Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҰЛЫТАУДАҒЫ ДАУ 10 ЖЫЛҒА СОЗЫЛДЫ

«Заң газетіне» Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Ұлытау ауылының тұрғыны, 3-топ мүгедектігі бар Айнұр Баймухановадан хат келді. Онда оқырман 1981 жылы салынған, өзі тұрып жатқан 2 қабатты үйдің көп бөлігі тұруға жарамсыз боп қалса да, әкімдіктің әлі күнге дейін оны апатты деп танымай отырғанын, мұны еш жерге дәлелдей алмай жүргенін айтады. Сондай-ақ 2012 жылы мамырда аудандық әкімдіктен тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізіміне тіркелгені туралы, ал 1 жылдан кейін өзін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне қоюдан бас тарту туралы хат алғанын жазады.

Содан бері аудан, облыс көлеміндегі құзырлы атқарушы билік органдарынан көмек сұрап, хабарласпаған жері қалмаған А.Баймуханова енді біздің басылымға ғана үміт артып отырғанын жеткізіпті. Шынында да А.Омаровтың қолы қойылып Ұлытау ауданы әкімінің ресми бланкісіне шығарылған 2012 жылғы 11 мамырдағы №Б-96 хатта «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67-бап 1-тармағына сай тұрғын үй алуға мұқтаж адамдардың тізіміне тіркелдіңіз. Мемлекеттік тұрғын үй қорында бос тұрған тұрғын үй болған жағдайда немесе ауданда салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, тиісті құжаттарын заңдастыру жұмыстары толығымен рәсімделгеннен кейін, ауданның тұрғын үй комиссиясы заң талабына сай шешім шығарады» деп жазылған. Ақ қағазға Ұлытау ауданы әкімі аппаратының мөрі басылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы ретінде М.Оспановтың қолы қойылған 2012 жылғы 23 шілдеде жолданған №Б-183 хатта «сіздің барлық құжаттарыңыз аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінде бар. Аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйлер пайдалануға беріле бастаған жағдайда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67-бабының 2-тармағы бойынша тұрғын үйлерге кезекке қою және мемлекеттік коммуналдық меншіктегі тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөніндегі комиссияның шешімімен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үйлер кезекке сай беріле бастайды» деп көрсетілген. Осымен бәрі оң шешілетін шығар деп жүргенде 2013 жылдың 2-шілдесінде «Меншігіңізде Ұлытау ауданы, Асанов селосы, Асатов көшесі 41-6 пәтердің бар екендігі анықталғандықтан, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 39 және 73-баптарының талаптарына сай тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне қоюдан бас тартылатынын хабарлаймыз. Себебі, меншігінде ҚР аумағында тұрғын үйі бар азаматтар кезекке қойылмайтындығы нақты көрсетілген. Осы берілген жауаппен келіспеген жағдайда «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңның 10,12 және 14 бабына сәйкес осы жауапты қосып жоғары тұрған мемлекеттік органға шағымдануға құқылы екендігіңізді түсіндіреді» деп аудан әкімдігінің ресми бланкісінде Х.Омаровтың қолы қойылған №Б-312 хат келеді.
Сонымен, алдымен тізімге тіркелгендігін, бір жылдан кейін тізімге қоюдан бас тартылатынын хабарлаған әкімдіктегі шенділердің ісін біз де түсіне алмадық. Ал 2017 жылдың 23 ақпанындағы №05-14/450 хатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы міндетін атқарушы Д.Хамзин: «Сіздің хатыңызда келтірілген мәліметтерге сәйкес сізді халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтар қатарына жатқызу мүмкіндігі бар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67-бабы 1-тармағы 2-тармақшасында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру немесе жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй, тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған азаматтарға халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан азаматтарының пайдалануына беріледі. … Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сіздің мәселеңізді мына жолдармен шешу мақсатында, яки:
1) Коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататындар ретінде тұрғын үй ұсыну;

2) егерде өзінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін;
3) жоғарыда аталған механизмдер бойынша қайтарымды қаржылар есебінен Сіздің үйіңізді күрделі жөндеуден өткізу үшін Сізге облыстық әкімдікке қайтадан өтініш беруіңіз керек» дегені де мәселеге тоқтау болмай тұр.
Біз бұл мәселеден хабарыңыз бар ма деп сұрағанымызда қазіргі Ұлытау ауданы әкімінің міндетін атқарып жүрген Бағдат Байжантаев: сіздерге шағымданып жүрген А.Баймуханова үйдің төбесінен су ағады, ремонт жасап бермедіңдер дейді. Шамалы көмектескенбіз. Бірақ ол кісі маған басқа үй беріңдер дейді. 12 пәтерлі бұл үй апатты жағдайда емес. Онда бұл кісіден басқа да тұрғындар тұрып жатыр. Үйге толық тексеру жасаған кезде де апатты емес деп бағаланған. Ал ол кісі болса онда менің пәтерімді апатты деп беріңдер дейді. Заңға салғанда атында үй тұрған адамға үй бере алмаймыз, – дегенді айтты. Бет қатталып жатқанда хабарласқан А.Баймуханова бұл үйде 3 отбасы ғана тұрып жатқанын жеткізді. Әкімдік апатты деп танымаған үйдің суретін де жолдапты. Әкімнің жауабына қарап, мына үйді көзбен көрмеген-ау деп топшыладық. Біз бұл мәселені алдағы уақытта да өз бақылауымызда ұстаймыз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий