Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТІЛ МӘРТЕБЕСІН МОЙЫНДАЙТЫНДАР АЗ

Биыл қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленгеніне 32 жыл толады. Өткенге көз жүгіртсек, ол алдымен 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» заңда көрсетілді. Одан кейін 1997 жылы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңында да көрініс тапты.
Тілдің ұлтты ғана емес, бүкіл бір елдің тарихын жасайтынын Елбасы Н.Назарбаев әр жылдары сөйлеген сөздерінде көп айтты. Оны: «Ұлтты – күшейтудің бірінші тетігі – тіл», «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады», «Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру», «Мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз?», «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас» дегенінен анық аңғаруға болады. Алайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі атқарылып отырған жұмыс
әлі күнге дейін қазақтілді халықтың көңілінен шықпай отыр. 2020 жылғы дерек бойынша, әлемде 7174 тіл болған, дүниежүзі тұрғындарының 80 пайызы кең тараған 80 тілде, ал 0,2 пайызы сирек кездесетін 3,5 мың тілде сөйлейді. Сондықтан жаһандық ықпалдастық аса қарқынды жүріп жатқан қазіргі кезеңде қолданушыларының саны өсудің орнына кері кеткендіктен, әрбір екі аптада жанды деп саналатын тілдердің қатары бір тілге кемуде. Мұндай қауіп дер кезінде тілге деген жанашырлық, қамқорлық болмаса, қазақ тілінің де басына төнуі әбден мүмкін. Дегенмен
бұл жағдай бізде ешқашан болмайды. Өйткені сөздік қорымыз өте бай және әлемдегі қазақтың саны да, бейресми деректерге қарағанда, 18-20 млн-ға жуықтап қалды. Ағылшын тілі – 56, француз тілі – 29, араб тілі – 24, испан тілі – 20, португал тілі – 8, неміс тілі – 6, орыс тілі – 4 елде ресми тіл саналады. Орыс тіліне мұндай артықшылық берген 4 елдің қатарында Ресейден бөлек Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан тұр. Бұдан бөлек Қазақстандағы 19 млн халықтың көпшілігі үшін орыс тілі екінші тіл болғанымен, өз ана тілін ұмытқан кейбір қазақтар мен өзге де ұлыс өкілдері үшін орыс тілі кеңестік дәуірден бастап ана тілі боп кеткенін мойындаған жөн. Ал олардың мемлекеттік тілді мойындап, оны үйренуіне соңғы ширек ғасырда бюджеттен бөлінген млрд-тардың әзірге ешкім есебін бере алмай отыр. Алдағы уақытта да бере алмайтын сияқты. Ғалымдар балалардың кемінде 70 пайызы тілді үйренетін болса, ол тілдің болашағы бар деп санайды. Мемлекеттік тілді білетін халқының (16,1 млн) саны жағынан қазір
әлемде 40-орында тұрған Қазақстанның болашағы алдымен қазақтың, одан кейін Үкіметтің қолында. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі болса да, мемлекеттік басқаруда орыс тілінің үстемдігі салтанат құрып тұр. Тіпті
мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей мемлекеттік тілді білмейді. Олар халықтың басым бөлігі үшін қазақ тілі ана тілі ғана емес, мемлекеттік тіл болса да, ұлтаралық қатынас тілінде арыз-шағымын тыңдайтындықтан, олардың
құқын бұзып отырғанын сезінбейді және оған намыстанбайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий