Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда әкімдердің арнайы орынбасарларының міндеті қайта қаралады

Әкімдердің арнайы орынбасарларының инвестиция тарту жөніндегі функционалдық міндеттері бұлыңғыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тілеуберді үкімет отырысында 2019 жылы инвесторлармен нақты жұмыс жүргізуі үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің инвестицияға жауапты арнайы орынбасарлары лауазымы енгізілгенін еске түсірді.

“Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті, алайда жылдар өте келе әкімдердің арнайы орынбасарларының функционалды міндеттерді бұлыңғыр бола бастады, себебі оларға өздері маманданбаған жұмыстар жүктелді. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ғана әкімдердің арнайы орынбасарлары тек инвестиция мәселелерімен айналысады. Ал басқа облыстарда оларға өзге де міндеттер жүктелген, бұл инвестицияларға зейін қоюға мүмкіндік бермейді. Сондықтан өңір әкімдері орынбасарларының функционалдық міндеттерін қайта қарап, жұмыстарын бастапқыдай инвестиция тартуға бағыттау қажет деп санаймын”, – деп мәлімдеді вице-премьер және СІМ басшысы.

Ол Қазақстанда жыл қорытындысы бойынша инвестштабта қаралатын өңірлердің инвестициялық рейтингі әзірленетінін атап өтті.

“Мұхтар Бескенұлының ұсынысын қолдаймын. Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңір әкімдеріне және квазимемлекеттік сектор басшыларына инвестициялар тартуға жауапты орынбасарларының назарын осы маңызды функцияға көбірек аударуды тапсырамын”, – деп жауап берді премьер-министр Асқар Мамин.

Комментарий