Жаңалықтар | Новости

Өнерден қол үзіп қалдым. Маған қазаны қабылдау ауыр болды – Гаухар Әлімбекова

Әнші Гаухар Әлімбекова ұзақ уақыт бойы сахнадан көрінбей кетті. Мұның өзіндік себебі бар.  Басқа түскен ауыртпалықтардан соң әнші ес жия алмай қалғанын айтты.

Бұл туралы “Алматы” арнасы хабарлайды.

Гаухар Әлімбекова мүлде сахнаға шығуды қойды. Екі жыл бұрын халықты алдап, ақша жымқырды деп айыпталған еді. Одан кейін туған ағасынан айырылып, күйзеліске түскен.

“Менің алты ағам бар. Соның ең үлкені қайтыс болды. Ол менің өнердегі, өмірдегі ағам еді. Асылхан ағам өнерді жақсы түсінетін. Менің әндерімнің кем-кетігін айтып отырушы еді. Бір әнім шықса, ағама тыңдататын едім. Ол менің арқасүйерім еді. Одан айырылу оңайға соқпады. Күйзеліске түстім. Сахнаға шыға алмадым. Өнерден қол үзіп қалдым. Маған қазаны қабылдау ауыр болды. Бұл жайттарды енді ғана ұмытып, өз-өзіме келе бастадым”, – деді Әлімбекова.

 

Желі қолданушылары әншіні қолдап, қазаға қайырлы болсын десіп жатыр.

“Қаза қайырлы болсын, арты жақсы болсын”, “Ағаңыздың жаны жәннатта болсын, тағдырға көнесіз де”, “Алла бәрін реттеуші, Алланың жазғаны болады”, “Иманды болсын, иманы жолдас болсын”, “Шаңырағыңызда тек той болсын”, “Денсаулығыңызды ойлаңыз, күйзелістен арылыңыз”, “Сізді сахнадан көргіміз келеді, әндеріңізді сағындық”, – деп жазды олар.

Комментарий