Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Саунадағы сақшылар

«Заң – бәріне ортақ» дейміз. Бірақ тәртіпті күзететін полицейлердің өздері парықсыз боп тұрғанда басқадан не сұрайсыз?! Семей қаласында маска тақпаған қарапайым халықты шырылдатып айыппұлды қарша боратып жатқан сақшылардың өздері карантин талаптарын елемей саунаға барып демалыпты…

Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда көкейімізге қазақтың «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөзі қайта-қайта орала берді. Бұған дейін шаш ал десе бас алатын мониторингтік топтар жайлы бірнеше мәрте жазған едік. Осы жолы мақаламызға карантинге бағынғысы келмейтін полиция қызметкерлері арқау болып отыр.

Қазір заман басқа. Бұрындағы сияқты дәретін көмген мысықтай жасаған қателігіңнің бетін бүркей сала алмайсың. Әлеуметтік желінің арқасында бәрі ашық, тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Семейде саунаға барып демалған бір топ адамның арасында – құқық қорғау органының 3 қызметкері болған екен. Шен тағатын иығына орамал іліп, буы бұрқыраған моншада жанға жайлы демалыс ұйымдастырыпты… Карантин шектеулері қаперге де ілінбеген. Еркектердің бірі естелік үшін фотоға түсуге ұсыныс жасаған болуы керек. Молынан жайылған дастарханда отырғандардың екі көзі – камерада. Бірақ бұл фотосурет естелік емес, заңбұзушылықтың бұлтартпас айғағына айналды. Сол бір сәтте езу тартып отырғандар бүгін күлетін жағдайда емес.

Желіде желдей ескен сурет мұқым елдің зығырданын қайнатып, жағасын ұстатты. Әсіресе бұған дейін полицейлер «Заңды сақтамадыңыз» деп айыппұл арқалатқан азаматтар ашуға мінді.

«Карантин талаптары баршаға ортақ болуы керек. Заңның бұзылмауын қадағалайтын полиция қызметкерлерінің коронавирус жұқтырғандар тыйылмай тұрғанда саунаға барып демалғандары қай сасқаны?! Бұндай әрекетпен олар халықтың құқық қорғаушыларға деген сенімін жоғалтады», – деді қала тұрғыны Арқалық Құматаев (аты-жөні өзгертілген).

Көптің талқылауына түскен фотосурет ШҚО Полиция департаменті басшылығының да еріксіз назарын аударды. Семей қалалық ПБ орталық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Р.С. Сұңғатовтың және 2 учаскелік полиция инспекторының монша кешеніне бару фактісі бойынша департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізген. Соның нәтижесіне сәйкес Р.С. Сұңғатов жұмысынан қуылып, ал учаскелік полиция инспекторлары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Сондай-ақ өз міндеттерін адал атқармағаны және жеке құрамға бақылау жасамағаны үшін Семей қалалық ПБ орталық полиция бөлімінің бірқатар лауазымды тұлғалары жұмыстан шығарылды. Монша кешенінде болған полиция қызметкерлерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті материалдар жолданды», – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий