Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сала жұмысы азаматтар игілігіне сай жаңғыруда

Туралық, әділдік секілді кешегі билерден қалған аманатты арқалай отырып еліміздің сот билігі әлемдік стандарттарға ұмтылып келеді. Мәселен, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» ұлт жоспарында заңның үстемдігін қамтамасыз етуге айрықша назар аударылды. Аталған бағдарламаның 11 қадамы тікелей сотқа қатысты болса, соның ең бастысы – сот жүйесі сатыларын оңтайландыру болды. Яғни, сот саласын бес сатылы жүйеден үш сатылыға көшіру арқылы халықтың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мақсаты көзделді. Содан бергі бес жыл ішінде үш сатылы сот өзін-өзі ақтады деуге толық негіз бар.

Айта кетерлігі, бұл мәселені Елбасы судьялардың VI съезінде көтеріп, Қазақстандағы сот өндірісі негізсіз ұзақ және формальды сипатқа ие екенін, сондықтан, оның атқару тәртібі мен ережелерін біртіндеп жаңғырту қажеттігіне назар аудартқан болатын. Бұл тұрғыда тиісті конституциялық заңдар өзгертіліп, олар жаңа нормалармен толықты. 2015 жылы жаңа Азаматтық процестік кодекс қабылданып, онда сот сатыларын оңтайландырумен қатар, алқабилермен қаралатын қылмыстық істердің аясы кеңейтілді. Бұған қоса прокурордың азаматтық істерге қатысуы айтарлықтай шектелді. Сот әділдігін орнату үшін барлық сот мәжілісі залдары дыбыс-бейне тіркеу жүйесімен жабдықталып, өзге де заманауи технологиялар жетістіктері қарқынды пайдаланылуда.

Үш сатылы сот жүйесі тек бізде емес халықаралық тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген десек, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін барынша жедел әрі сапалы қарау қажеттілін уақыттың өзі талап етті. Бұл жүйеде біріншіден, барлық сот сатыларындағы істердің қаралу мерзімі қысқарып, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеу мүмкіндігі артты. Нақты айтқанда, азаматтардың сотқа жүгінудегі әуре-сарсаңы бес сатылы сотқа қарағанда анағұрлым азайды. Мысалы, бес сатылы сотта бір іске шамамен екі жылдай уақыт кетсе, қазіргі жүйеде ең ұзағы бір жыл ішінде нүкте қойылуда. Екіншіден, сот сатыларының кемуі апелляциялық сатының рөлі күшейді, соған орай, азаматтық істерде жеңілдетілген және бұйрық арқылы жүргізілетін істер осы сатыда шешімін табуда.

Қазіргі сот жүйесінің тағы бір тиімділігі аудандық соттың шешіміне риза болмағандар аппеляциялық сатыға шағымдана алады. Егер екінші сатылы сот істі қарап, тексеріп, талдау жасау барысында оның дұрыс қабылданбағанын анықтаса, іс кассациялық алқаға жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, сот сатыларын оңтайландыру, істің қаралу сапасына оң ықпал ететінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Еліміз сот жүйесін әлемдік деңейге көтеру үшін Астана қаласында Дубай тәжірибесі негізінде инвестициялық соттар құрылды. Мұндай батыл қадамдар әлемдік экономика талаптарына сай құқықтық кеңістік қалыптастыруға жол ашты.

Заңдардың араға уақыт салып, заман сұранысына сай өзгеріп отыруы заман талабы. Өткен жылы еліміздің Азаматтық процестік кодексі жаңартылды. АПК-да электронды сот төрелегін жетілдіруге, медиацияға, баса мән беріліп, судья құзыреті одан әрі кеңейтілді. Соттардың ақиқатты анықтау үшін қосымша мәліметтер сұратып, анықтамалар жинауға пәрмен беруі қоғам тарапынан оң бағаланып отыр. Сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға бағытталған.

Елбасы ұлттың жетілгендігінің XXI ғасырдағы аса маңызды өлшеміне – мінсіз және тиімді ұлттық сот жүйесін теңеді. Бұл тұрғыда: «Тәуелсіз және әділетті сот – кез келген мемлекет қызметінің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті, ең дамыған мемлекеттерінде қолайлы инвестициялық ахуал да, азаматтар әл-ауқатының жоғары деңгейінде, қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес» деді. Бес институционалдық реформада көрсетілгендей, бүгінде еліміз қарқынды дамып, қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде. Мұның бәрі өз кезегінде соттарға ең жоғарғы талаптарға сай болу тәртібін одан әрі қатайтып, қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

 

Қ.Садырова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий