сот орындаушыда егер борышкер бастамашы орган тарапынан хабардар болмаса, өз еркімен құжатты қабылдаудан бас тартатын заңдық мүмкіндік жоқ. Осының бәрі шағымды көбейтіп, азаматтар құқын бұзады. Бұл орайда, кінәлі органдар барлығынан тыс қалып, барлық жағымсыз сөз сот орындаушыға айтылады.

Алимент өндіру ісі неге аяқсыз қалады?
Жеке сот орындаушылардың жиі бетпе-бет келетін мәселесі – алимент өндіру. Айтып өткеніміздей, осы тұрғыда да
оларға айтылатын сын аз емес. Шағым берушілер бұл шараның көбіне аяқсыз қалатынына қапалы. Ыбыраев мырза бұл мәселеге қатысты да өз уәжін айтқан еді. Оның сөзінен түйгеніміз –алимент бойынша шешімді орындау тек жеке сот орындаушыға байланысты емес. Жұмыстың нәтижелі болуына сот орындаушылар 10 пайыз ғана ықпал ете алады. Ал, тоқсан пайызы борышкерге байланысты. Егер борышкер жұмысы бар, жалақысын тұрақты алып тұрса, онда алиментті өндіру еш қиындық тудырмайды. Проблемалық алименттер борышкердің төлейтін
ештеңесі жоқ болғандықтан пайда болады. Егер борышкер жұмыс істемейтін болса, жеке сот орындаушылар табыс
көзі жоқ адамнан ақшаны қалай өндіреді? Мәжбүрлі жұмысқа тек соғыс кезінде ғана рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда сот орындаушыға борышкердің Қазақстаннан тыс жерге шығуына шектеу қоюдан өзге жол жоқ. Алайда, бұл төлем қабілеті төмен жандар үшін тиімді емес. Өйткені, олар онсыз да шетелге аз шығады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жеке сот орындаушыларда әкімшілік хаттама толтыру құзыреті жоқ. Бұл үшін жеке сот орындаушыға борышкерді әділет департаментіне, бостандығын шектеу шарасын қолданатын болса сотқа баруға
мәжбүрлеуге тура келеді. Бірақ борышкер бас тартып немесе қарсылық көрсетсе, жеке сот орындаушы зорлықпен әкеле алмайды. Бізде Ресейдегідей күш қолдану құзыреті жоқ. Негізінен айыппұл салады. Ал, бұл алиментті өтеуге ықпал етпейді, керісінше, жағдайды қиындатады. Алиментті төлемеген борышкер айыппұлды қайдан төлесін?

Жеке сот орындаушылардың құзыреті кем
Шын мәнінде проблемалық алименттерді өндіру – мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Оны еңсеру үшін кешенді шаралар керек. Мәселен, борышкерді ақысы төленетін жұмыспен қамтудың мемлекеттік тиімді жүйесін енгізудің, «Алимент қорын» құрудың қажеттігі көрініп тұр. Бірі борышкерден ақша өндіруге мүмкіндік берсе, екіншісі асыраусыз қалған балаларға қамқорлық жасауға жол ашар еді. Бұл мәселелер бұрын да көтерілген болатын, алайда Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппады. Сол секілді, жоғарыда айтылған жеке сот орындаушыларға әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын құрастыру бойынша құзырет беру де ескерілмей келеді. Ал негізінде
осы мәселелердің шешілуі жеке сот орындаушылар институтының тиімділігін көтеретін ықпалды тетік болар еді. Ойланатын жағдай.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті» 

Комментарий