Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Митингіге қатысушыларға шетелден нұсқау беріліп отырды – ІІМ

Сайлау күні ішкі істер органдарының 20 мыңға жуық қызметкері елдегі тәртіпті қамтамасыз еткен. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің наразылық акциялары кезінде сабырлылық танытып, арнайы құрылғылар пайдаланбағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингілер “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым – Sputnik) қозғалысының бастамасымен ұйымдастырылды. Ал осы ұйымның жетекшілері азаматтарға шетелден нұсқау беріп отырды.

“Ұйымның белсенділері жаппай үгіт-насихат жүргізді. Әрине, ондай жұмыстар халыққа әсер етпей қоймайды. Соның нәтижесінде адамдар заңсыз митингке шықты. Ал жеке құрам барынша ұстамды болып, араңдатушылық әрекеттерге бой берген жоқ”, – деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, митингтер кезінде арнайы-құрал жабдықтар пайдаланылған жоқ.

“Әрине, біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіздік. “Қазақстанның демократиялық таңдауының” чаттарын да қарап отырдық. Шетелден түскен нұсқауларға да талдау жасадық. Сондықтан олардың 10-ы күні де көшеге шығатынын білдік. Чаттарда отырған белсенділер сан алуан арандату жолдарын ұсынды. Олар ірі көшелердің қозғалысын жабуға, тіпті, құқық қорғаушыларға қатысты күш қолдануға үндеді”, – деп атап көрсетті Қожаев.

Ол сайлау күні ішкі істер органдарының 20 мыңға жуық қызметкері елдегі тәртіпті қамтамасыз еткенін атап өтті.

Комментарий