Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Әлия ӘБСЕМЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: Жәрдемақы тағайындаудың жолын жеңілдету қажет

Бүгінгі күні елімізде әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж жандар мемлекеттен тиісті әлеуметтік көмек түрлерін алып отырғаны белгілі. Өкінішке орай, көп жағдайда оларға қол жеткізу қиындық тудырады.

Мәселен, «Әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарына» сәйкес, кейбір көмектер мен жәрдемақыларды алу үшін азаматтардан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжат талап етіледі. Айталық, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде тіркеуде 6 ай тұру керек. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар негізінен жағдайы төмен отбасы мүшелері екені белгілі. Олардың көбісі баспанасыз болғандықтан, белгілі бір жерде ұзақ мерзімде тіркеуге тұруға мүмкіндігі жоқ. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін де азаматтарға тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелу талап етіледі. Уақытша тіркеу әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға жарамайды. Егер мұқтаж жандардың жеке меншігінде үйі болмаса, тұрғылықты тұратын жері жоқ болса, сонда бұл азаматтар әлеуметтік көмекті қалай алады? Сондықтан баспанасы жоқ көп балалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтар, мүгедектер, тағы басқа мұқтаж жандар үшін әлеуметтік көмекті, жәрдемақыларды қолжетімді әрі тиімді ету мақсатында, оларды халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызу мүмкіндіктерін қарастыру керек. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтуға қатысты да шешімін күткен мәселе бар. Республикалық деректер банкінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда елімізде 23 410 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз
қалған балалар бар. 30 жылдың ішінде осы санаттағы азаматтарға тек 5723 үй берілген. Қазіргі күні оларға мемлекет тарапынан кезекке сәйкес тұрғын үй тұрғылықты мекенжайы бойынша, яғни, тек өзі тұратын елді мекеннен беріледі. Ал бір ауданда көбірек үй беріліп жатса, екіншісінде мүлдем берілмеуі мүмкін. Өйткені, облыстар арасында және бір облыстың ішіндегі аудандар арасында республикалық бюджет қаржысы есебінен тұрғын үй салу мен беру қарқыны әртүрлі. «Жол картасына» сәйкес, оларға 2021–2025 жылдар аралығында жыл сайын коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген үйлерден немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының көлемінен 20 пайызын беру көрсетілген. Бұл мақсаттың тиімді орындалуын қамтамасыз етудің бір жолы ретінде жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға
облыстың кез келген ауданынан, болмаса еліміздің басқа облысынан тұрғын үйді таңдау мүмкіндігін беруді қарастыру қажет деп есептейміз. Екіншіден, балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан жасөспірімдердің аңғалдығын, жақыны жоғын пайдаланып, алаяқтар олардың баспанасын тартып алған жағдайлар да кездеседі.Сол себепті, жетім жасөспірімдерге берілген тұрғын үй алаяқтық жолмен қолды болып кетпес үшін, оларға берілген сәттен
бастап 5 жылға дейін тұрғын үйді сатуға шектеу қою қажет.
Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий