Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖЕТІСУ: УӘДЕ мен ҮДЕ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен жылды онлайн форматта қорытындылап, облыстың әлеуметтікэкономикалық жетістігі мен кемшілігі туралы есеп беріп, келер жылға жоспарланып отырған жұмыстарын таныстырды. 2014 жылдан бері Алматы облысының әкімі лауазымын атқарып келе жатқан басшы осы уақыт ішінде іскерлігімен көзге түсіп, Жетісу өңірінің мәселелерін тиімді шешуде. Өткен жылы да пандемияға қарамастан, облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң серпін сақталған. Өнеркәсіпте (1 трлн 168 млрд) және ауыл шаруашылығында (918 млрд.) өсім 2,3 пайызды, құрылыста – 6,8 пайызды құраған (310,2 млрд). 957 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, бұл 2019 жылғы деңгейден 7 пайызға артық орындалған. Өңірге 4 пайыз өсіммен 680 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.

Аймақ басшысы «бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге жұмыспен қамтудың жол картасы көп ықпал еткенін атап өткім келеді. Бағдарлама бойынша біздің облысқа 105,6 млрд теңге бөлініп, 19,5 мың жұмыс орнын құрумен 898 жоба аяқталды. Ал, жалпы облыс бойынша барлығы 60,7 мың жұмыс орындары құрылды.Мемлекеттік бюджетке түсімдер 562 млрд теңге мөлшерінде қамтамасыз етілді, оның ішінде меншікті кірістер 25 процентке өсіп, 284 млрд теңгеге жетті» дейді.


Індетке байланысты қиын жағдайларға қарамастан, Алматы облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азаймаған. Оған мемлекет қолдауымен жүзеге асырылған салықтық ынталандырулар, несие төлемдерін кейінге шегеру, жалға алу құнын төмендету сияқты қабылданған шаралар ықпал еткен. Бүгінде өңірде 123 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын жалғастыруда.

Облыс басшысының сөзіне қарағанда, мұнда «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары арқылы көрсетілген қолдаулар өз тиімділігін көрсеткен, сол сияқты қоры 15 млрд теңгеге дейін көтерілген «Даму» қорының қаражаты да шағын және орта бизнеске көп септескен. Республика бойынша өсірілетін сояның басым бөлігі осы аймаққа тиесілі болғандықтан, соя өңдеу ісі жақсы жолға қойылып келеді.

Мәселен, өткен жылы үш нысан іске қосылған. Атап айтқанда, «Талдықорған» индустриалды аймағында орналасқан «Жетісу Мажико» және май зауыты, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жетісу Соя» зауыты. Биылғы жылы Іле ауданында қуаты 6 мың тонналық «Агритеч» зауыты іске қосылса, соя өңдеу деңгейі 25% жетеді деп күтілуде. Сол сияқты, облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы қант қызылшасының егіс алқабы 16,3 мың гектарға, қант өндіру 55 мың тоннаға дейін жеткізіледі.


Алматы облысының инвестициялық қоржынында 44 мың жұмыс орнын құрайтын жалпы құны 5,4 трлн теңге болатын 546 жоба бар. Бұл ретте 7,6 мың жұмыс орнын құратын, инвестициясының жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын трансұлттық компаниялардың тоғыз жобасының үлесі зор. Амандық Баталовтың айтуынша, трансұлттық «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» компанияларының жобалары бүгінгі күні іске асқан. Биыл жылына 60 мың тонна
қуаттылығы бар «Фид Миллс» құрама жем зауыты іске қосылады.

Наурыз айында 360 жұмыс орнын құратын, инвестиция көлемі 47 млрд теңге болатын, қуаты 1,2 млн тонналық «Алацем» өңірдегі тұңғыш цемент зауыты ашылады деп күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленуде. Жоба аясында еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өңделген өнім экспорты көлемін 2 есеге ұлғайту міндеті қойылған.

Бұл үшін ет, сүт, қант, дәнді, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістер өндіру бойынша ірі инвестициялық жобалар айналасында жеті экожүйе құрылатын болады. Құс етін экспорттау соңғы үш жылда 2 есе өскен. Өткен жылы іске қосылған Іле ауданындағы «НаурызАгро» жылына 32 млн дана инкубациялық жұмыртқа шығарса, Ұйғыр ауданындағы «OTAN GreenFood» құс фабрикасы жылына 30 мың тонна құс етін өндіреді. Етті бағыттағы «Прима құс» ЖШС қуаты 37 мың тонна болатын құс фабрикасының құрылысын бастады. 2025 жылға қарай Алматы облысында туристер санын 3,5 млн жеткізу жоспарлануда.

Облыста қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыруға да көп көңіл бөлінуде. Биылғы жылы 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде «Нұрлы жер» бойынша – 1,6 есеге арттыра отырып, 1390 пәтерлік 37 коммерциялық үй салу көзделген.


Алматы облысында 1,2 млн адам тұратын 156 елді мекенге көгілдір отын тартылған, яғни газдандыру деңгейі – 59%. 2018 жылдан бастап шағын қалалардағы көп қабатты үйлерді газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнату жолымен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесі шешілуде. Сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін Жұмыспен қамту жол картасымен өткен жылы 84 ауылда жалпы сомасы 17 млрд теңгеге 109 жоба іске асырылған. Сөз соңында Амандық Ғаббасұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жетісу өңірінің атақты тұлғалары Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын атап өтілетінін айтты.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий