Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

«ПАРАҚОР БИГЕ ІСІҢ ТҮСПЕСІН…»

ТАРИХ БЕТТЕРІН ПАРАҚТАСАҚ, ПАРСЫ ЕЛІНДЕ ӘДІЛДІГІНЕ ЕШБІР БАСШЫ БАҚТАЛАСА АЛМАЙТЫН КАМБИС ДЕГЕН ПАТША БОЛЫПТЫ. ӨЗ ЗАМАНЫНДА ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАРМАҒАН СОТТЫҢ ТЕРІСІН ТІРІДЕЙ СЫПЫРЫП АЛУҒА ЖАРЛЫҚ БЕРГЕН. СОЛ ТЕРІМЕН КЕЛЕСІ СОТ ОТЫРАТЫН ОРЫНДЫҚТЫ ҚАПТАҒАН. ҚАТІГЕЗДЕУ, Ә?! ХОШ, АЛ БҮГІНГІ ТАҢДА ҚЫТАЙДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІН ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ТҮРМЕГЕ СЕРУЕНГЕ ЖІБЕРІП ТҰРАДЫ. ЕРТЕҢГІ КҮНІ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН АБАҚТЫҒА ТҮССЕ, ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН КӨРСЕТІП, СЕЗІНУ ҮШІН. ТІПТІ, ЖЕМҚОР БОЛЫП СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ БІРІМЕН СҰХБАТ ТА ЖҮРГІЗДІ. АЛ БІЗДІҢ ЕЛДЕГІ ЖЕМҚОРЛАРҒА ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН ЖАЗА ҚАНДАЙ?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлық – қоғамның, халықтың дамуын тежейтін кесел екенін ескерте отырып, 2020 жылдың 19 желтоқсан күні «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Ауыр және өте ауыр дәрежедегі жемқорлыққа барды деп сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға мемлекеттік қызметшілер, депуттар мен соттарға қатысты жаңа коррупциялық шектеулер қосылды. Енді аталған мамандардың шетелдік банктерде шот ашып, ақша мен басқа да құнды заттар сақтауына тыйым салынады. «Парақор биге ісің түспесін, сараң үйге кісің түспесін», – деген ХІІ ғасырда дүниеге келген Майқы бидің бұл сөзі осы ғасырда да маңызын жоймаса айыпты кім? Жемқорлық бүгінгі күні барлық салада мен мұндалап тұр. Бірақ, Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7 пайызы мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. 2019 жылды 2020 жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылғандардың саны 11 пайызға артқан, яғни 820-дан 912-ге артқан. (Дерек ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсынан алынды)
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет қандай шаралар қолданып жүр және соңғы өзгерту туралы мамандар не дейді?

Олжас АБАЙҰЛЫ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары: «Пара беруші мен арадағы делдалдарға да жаза күшейді»

Жаңа енгізілген заңға сәйкес ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаған тұлғаларға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл – қылмысты әлеуметтік осал  азаматтар санатына жататын тұлғалар жасағанда және сотталғандар ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған жағдайда қолданылмайды. Заңда:
1. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды;
2. Парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталған сыбайлас жемқорлар үшін қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару мекемелерінде бірден жазасын өтеу мүмкіндігі алынып тасталды;
3. Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды;
4. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларына сыбайлас жемқорлық үшін жаза қатаңдатылды;
5. Пара берушілер мен делдалдардың парақорлықтағы жауапкершілігі күшейтілді. Заң ҚР Қылмыстық кодексінің 361, 364, 365, 366, 369 және 370 баптарына сәйкес бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін оларға санкциялар мен құқықтық салдарларды айтарлықтай күшейтті. Пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Барлық заңнамалық нормаларды қабылдау – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:
«Заң ғылымдары бүгін абыройдан жұрдай» Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекс 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдан бастап күшіне енді.
Осы және Қылмыстық процестік кодекстің жобасы шыққан сәттен бастап, біраз мамандар оның ішінде өзіміз де бармыз, бұл кодекстерді сол күйінде қабылдауға болмайтынын, оларды қайта қарастырып, жекелеген бөлімдерін тұтастай өзгерту туралы дабыл қаққанбыз. Оны ешкім құлағына ілген жоқ, заң актілерінің авторы Бас Прокуратура, Парламент бар, ешбір орган ешқандай реакция танытпады. Артынан осы кодекстер шығар-шықпастан дүркін-дүркін өзгерістерге ұшырады. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске осы кезге дейін 54 мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мәжбүр болды. Яғни 5 жылды 54 айға бөлетін болсақ, кодексіміз әр ай, ай жарым сайын өзгертіліп отырған екен. Енді сол өзгертулер мен толықтырулардан кодекс сапасы жақсарып жатыр деп ойласаңыз, онда қатты қателесесіз. Көп уақыт өтер-өтпестен, сол өзгертулер мен толықтырулардың өзін өзгертулер мен толықтырулар күтіп тұр. Қарапайым мысал, Қылмыстық кодекске соңғы 19.12.2020 жылы енгізілген 54-ші толықтыру сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы бағытталған, оның ішінде негізгісі – жемқорлықпен сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу. Енді осы енгізілген заңның ақылға қонымдылығы, жалпы заң ғылымына сәйкестігіне тоқталайық. Жалпы, заң ғылымы бұл күндері абыройдан жұрдай, ешкім оны керек те қылмайды, қай орган қандай өзгеріс енгізгісі келеді, оп-оңай енгізе салады, кейін қателесіппіз деп, қайтадан күшін бұза салады. Оның түп нәтижесі – құқықтық нигилизмге апарып соғатынын ешкім қаперіне де алмайды. Енді негізгі тақырыпқа көшетін болсақ, әуелі мынаны түсініп алуымыз керек. Бас бостандығынан айырудың басты мақсаты – адамға қауіп төндіретін қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулау. Қауіп төндіреді деп кісі өлтірген, қарақшылық жасаған, әйел зорлаған, яғни күш қолданумен, зорлық-зомбылықпен ұштасқан қылмыстарды айтатынымыз белгілі. Ол адамдар бостандықта қалса сол қылмыстарын қайталауы мүмкін, яғни адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіруі, дүние-мүлкіне қайта көз алартуы әбден мүмкін. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарда белгілі бір дәрежеде қоғамға зиянды, әрине, бірақ жоғарыда көрсетілген белгілермен тікелей қауіп төнбейді. Оның үстіне барлық жағдайда шенеунік қызметінен қуылатынын ескерсек, қылмыстың қайталануы орын алмайды. Енді ең қызығы. Жаңа өзгеріс бойынша, сол кісі өлтірген, қарақшылық жасаған, әйел зорлаған қылмыскерлер, тіпті белгілі бір жағдайда, террористер де мерзімінен бұрын босап шыға алады да, сыбайлас жемқорлықпен сотталғандар шыға алмайды екен. Осы жерде логика қайда? Сыбайлас жемқор дегенде, бәріміздің көз алдымызға тек жүндібілек министр, әкім, басқарма басшылары келері анық, алайда бұлардың қатарына сапасыз құрылыс-жөндеу жұмыстарын бармақ-басты көз қыстымен қабылдап алатындар, парамен жұмысқа алатын мектеп директорлары, анықтаманы заңсыз берді деп істі болатын ауылдық округ әкімінің маманы сияқты мыңдаған мемқызметшілер кіретінін ескере бермейміз. Құқық қорғау органдарында, прокуратурада көрсеткіш деген пәле бар екенін, яғни қай облыс қанша жемқорлық қылмысын ашудан өзара «жарыс» өтетінін, қоғам шуламауы үшін арасында бір-екі ірі шенеунікті ұстаған болып, негізгі көрсеткіш еліміздегі мыңдаған жас маман, мемқызметшілер «есебінен» жасалатынын, олардың дені өзіміздің қаракөз бауырларымыз екенін дәлелдеп жатқым келмейді, бәрі дерлік тәжірибеде күнделікті көріп, кездесіп жүрген жағдайлар. Жемқорды тек түрме түзейді деген қазіргі ұран – ол еш ғылымдық, тәжірибелік негізі жоқ пафос қана. Ешбір шенеунік, жалпы, кез келген қылмыскер қылмысқа баратын кезде өзін ұсталып қаламын-ау, сотталамын-ау деп ойламайды. Егер ол ұсталатынын анық білсе, онда ондай тірлікке сөзсіз бармаған болар еді. Ал, жағдайы жақсы шенеунік, түрмеде де өз «жағдайын» жасап алады, кім айтты сізге түрмеде жемқорлық жоқ деп? Есесіне, ол өзінің жылдар бойы арам жолмен жинаған бүкіл дүние-мүлкін сақтап қалады, ол дүниесінің қызығын түрмеде жатып өзі де, туысының арқасында заңсыз байып алған туғандары да көре береді. Сондықтан, жемқорды түрмемен емес, дүниемен жазаламай нәтиже болмайды. Ол үшін тек оның жеке басына емес, тума-туыс, ағайындарының атына тіркеген дүние-мүлкін де тәркілеу шарт.
Гүлжанат СЕМБАЕВА

Комментарий